БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орал қалалық көпбейінді ауруханасының инсульт орталығында болып, Cerebra AI жасанды интеллект платформасының жұмысымен танысты.

Заманауи жүйенің көмегімен бас миының компьютерлі томография түсірілімін 5 минут ішінде талдап, инсульт белгілерін ерте анықтауға болады. Бұған дейін мұндай талдауға 40 минутқа дейін уақыт кететін. Қалалық көпбейінді ауруханаға күн сайын инсульт күдігімен 5-6 науқас түсетінін ескерсек, жаңа технология «алтын уақытты» тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Мамандардың мәлімдеуінше, жүйе ишемиялық инсульттің бастапқы кезеңінде көзге бірден байқала бермейтін өзгерістерді де анықтай алады. Бұл диагноз қою уақытын қысқартып, емдеу тәсілін жедел таңдауға ықпал етеді. Технология – дәрігердің орнын басу үшін емес, оның жұмысын жеңілдету, қателіктерді азайту және уақытты үнемдеу үшін жасалған цифрлы көмекші құрал.
Орал қалалық көпбейінді аурухананың директоры Арман Мурзахметовтің айтуынша, CEREBRA жүйесі жұмыс барысындағы қателіктерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
– Науқас келгенде алдымен компьютерлі томография жасалады. Оны радиолог дәрігер қарап талдайды. Жасанды интеллект осы үдерісті жылдамдатады. Ишемиялық инсульттің бастапқы кезеңін бірден анықтау оңай емес. Ал алтын уақыт деп аталатын алғашқы сағаттарда өзгерістер өте әлсіз көрінуі мүмкін. Осы сәтте CEREBRA жүйесі дәрігерге қосымша көмек көрсетеді, – дейді бас дәрігер Арман Захыпарұлы.
Жыл басынан бері инсульт орталығына ишемиялық инсультпен 1 238 науқас түскен. Олардың 100-ден астамына тромболитикалық терапия жүргізілді. Мамандардың айтуынша, өкінішке қарай, инсульт жағдайлары жыл сайын артып келеді. Оның нақты себебін бір ғана фактормен байланыстыру қиын. Дегенмен халық санының өсуі, дене қимылының аздығы және дұрыс тамақтанбау сияқты факторлардың әсері бар. Сонымен қатар артық салмақ жүрек-қан тамырлары ауруларының, соның ішінде ишемиялық аурулардың даму қаупін арттырады.

Жаңа жүйенің жұмысымен танысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев денсаулық сақтау саласын цифрландырудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ тиісті сараптамалар жүргізуді, инсульттің алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, соңғы үш жылда өңірде 13 млрд теңгеге 1 200-ден астам медициналық құрал-жабдық сатып алынған.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі