27.10.2022, 9:16
Оқылды: 43

Ер есімі ескерілсе...

Қай заманда да өз саласын алға сүйреген мықты мамандар болады. Солардың бірі  – жаппай сауатсыздықты жою жолында еселі еңбек еткен Ұлы Отан соғысының  ардагері, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген мұғалімі Қаби Рамазанов еді. Осы орайда белгілі педагогтің өмір жолын кейінгі жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттауды өзімнің азаматтық парызым деп санадым.

IMG-20221027-WA0010

Қаби Рамазанов 1900 жылы Жаңақала ауданының Үштаған өңірінде  дүниеге  келген. 1920 жылға дейін Астрахан балық кәсіпшілігінде қарапайым жұмысшы  болып еңбек етті. Арабша сауаты  бар ол 1920 жылы Жаңақазан ауылында қысқа  мерзімді мұғалімдер даярлайтын курста оқып, Жаңақала, Фурманов, Чапаев аудандарындағы бастауыш мектептерде мұғалімдік қызмет атқарған. Одан кейін Орал педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен  әдебиет  пәнінің  мұғалімі мамандығын алып  шығады. Ол Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылындағы С. Киров атындағы  орта  мектепте  мұғалімдік қызмет  атқарып  жүріп, көп  ұзамай аудан  басшыларының шешімімен сол мектепке директор болып тағайындалады. Ауыл мектебінің жұмысын аз ғана уақыт  ішінде  жандандырып үлгерген жігерлі  жас  арада  біраз уақыт  өткен соң, Орал  қалалық үлгілі №4 орта  мектепке  ауыстырылады. Аталған мектепте 1941 жылдың желтоқсан айына дейін мұғалімдік қызметте  болған Қаби Рамазанұлы Жымпиты орта мектебінің (қазіргі Қ. Мырза Әли атындағы  орта  мектеп) директоры қызметіне тағайындалады. 1942 жылдың  тамызында әскер қатарына  шақырылып, алғаш рет Волхов майданының 364-атқыштар дивизиясының 1214-полкінде рота саяси жетекшісі болып ұрыстарға қатысады. 1943 жылдың  қаңтар  айында Ленинград, Волхов майдан әскерінің «Искра» атты шабуылдық әрекеті  кезінде блиндажға  түскен  снарядтан жарақат алып, госпитальға  түседі.

1944 жылдың  тамыз  айында әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен әскери қызметтен біржолата босатылып, елге оралады. Майданнан аға  лейтенант шенінде оралған  Қаби Рамазан­ұлы Ұлы  Отан соғысы орденімен және  бірнеше  жауынгерлік медальмен марапатталады.

Қаби Рамазанұлының өмірі  қызық деректерге толы. 1936 жылы А. Пушкин атындағы пединститут ректоры И. Лукьянцтың  шешімімен  оқу  озаты  болып, қоғамдық жұмысқа  белсенді  араласып  жүрген 20 қазақ  студенті Мәскеу  қаласына  саяхат  сапарға  жіберіледі. Олардың  ішіндегі жасы  үлкені Қаби ата, ең кішісі академик, математика  ғылымдарының  докторы Асан Тайманов  болған. Олар  бір  апта  бойы Мәскеу қаласын тамашалап, халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін аралап, көп қабатты ғимараттар мен (Сталиндік  высоткалар) метроны көріп  тамашалайды. Қаби атаның бұл сапары 1937 жылы Жаңақазанда мектеп директоры болып  жүргенде Мәскеуге  екінші рет  баруына себеп  болған. Оқиға былай  өрбіген: аудандық атқару комитетінің төрағасы Е. Тоқсанов оны  шақырып алып: «Қаби, сені Мәскеуге іссапарға жібергелі  отырмыз. Орыс  тілін жақсы  білесің әрі Мәскеуде бұрын  болған көрінесің. Біз балалар үйі мен интернаттың материалдық жағдайының нашарлығын айтып, РСФСР ағарту ісінің халық комиссариатынан көмек  сұрап, өтініш хат дайындап  отырмыз. Сен  сол  хатты  тиісті  жерге  жеткізіп, шаруаны оңды  шешіп кел» деп тапсырма  береді. Арада  біраз уақыт өткен соң Қаби аға өзіне  берілген тапсырма­ны мұқият орындағанын айтып, Е.Тоқсановқа телеграмма  жібереді. Апарған аудан қаражаты­ның үстіне комиссариат қорының есебінен қосымша көмек алған ол тапсырма бойынша «Трехгорная мануфактура» бірлестігінен тай-тай мата, қоймалардан жіп, ілгектер, инелер, аяқ киімдер мен кереуеттер алып, елге қайтады. Тапсырманы  бұлжытпай  орындаған Қаби Рамазанұлына аудандық атқару комитетінің төрағасы Е.Тоқсанов риза  болады.

Сонау Мәскеуден әкелінген заттар Жаңақазанға жеткізілісімен, жаңадан ашылған аудандық тұрмыстық қамту артелінің қызметкерлері балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілеріне киім-кешек, төсек-орын тігуге кірісіп кетеді. Кереуеттер балалар үйіне таратылады. Сондай-ақ ол 1940 жылы 26 тамызда Алматы қаласында ҚазПИ-дің залында өткен жаңа қазақ әліпбиіне кириллица негізінде көшуге арналған ғылыми конференцияға қатысқан. Сол сапарында Қаби атамыз Қостанай облысынан келген елімізге танымал көрнекті педагог, жазушы Спандияр Көбеевпен кездесіп, сұхбаттасып, пікір  алысады..

Ол майданнан елге аман-есен оралған соң 1946 жылдың наурыз айына дейін Жымпиты аудандық партия комитетінің үгітнасихат бөлімінің  меңгерушісі болып  қызмет атқарады. Наурыз айында Жымпиты орта мектебіне директор болып тағайындалады. Өзіне жүктелген жаңа  міндетті аса  жоғары жауапкершілікпен атқарған азамат Жымпиты  орта мектебін облыстағы алдыңғы  қатарлы мектептердің  санатына дейін көтереді. Жас  ұрпаққа сапалы  білім, саналы  тәлім-тәрбие беру жұмысындағы жетістіктері  үшін Қаби  Рамазанұлы  «Қазақ ССР-інің еңбек  сіңірген мұғалімі» атағына  ие  болып, «Құрмет белгісі» орденімен  марапатталады. 1961 жылға дейін жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады.

Қаби Рамазанов Жымпиты орта мектебінде директор қызметін атқарғанда мыңдаған түлекке өз қолынан аттестат тапсырып, үлкен өмірге аттандырды. Солардың бірі – атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің Қаби ағаның қолынан алған аттестаты қаламыздағы  мәдени орталықта  сақтаулы  тұр.

Ағамыз белгілі ғалым Қажым Жұмалиевпен де достық қарым-қатынаста болған көрінеді. 1957 жылы ғалым Қажым Жұмалиев, ақын Тайыр Жароков шығармашылық сапармен Батыс Қазақ­стан облысына келіп, еңбекшілермен кездесулер өткізеді.

Жымпиты ауылында болған кездесуден кейін ол кісілерді Қаби ата өз үйіне шақырып, сыйлы қонақ қылады. Бұл ұстаз інісінің шәкірт ағасымен ұзақ уақыттан кейінгі сағынышпен кездесуі болды. Еңбек, соғыс ардагері Қадыр Гайсин, өлкетанушы-тарихшы, БҚУ профессоры Жайсаң Ақбай, Жымпиты ауданындағы білім беру әкімшілік органдарында жұмыс жасаған Марат  Кадыров, Жымпиты орта мектебінде 1970-1980 жылдары мектеп директоры болған Ким Ни Федянин ағаларымыз, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға-оқытушысы Меруерт Жолдықайырова апамыз  – Қаби ағамыздың шәкірттері. Ол – педагогика саласына зор еңбек сіңірген, есімі ескерілуге тиісті азаматтардың бірі. Сырым ауданы  орталығында жаңадан ашылып жатқан гимназияға Қаби Рамазанұлының есімі берілсе, ардагерлерді ұлықтау ісінің бір үлгісі болар еді.

Нәсіпқали Өтегенов,

зейнеткер-ұстаз,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале