ҚР Ұлттық Банкі ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытудың жаңа нәтижелерін таныстырып, Банкаралық мобильді төлем жүйесінің ресми түрде іске қосылатынын хабарлады. Осы жүйенің арқасында елдегі қолма-қол ақшасыз есеп айырысу процесі одан әрі жеңілдей түспек.

Фото: nationalbankkz
Осылайша, 19 шілдеден бастап банк клиенттері сатып алушы мен сатушының қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, тек телефон нөмірі арқылы қаражатты лезде аударып, бірыңғай QR-код көмегімен тауарлар мен қызметтерге ақы төлей алады. Барлық аударымдар мен төлемдер нақты уақыт режимінде өңделіп, тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Жобаның іске қосылуы кәсіпкерлер үшін де үлкен қолайлылық тудырмақ. Себебі бизнес иелері енді кассаларына бірнеше қосымша жабдық орнатпастан, тек осы бірыңғай QR-код арқылы әртүрлі банк клиенттерінен қолма-қол ақшасыз төлемдерді еш кедергісіз қабылдай береді.