11.07.2023, 9:15
Оқылды: 2985

Енді кімге телефон соғамыз?..

Жалған-ай! Мақсот аға да бақиға көшті...Соңғы жылдары сырқаттаныңқырап жүргенін білетінбіз. Кездескенде сездірмеуге тырысатын. Жүдеп бара жатқанын көріп тұрсақ та, көңіліне алып қалар деп, біз де сұрамайтынбыз. Көшеде алда-жалда кездесіп қалсақ, анадайдан «О-о-інім, халің қалай?» деп өзінің айнымас әдеті – жұмсақ, мейірімді жымиысымен бауырына тарта амандасатын. Сосын асықпайтын қалпымен жағдай сұрасады. Редакторымыздан бастап, газеттегі іні-қарындастарын атын атап, түсін түстеп сұрайды. Олардың сәтті шыққан мақалаларын мақтауды ұмытпайды. Біздің де бөркімізді қазандай  қылып қоятын.

телефон

Облыстық аумақтық инспекцияда жұмыс істеп жүрген жылдарында Мақсот ағамызға кез келген уақытта, салдыр-күлдір жетіп баратынбыз. Материал жазып отырып, әсіресе, асыл тұқымды малға байланысты мақала дайындап жатқан кезде қиналсақ, болмаса, мәліметтер мен ақпарлар қажет болып қалса, тәуліктің кез келген сәтінде телефондататынбыз. Ағамыз әлдебіреулер құсап «Шырақ, осы сен, сағатқа қарадың ба?..» немесе «Ертең кеңсеге келерсің...» деп телефонды жауып тастамайтын. Асықпай, баппен тәптіштеп түсіндіретін. «Тағы сұрақтар туындап жатса, қысылма, звонда» дейтін. Айтып, айтпай не керек, әйтеуір, мал тұқымын асылдандыруға байланысты мақала жаза қалсақ, арқамызды тірейтініміз Балқыбаев Мақсот ағамыз еді-ау!.. Біздің кез келген уақытта мазалауға бейім тұратын себебіміз, ағамыздың алды кең еді. Сені еркелете, төбесіне көтере сөйлесетін. Сосын да шығар, өз ағамыздай көріп, еркінситініміз... Енді кімге еркінсіп, телефон  соғамыз?!.

Сонау бір жылдары қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырына байланысты мәселе туындап, мәселе емес, тіпті оны әрі қарай асылдандыру жұмысын жалғастыра берудің басына қара бұлт үйірілді. Сол кезде Мақсот ағамыз республикада өтетін осы мәселеге байланысты жиынға қатысуға ширығып, дайындалып жүрді. Одан бұрынырақ «Газетке мақала жарияласақ» деп ұсыныс айтты. Содан уәделескен уақытта редакцияда, менің бөлмеме жиналдық. Феодор Скобычкин, Петр (Көкеш ағамыз) Насипов, Мағауия Зинуллин және Мақсот ағай. Бірнеше сағат бойы армансыз шешіле сөйлеп еді ағаларымыз. Мен диктофонды да қосып, былайша қолмен де жазып ала бердім. Арада екі жыл аунағанда сол ағалардан «Маусымжанды» шалқыта салатын «сары шал» Феодор ақсақал, сосын Мағауия ағамыз келместің кемесіне отырып, кете барды... Енді, міне, Мақсот ағамыз  да  бақи  көшті.

Күні кеше Петр Александрович – Көкеш ағамыз 90 жасқа толғанда, осы жолдардың ауторына мақала жазуға тура келді. Ол «Орал өңірі» газетінің (№147, 13.12.2022 ж.) санында «Ақ Жайық өңірі зоотехниясының патриархы Петр Александрович 90 жасқа толады» деп айқарма бет болып жарияланды. Сол мақаланы дайындау барысында  Мәкең тамаша естелік айтып берді. Сырқаттанып жүргеніне қарамастан Лавр Хайретдинов ұйымдастырып, Көкеш ағамызды шақырып, ұлықтаған жиынға да келді. Сөйледі. «Бәріміздің ұстазымыз» деп Көкеш ағасын төбесіне көтере сөйлеп, мақтап, «Осы отырған бәрімізге Петр Александровичтің жасын берсін»  деп еді... Алайда  аты жүйрік ажал Мақсот ағамызды 74 жасында қуып жетті...

Мақсот Кенжеұлы Балқыбаев – 74 жыл ғұмырының 47 жылын мал шаруашылығына алғаусыз арнаған жан. 1972 жылы институтты тәмамдаған бойда өзінің туған ауылы Шағатайға, Чапаев асыл тұқымды мал зауытына жолданып, зоотехник болып еңбек жолын бастайды. Ферма меңгерушісі, бас зоотехник болып, осы шаруашылықта 27 жыл тер төкті. Жәй төккен жоқ, ақбастың тұқымын әрі қарай селекциялық асылдандыру жұмыстарымен үзбей айналысты. Соның нәтижесінде қазақтың ақбас тұқымы оның ішінде асыл тұқымды ірі қара малының бес зауыттық аталық іздерінің және екі зауыттық түрдің (Батыс Қазақстан аумақтық түрінің және Шағатай зауыттық тоқал түрінің) ауторы атанды. Әдістемелік нұсқаулық жазды. Өзі бастап және белсенді қатысып, республикада тұңғыш рет  «Бақылау стансасының» типтік үлгідегі жобасын дайындады. Ол 2015 жылы  Ақжайық ауданындағы «Сәбит» ШҚ-да салынып, жұмысқа кірісті. Бүгінде ол еліміздің басқа да шаруашылықтарына таратылуда. Зейнет жасына шыққасын да өзінің сүйікті мамандығынан қол үзген жоқ. Ғұмырының соңына дейін қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі қызметін адал атқарды. Мақтанып отырушы еді: «Союздың кезінде бұл түліктің қазақтың ақбас тұқымы деп аталуының өзі, сол түлікті өсіруге қазақтың өлшеусіз үлес қосқанының бір дәлелі, соны мойындау» деп. «Менің ойымша, қазақтың ақбас тұқымы бүгінде қайтадан өрлеуін бастады, мен оның болашағына сенемін» деп келешегінен зор үміт күтетін. Ол сөзін «Қазір облысымызда асыл тұқымды ақбас сиырды әрі қарай асылдандырумен айналысып жатқан 186 шаруашылық бар» деп ресми санмен шегелеп қоятын. «Асыл тұқымды малдың көп болғаны жақсы! Алайда шаруашылықтардың статусы, дәрежесі болуы керек, сапасын ескеруіміз қажет!»  деуді  де  ұмытпайтын.

***

Әлі есімде, жаз айының бас кездері еді. Ол кезде Мәкең Шаған жақтағы үйінен аутобоспен келеді де, Карев аялдамасынан түсіп, әрі қарай, жұмыс орнына жаяу аяңдайды. Екеуміз сол жерден жиі кездесіп қалып жүрдік. Бір күні аялдамадан түскен ағамыз сол жерде гүл сатып  отырған әжейлерден бір бума сирен гүлін сатып алып жатыр. Осы көрініс келесі кездескенімде де қайталанды. «Жұмыстағы қарындастарым қатты қуанады» дейді ағамыз өзінің жұмсақ жымиысына салып (сол кезде ағамызбен бірге қызметтес болған қарындастары мұны ұмытпаған шығар?!).

Біздің редакциямызда да қыз-келіншектер баршылық еді. «Апырмай, біз де неге осылай істемейміз, бір бумасын апарып, редакцияның дәлізіне неге аңқытып қоймаймыз?» деп іштей ойланып қалғаным есімде. Мәкең «Шағатай ауылында да баяғыда осындай сирен гүлдеп, көшесі жұпар аңқып тұратын» деп және қосып қойды. Бәлки, ол кіндік қаны тамған жері, маман болып, 27 жыл ғұмыры өткен Шағатайына деген басылмайтын сағынышы шығар ағайдың. Енді, міне, ағамыздың соңғы тілегі бойынша жер бесік сол Шағатайдың Құтсиығынан  бұйырды...

Сәбила жеңгеміз бен ұл-қыздарына орны толмас қазаға ортақтаса отырып, қайғының соңы тезірек қуанышқа ұласқай дейміз.

Қамқа тонға жаға болғандай ағамыз еді, Мәкең... Алла алдынан жарылқасын...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале