22.04.2026, 16:30
Оқылды: 13

Энергетика саласындағы серпінді жобалар

Облыста Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында, Үкімет бекіткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ірі инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.  Жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, коммуналдық жүйелердің сапасын күшейтуге және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Енді қандай жұмыстар атқарылатынына кеңірек тоқталсақ. 

9

10 млрд теңгелік үш жоба

Былтырдан бастап «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС тапсырысымен электрмен жабдықтау бойынша жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба басталды. Аталған жобалар ауқымында облыстың бірқатар ауданы мен Орал қаласында электр желілерін қайта құру және жаңадан салу көзделген.

Ең алдымен, Жәнібек, Тасқала және Жаңақала аудандарындағы 35 кВ әуе желілерін қайта құру және жаңадан тарту жұмысы қолға алынады. Одан бөлек Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарындағы 10/0,4 кВ әуе желілері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды жаңғырту жоспарда бар. Сондай-ақ Орал қаласындағы 0,4 кВ электр желілерін қайта құру қарастырылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев жобалар жөнінде баяндады.

– Облыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңір аумағында электр желілерін жаңартуға басымдық берілуде. Жобалар облыстың бірнеше ауданын және Орал қаласын қамтып, елді мекендерді электр тоғымен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталады, – деді Қанат Аманкелдіұлы.

7-e1723703262986

Атап айтқанда, Жәнібек ауданында Жақсыбай – Талов ауылдары аралығындағы 35 кВ әуе желісін 10 кВ желіге ауыстыру көзделген. Бұл – өз кезегінде электр энергиясын тарату тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Ал Тасқала ауданында Ақтау – Атамекен бағытындағы 35 кВ әуе желісі қайта жаңғыртылып, техникалық сапасы жақсартылады.

26428557_340_0_1709_1369_1920x0_80_0_0_169c8e926bb42624c84c1af91976ec54

Жаңақала ауданында Жаңақала – Мәстексай бағытында жаңа 35 кВ электр желісі жүргізілсе, Пятимар – Жаңаталап бағытындағы қолданыстағы желі қайта жаңартылуда. Бұл шалғай елді мекендердің электрмен қамтылуын тұрақтандыруға ықпал етеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында Ақсай қаласы мен Аралтал – Пугачев ауылдары аралығында 10/0,4 кВ электр желілері жаңғыртылуда. Шыңғырлау ауданында Тасмола, Ағатан, Қотантал, Лебедка, Үлгілі, Жаңакүш, Сегізсай, Алмаз, Ақбұлақ, Аққұдық ауылдарында электр желілері толық жаңартылып жатыр. Ал Қаратөбе ауданында Қаратөбе, Егіндікөл, Сулыкөл, Жусандыой, Саралжын, Соналы, Шөптікөл, Ақтай, Қоскөл, Аққозы ауылдарында 10/0,4 кВ желілер модернизациялануда. Бұл жұмыстар ауылдық аумақтардың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, желілердің тозу деңгейін төмендетуге  бағытталған.

– Орал қаласы мен облыс орталығына іргелес жатқан ауылдарда да ауқымды жаңғырту жұмысы қолға алынған. Атап айтқанда, Деркөл, Зашаған, Круглоозерный, Серебряков, Подстепный, Мичурин елді мекендерінде, сондай-ақ қалаішілік аудандар мен Бортау ауданында 0,4 кВ электр желілерін қайта құру жұмысы жүргізілуде, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, құрылыс жұмыстары тұтынушыларды электрмен жабдықтау режімін бұзбай, қолданыстағы желілерді ажыратпай іске асырылады. Электр қуатын шектеу тек жаңа желілерді пайдалануға беру немесе жабдықтарды ауыстыру сәтінде ғана орын алуы мүмкін. Мұндай техникалық үзілістердің ұзақтығы бір сағаттан аспайды және тұрғындарға алдын ала хабарланады.

Осылайша, өңірдегі жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылады.

Жылу магистральдары жаңғыртылуда 

Орал қаласында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кешенді түрде жалғасып келеді. Соның ішінде жылу жүйесін жетілдіру бағытындағы жобалар айрықша маңызға ие. Аталған жұмыстарды «Жайықжылуқуат» АҚ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асыруда.

Қазіргі таңда, 4,3 млрд теңгеге №6 және №7 жылу магистральдарын, сондай-ақ «Құрылысшы» шағынауданындағы ішкі жылу желілерін жаңғырту жобалары қолға алынған. Бұл – қаладағы жылумен қамту жүйесінің тозуын төмендетіп, оның тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Алайда ауқымды жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты биыл 16 сәуір мен 1 қыркүйек аралығында қаладағы бірқатар тұрғын үйлерде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Шектеу Ақтөбе, Алматы, Артығалиев, Гагарин, Демократическая, Жамбыл, Жүнісов, Жданов, Меңдешев, Попович, Ружейников, Сейтек, Сыбаға, Урдинская, Шалқар және Шыңғырлау көшелеріндегі нақты мекенжайларды қамтиды.

Сала мамандарының айтуынша, бұл уақытша қолайсыздық болғанымен, алдағы жылыту маусымында жүйенің сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қажетті шара. Соның  нәтижесінде апаттық жағдайдың алдын алу және қызмет сапасын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар қалада сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жобаларды «Батыс су арнасы» ЖШС іске асыруда.

Жоспарланған жұмыстар қатарында 5,8 млрд теңгеге КСС-1, КСС-29, ҚСС-20 нысандарын қайта жаңғырту, сондай-ақ бес жаңа су алу ұңғымасын бұрғылау бар. Бұдан бөлек қаланың Солтүстік-Шығыс бөлігін ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, диаметрі 1000 мм су құбырын V көтергіш сорғы стансасынан қайта жаңғырту және жерасты сулары кен орнының су жинағыш құрылыстарын модернизациялау жұмысы жүргізілуде.

Маңыздысы аталған жобалар толық қаржыландырылған және құрылыс барысында қала тұрғындары үшін су мен кәріз жүйелері ажыратылмайды. Бұл өз кезегінде халыққа қолайсыздық туғызбай, жоспарлы жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, өңірде іске асырылып жатқан бұл бастамалар облыстың инженерлік инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартуға бағытталған. Электр, жылу және су жүйелерін жаңғырту тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, болашақта коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін берік негіз қалыптастырады.

 

Түгелбай  Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале