26.08.2021, 11:37
Оқылды: 523

Энергетика етек-жеңін қашан жинайды?

«Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ өндірістік техник қызметінің бастығы Тілек Харин жетекшілік еткен комиссия Қаратөбе ауданына барып, аудандағы электр желілерінің жағдайына қанық болды. Комиссия мүшелері алдымен аудан орталығындағы 110/35/10 кВ «Қаратөбе» қосалқы стансасына табан тіреді. Жұмыс тобында БАҚ өкілдері де болды.

111

«Қаратөбе» аудандық электр торабының ғимараты жадау күйде екен. Электр торабының аға шебері Нұрболат Есенгелді жұмыс тобын қарсы алып, жер үй іспеттес «контор» бөлмелерін көрсетті. Қоймаға арналған бөлмеде ескі электр құрал-жабдық орналасқан.

Нұрболат Есенгелді қазіргі уақытта алты электржөндеуші және екі жүргізуші орны бос тұрғанын айтты.

Аудан бойынша жұмыс күші әуелден қат. Оған себеп – қысы-жазы электр желісінің ақауын түзейтін мамандардың еңбекақысының төмен болуы. Отыз жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар аға шебердің өзі айына 51 мың теңге еңбекақы алып отыр.

1

1972 жылы пайдалануға берілген «Қаратөбе» қосалқы стансасына 2016 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Күрделі жөндеу деген аты ғана – станса салынғалы бері бірде-бір бөлшегі жаңартылмаған. Стансадан қарсы алған Құбанияз Егінғалиев кезекшілік қызметін атқарып тұр екен. Оның кеңсесінде кеңестік кезеңнен қалған мұра сол күйі тұр. Қосалқы стансадан тарайтын электр желілерінің сызбасы бөлменің қабырғасына 1980 жылдары салынған. Бұдан электр торабының заман талабы – цифрландыру игілігінен құр қалғаны көрініп тұр. Кезекшілік қызметін ауысыммен бірнеше адам атқарады. Олар «Коммутатор» деп аталатын ескі жабдықпен орталықтағы диспетчерлермен хабарласады екен.

CECBE0E5-AF0D-4B6E-A313-24056ED03D7B

Аға шебер Нұрболат Есенгелдінің сөзінше, стансадағы таратушы пунктке жөндеу жүргізу керек. Арнайы аппарат орналасқан темір контейнер ішіне жазда жаңбыр, қыста қар кіріп, жұмысшыларға елеулі қиындық тудырады. «Қосалқы стансада 1995 жылдан бері табан аудармастан қызмет етіп келемін. Үш балам бар. Айына 70 мың теңгеге жуық жалақы аламын. Зайыбым үйде жұмыссыз отыр», - деді Құбанияз Еркінғалиев.

«Қаратөбе» қосалқы стансасы 1336 абонентке және 175 заңды тұлғаға электр қуатын жеткізеді. Стансаға қарасты 42 ЖТҚ (трансформатор) бар.

Аудан орталығына аялдаған жұмыс тобы одан әрмен Аққозы ауылдық округіндегі Қоржын ауылына жол тартты.

Сапар кезінде «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ өндірістік техник қызметінің бастығы Тілек Харин жол бойындағы электр бағаналарды көрсетті.

D95CCB4E-103F-4E08-A916-5F04E108FAE3

Далада тізілген ағаш бағаналар тоқ сымдарын көтеруді қиынсынып тұрғандай. Уақыт сынына әзер төтеп беріп тұрған бағаналардың өзегі мүжіліп, қуыс сырнайға айналған. Тіпті бетон бағаналар да үгітіліп, адам қабырғасы секілді темір шыбықтары ырсиып тұр. Ұшар басында тоқ өткізетін жабдығын есептемегеннің өзінде компания бір темірбетон бағананы сатып алуға 225 мың теңге жұмсайды екен.

Ауыл жанындағы 35/10 кВ «Қоржын» бекеті де мүсәпір күйін кешіп тұр. Штаттық бірлік бойынша үш адам қызмет етуге тиісті болғанымен, қазіргі кезде бір ғана шебер қызмет етуде. Станса қасындағы кеңсе де, атына заты сай, сықпыты қожырайған қоржын там ғана. Ауылда отызға тарта үй бар. Одан бөлек тоғыз қыстаққа жекелей электр желісі тартылған. Жалпы алғанда, 181 абонент және 23 заңды тұлға тоқ көзі ретінде «Қоржынға» қарап отыр. «Қазіргі уақытта бір электр жөндеуші ауырып жатыр. Электр желісінде ақау болған жағдайда өзімнің баруыма тура келеді. Бізге қызметтік көлік берілген жоқ. Сондықтан велосипед немесе мотоциклмен қатынаймын. Шалғайға жол тартсам, ауыл әкімдігінен немесе шаруа қожалықтарынан көлік сұраймын», - деді ауылдың электр шебері Қыдырбай Бердіғалиев.

6F9E72EC-5511-41FA-8568-49D97371E6E8

Қаратөбе ауданында «Қоржын», «Қарақамыс», «Ақтай», «Егіндікөл», «Қоскөл» және «КССР-ға 40 жыл» атты қосалқы стансалар орналасқан. Әуе желісінің ұзындығы – 1005 км. Оның ішінде 35 кВ-тық әуе желісі – 171,7,  10 кВ желі – 610,83, 0,4 кВ желі – 222,86 км. Қаратөбеде 16 086 бағана болса, соның 772-сі тұтас темірбетоннан құйылған. Әуе желісінің 80 пайызы тозған. Аудан бойынша 22 елді мекен, 338 шаруа қожалығы, 56 мал қыстағы бар. «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ өндірістік техник қызметінің бастығы Тілек Харин аудандар бойынша мамандардың жетіспеуі, техниканың болмауы күз бен қыс кезінде тап келетін қолайсыз кезеңге дайындық сапасына кері әсерін тигізетінін айтты.

– Қаратөбе ауданының аумағында 1960-65 жылдары салынған 35 киловольттық әуе желілерінің жағдайын көрдік. Бағаналардың әбден тозғаны көрініп тұр. Облыс бойынша электр желілерінің тозығы 82 пайыз. Тұтынушыларға электр қуатын жеткізетін 180 мың бағананы ауыстыру қажет. Электр желілері мен қосалқы стансаларды жөндеуге, бағаналарды жаңалауға 60 миллиард теңге қажет. Ол үшін ең болмаса, жылына 4-5 миллиард теңге қаржы бөлу жолын қарастырып жатырмыз. Бұл жөнінде Үкімет аппараты және облыс әкімдігі хабардар. Қазіргі инвестициялық бағдарлама нәтижесінде жылма-жыл электр желілері мен жабдықтарының 2 пайызын ғана жөндеуге күшіміз жетеді. Облыста электр желісінің ұзындығы – 20 мың шақырым, қосалқы стансалар саны – 152, - деді Тілек Харин.

6

Оның айтуынша, энергетика саласындағы осындай ахуалға байланысты компания электр қуатын тасымалдауға арналған тариф құнын қымбаттатуды сұрауға мәжбүр болып отыр. Қаратөбедегі қиындық – барлық ауданға тән нәрсе. Облыс бойынша елді мекендердің шалғай орналасуы қосалқы стансаларға айтарлықтай ауыртпалық түсіріп отыр. Мыңдаған шақырым бойы электр желісін қуалап келген кернеу ауылдағы тұтынушыға жеткенше едәуір бөлігін жоғалтады. Тіпті қыстақтарға жекелей қойылған трансформаторлардың үздіксіз жұмыс істеуі – қып-қызыл шығын. Сондықтан нарық заңына сәйкес «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ басшылығы облыс орталығындағы учаскелерді жөндеуге басым көңіл бөлуде. Нарық заңына сәйкес қала жұртшылығы мен орталықтағы ірі кәсіпорындар – компания үшін басты табыс көзі.

Тілек Молдашұлы бұл мәселеге Үкімет түбегейлі назар аударуы тиіс деп есептейді. Қолданыстағы тариф құнын көтеру – компания шығынын жабу үшін үміт саңылауы ғана.

«Энергетика саласындағы қордаланған мәселені шешу мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Мәселен, облыс бойынша электр желісін жөндеуге миллиардтаған теңгені бөлуге республикалық бюджеттің ғана қауқары жетеді. Қазіргі уақытта инженерлік-инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға, су құбырын тартуға, жол салуға арналған жекелей бағдарламалар бар. Энергетикадағы түйткілді тап осы жолмен шешу керек», - дейді ол.

Осы сапар барысында көріп-түйгеніміз, Қаратөбедегі ахуал – жалпы басқа аудандардағы жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Облыс бойынша электр желісі әбден тозған. Электр қуатының шығынын жабу үшін Батыс Қазақстан ЭЖТК жалпы жылдық табысының 40 пайызын жаратуда.

Санамалап айтсақ, тасымалданатын электр қуатының жылдық көлемі – 960,3 миллион кВт/сағат. 172,6 млн кВт/сағ – нормативтік техникалық шығын. Ал ЭЖТК-ның жылдық табысы – 5 миллиард теңге. Оның 2 миллиарды нормативтік техникалық шығынды сатып алуға жұмсалуда.

Сарапшылар электр қуатының есебін білу үшін автоматтандырылған жүйені іске қосу керек деп есептейді.

Сонымен қатар аудандардағы электр тораптарында кадр тұрақтылығын сақтауға, олардың еңбекақысын көтеруге, жұмысшыларға арналған әлеуметтік пакетті іске қосуға, жас мамандарды тәрбиелеуге басымдық беру керек. Облыс әкімдігі жаңа мүлік иесі ретінде 870 миллион теңге бөлді. Оның 702 миллионы арнайы техника сатып алуға, 168 миллионы әуе желісі мен темірбетон бағаналарды ауыстыруға жұмсалады.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале