15.04.2021, 21:30
Оқылды: 491

Ерлігі ел есінде

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 76 жыл толады. Кескілескен шайқастардың тарихы жыл санап алыстағанымен, майдан даласында батырлардың көрсеткен ерліктері мен қаһармандығы ешқашан ұмыт қалмақ емес.

ерлиги ел есинде11

Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, майданға аттанған, сұм соғыс аяқталған соң, елге оралып, еселі еңбек еткен жандардың есімдерін ұлықтау кейінгі ұрпақтың парызы болмақ. Бүгінгі кейіпкеріміз – Ұлы Отан соғысының ардагері, бар саналы ғұмырын өңірдің өркендеуіне арнаған Ташай Ербасов. Егер ардагер ағамыз арамызда болса, осы сәуір айында 100 жасқа толар еді.

Ташай Ербасов 1921 жылы 18 сәуірде Сырым ауданының Сарыой елді мекенінде дүниеге келген. Алғашында Бұлдыртыдағы бастауыш білім ұясында оқып, кейін Жымпиты орта мектебінде білім алады.

Мектеп бітірген соң, Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын 1940 жылы Сырым ауданының Қособа ауылындағы Аманкелді жетіжылдық мектебінде физика және математика пәндерінен сабақ беріп бастаған.

Ұстаздық жолды енді бастаған шағында сұм соғыс килігіп, 1942  жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылды. Ол кезде жоғары білімі бар адамдар жоқтың қасы еді. Мұғалімдер дайындайтын институтта білім алған жас жігітті Орал облыстық әскери комиссариаты Оңтүстік Орал әскери округінің саяси жетекшілер дайындайтын училищесіне жібереді. Бұл жерден ол саяси жетекші атанып, кіші лейтенант әскери шенін алып шығады.

1942 жылдың жазында 85 офицерді Калинин майданына генерал-полковник Иван Коневтің қарауына жіберу туралы бұйрық беріледі. Осы офицерлердің қатарында Ташай Ербасов та болды. Неміс тілін білетін кейіпкеріміз №186 атқыштар дивизиясы, 290 полктің барлаушылар ротасына саяси  жетекшілікке жіберіледі.

Барлау ісі үлкен жауапкершілікті, ерік-жігерді, шапшаңдықты талап ететіні белгілі. Бұл қызметке іріктеуден өткен, ең таңдаулы сарбаздар мен офицерлер ғана жіберілетіні де анық. Ташай Ербасов  өмірінің осы кезеңі жайлы өзінің естелігінде жаудың 37 «тілін» әкелгендігін жазған. Майдангер сондай-ақ Волхов, Калинин майданында Яблонко, Молодой Тудь елді мекенін азат ету кезінде автоматшылар ротасының командирі болып шайқасқа қатысқан. Немістің үлкен тірек пункті – Ржев қаласын алу кезінде иығын снаряд жұлып әкетіп, ауыр жарақаттанған. Ұрыс даласында ес-түссіз жатқан жерінен Ташай Ермұханбетұлын санитарлар тауып алады. Ол кезде өлген солдаттардың арасынан тірі жанды табу үшін айнаны мұрнына жақындатып тексеріп жүреді екен. Іздеушілер айнаның буланғанын көріп, соның арқасында аман қалған. Осылайша 1942 жылдың қыркүйегінде

Котельнич қаласындағы №3851 офицерлік эвакуациялық госпиталіне түседі. Ол жерде бір жылға жуық емделіп, 1943 жылдың жазында ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды.

Майданнан келген соң, Сырым ауданы Жетікөл орта мектебіне жұмысқа орналасып, кейін  Интернационал бастауыш мектебіне меңгеруші болып тағайындалады. Бірер жылдан соң Ақырап жетіжылдық мектебіне директордың орынбасары қызметіне жіберіледі. Кейін осы мектепте директор, мұғалім болып 10 жыл қызмет етті. Сондай-ақ колхоздағы бастауыш партия ұйымының хатшысы болған.

1948 жылы Шәмшібану Рүстемқызымен отбасын құрып, шаңырақта сегіз ұл-қыз тәрбиелеген.

1954 жылы елде тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталып, ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру жүріп жатқан кезде Ташай ағамыз облыстық білім басқармасының ұсынысымен Жамбыл ауылына кітапхана және клуб меңгерушісі қызметіне жіберілген. Кейіпкеріміздің бастамасымен аталған ауылдан мектеп салынған.

Ташай Ербасов Жамбыл ауылында клуб меңгерушісі болып 21 жыл жұмыс істеп, 1977 жылы зейнетке шықты. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ауылдастарына барынша көмек қолын созып жүрді. 1978 жылдан бастап Жымпиты аудандық қамсыздандыру бөлімінің штаттан тыс инспекторы болып қызмет етті. Сонымен қатар Ташай ағамыз 1940 жылдан бастап Жымпиты аудандық «Қызыл Ту» газетінің, ал 1946 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Осылайша аудан-ауылдағы ел тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтар, маңызды оқиғалар жайлы жарты ғасырға жуық уақыт бойы облыс халқын хабардар етіп отырған.

Ташай Ербасов өнегелі өмір жолында көптеген марапатқа да ие болды. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», 1985 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Соғыс кезінде алған орден-медальдарынан өзге еңбек жолында 1947 жылы Жоғарғы Кеңесі Президиумы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін», «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, 1972 жылы «КСРО құрылғанына 50 жыл» медалімен наградталды.

Т.Ербасов 1991 жылы 8 маусымында өмірден өтіп, Сырым ауданы Жамбыл ауылында жерленді.

Қан майданнан аман оралып, елінің ертеңі үшін елеулі еңбек еткен ардагердің есімі артында қалған ұрпағы мен ауылдастарының есінде әркез  сақталмақ.

 

Нұр Асыл

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале