26.04.2022, 9:45
Оқылды: 171

Ерлік пен еңбектен өрілген өмір

очерк

«Неменеге жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнекей, жағада тұр».

Қайран Мұқаңның – Мұқағалидың (Мақатаев) осы бір төрт жол өлеңінің өзінде қаншама сыр мен мұң жатыр десеңізші?! Рас, мынау жарық дүниеге келіп-кету – әркімнің пешенесіне жазылған өмір қағидасы. Жұмыр жердің үстінде жұдырықтай жүрегі тоқтамайтын пенде жоқ. Осындайда кеше ғана арамыздан кеткен алыптар шоғырының соңғы тұяғы Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақалдың мына бір айтқаны еріксіз ойға оралады: «Өлуін жұрттың бәрі өледі ғой. Бірақ бірдеңені бітіріп барып, өлгенге не жетсін?!».

DSC_6165

Иә, солай! Қазақтың қабырғалы қаламгерінің дуалы аузынан шыққан бұл сөзді кім теріс дей алар екен?! Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналып отырған ардақты азамат Мұхтар Әжіғұлов та шағын ауылдың қара домалағынан қайыспас қара нарға айналған бірегей тұлға. 1922 жылдың 1 мамырында жарық дүние есігін ашқан жері де осал емес, тұңғыштар отаны саналған қасиетті Орда өңірі. Қыр баласын бесігінде тербеп, бауырын жаздырған аяулы ата-анасы Әжіғұл мен Маржан – Азғыр аймағындағы Батырбек ауылдық кеңесіне қарасты Алғабас колхозының тумалары.

*   *   *

Азғыр!!! Бұл менің көз тұзы бойымызды ширатып, көктасы табанымызды жаныған, қырқабелі ойымызды шыңдаған атакүлдігім ғой!

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының белортасында басталған түрлі бұрғылау жұмыстары, бертіндегі алапат жарылыстар сол аядай ауылымызды ажал апанына айналдыратынын ол кезде біз қайдан білейік... Мұның бәрі сөз қақында қозғалып жатыр, негізгі айтпағымыз - Азғырдағы білім ұясы. Ол 1935 жылы ашылып, таяу маңдағы бастауышты бітіргендер одан әрі оқуын осында жалғастырған. Әрине, жағдайы барлары. Атамыздың тасқа басып қалдырған естелігінен ұққанымыз, алғашында барлық пәннен жалғыз ұстаз (Шолпан Жұмашева) сабақ берсе, келер жылы аталмыш мектеп орта мектепке айналдырылыпты. Директор орынтағына Хаби Сисенғалиев отырса, ұстаздар қатары Мұстафа Шурин, Ибрайым Өмірәлиев, Рахмет Сұлтанғалиев, Сатыбалды Дауымов және ағайынды Насыр, Нәби Өтешевтермен толыққан. Олардың бәрі де бала Мұхтардың бойындағы талант ұшқынын ерте аңғарып, қолдау-көмегін аямаған. Сондай-ақ естігенге ертегідей көрінер, бірақ, ешқандай қоспасы жоқ мына бір «қызықты» да ұмыт қалдырмаған жөн. Зейінді шәкірт сабақ кезінде есепшілік қызмет те атқарып, парта мен столда қатар отырған кездер болыпты. Нар жүгін тайлақ көтерген заман-ай!

Үміт ілгері жетелейді. Тоғызыншы сыныпты Мақтау қағазымен бітірген тұста жасөспірімнің ойы кілт өзгереді. Бұған себеп: облыстық газет бетінде жарияланған хабарландыру көрінеді. Онда  А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың математика бөлімі 9-сынып бітіргендерді екіжылдық курсқа қабылдайтындығы тайға таңба басқандай жазылыпты. Мұны естіген бозбала жанұядағы жадау тірлікке қарамастан, тәуекелге бел буып, оқуын Орал қаласында жалғастырмақ оймен алыс жолға шығады. Өзінің тірлігімен діттеген жеріне жетіп, ақбоз арманының жалына қолы тие бере сүрінеді. Оның өзі бір қалың тарих. Осынау жасанды кедергінің ақ-қарасына жетіп, шыңғыртып шындықтың бетін ашуға ашқұрсақ жүрген ұлдың қауқары қайдан болсын! Осылай да осылай деп, маңдай тіреп баратын төрде отырған көкесі тағы жоқ. Бір кем дүние!

*   *   *

Талай тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, қайсар ұл алған бетінен қайтпайды. Әрі жаратқан ие жолыңды оңғарайын десе, қай нәрсенің де қиюы келісе кететіні бар. Ордасына қайтып келісімен, тоғыз сыныптық біліммен аудандық халық сотына хатшы болады. Сірә, бұла күші бойын кернеген талапты жастың талантына шүбәсіз сенгендік шығар?! Осы тұста бала Мұхтар қызмет бабында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Темір Масинмен жүздесіп, болашақ батырдың үйінен дәм татады. Кейін оның көмегі арқасында Ордадағы М.Горький атындағы орта мектептің оныншы сыныбына екі ай кешігіп оқуға қабылданады. Алғырлығы мен өжеттігі арқасында әп дегеннен білімдарлығымен дараланып, тарихқа өшпес таңбасын қалдырған 1941-де мектепті қызыл аттестатпен (қазіргі «Алтын белгі») аяқтайды. «Қызылы» бар болсын, мұндай үлгідегі аттестат білім бөлімінен табылмай, ұзақ күтуге тура келеді. Ақыры, қалаған жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдану мүмкіндігінен айырылып тынады. Оқу бөліміндегілер енді оны өздеріне есепшілік қызметке қабылдап, артынан Азғырына аттандырады. Көзтаныс қара шаңырағында 5-7 сыныптарға математика мен физикадан дәріс береді.

Тірлік тіні үзілмей, әупірімдеп жалғасып жатады. Тек бейбіт күннің тыныштығын бұзған қанды қырғын лаңы шалғай елді мекендерге де жетіп, күн санап қаралы шаңырақтар көбейе түседі. 1942 жылдың маусымында аудандық комиссариат өкілі А.Тәжетдинов ордалық 350 жігітті (ішінде кейіпкеріміз де бар) Сайқын теміржол бекетінен Сталинград қаласына шығарып салады. Күші басым жаудың қаһарына мініп, жолындағыны жайпап келе жатқан шағытын. Атүсті дайындықпен соғысқа кірген біздің бозбалалар қынадай қырылып, көрер жарығы бар ауыр жаралылары госпитальға түседі. Сол қатардан табылған жауынгер Мұхтар жарақатынан айыққаннан кейін Калинин және 2-Прибалтика бағытындағы шайқастарға қатысып, 6-гвардиялық дивизия құрамында байланысшы болады. Қарша бораған оқ астында жүріп, күндіз-түні жауынгерлік тапсырмаларды тиянақты орындайды. Өмір мен өлімнің арбасқан сәттерін талай рет өз көзімен көреді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, тәнін оқ тескенімен, Жаратқан ие жанын сақтап қалады. Жеңіс күнін Каунас қаласында қарсы алады. Тұқыртып айтқандағымыз, әйтпесе, полковник шеніндегі азаматтың майдан жорықтары әзір таусылар әңгіме емес. Сардардың кеудесіне тағылған І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Сталинградты қорғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. медальдар ер ерлігінің куәсіндей.

*   *   *

Толғауы тоқсан тіршілік-ай десейші! Жадап-жүдеген жұрт, азып-тозған ауыл, қайғы жұтқан жесір мен жетім... Жеңіс жалауын желбіретіп оралған майдангерлердің алдынан шыққан көрініс еді  бұл. Бас көтерер ер-азаматтың бәрі соғысқа алынып, тізгін әйел-баланың қолына тигесін, шаруа қайтіп оңалсын-ау?! Мұны жан-жүректерімен ұғынған олар туған жер топырағына табандары тиісімен, еңбекке білек сыбана кірісіп кетеді. Әрі дәуірден  дәрмен, Алладан араша сұрайтын уақыт емес еді. Мұхтар Әжіғұлұлы болса аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен Ноғайбай жетіжылдық мектебіне жол тартады. Осында оқу ісінің меңгерушісі болып, білім мен тәрбие ісіне өзіндік үлесін қосады. Сәл де болса ел еңсесін тіктеген кезде, яғни 1947 жылы жалынды жас Астрахань педагогикалық институтының  физика-математика факультетіне сырттай оқуға түседі. Кешікпей қазақ даласындағы қара шаңырақ – Орда орта мектебіне оқу ісінің меңгерушілігіне тағайындалады. Жаңа орта оның қабілет-қарымын, білім-білігін ұштап, қанатын кеңге жаюға жол ашады. О бас­тан тамырында тектіліктің дәні бүр жарған ізденімпаз жігітке диплом алысымен, тағы бір ауыр міндет жүктеледі. Нақтырақ айтсақ, аудандық оқу бөліміне басшылыққа тағайындалады. Ол мұны анада өзіне дұрыс бағыт сілтеген Темірдей ардақты ағасының һәм Кеңес Одағы Батырының бастаған ісін лайықты жалғастыруға берген тағдыр сыйы деп ұғынады. Айқын мақсат-міндетпен үлкен қызметке кірісіп те кетеді. Әттең, киелі де қасиетті өлкенің басына 1952 жылдың қасіреті келмегенде  дейсің... Қазақтың Қайрат ақынының аяулы анасы Жаңылғаным Өкенқызының:

«Бұл Орда – бөкейліктің бас қаласы,

Басқарған бес жүз мың жан астанасы.

Ел аман, жұрт тынышта жер аударып,

Зарлады-ау, құм Нарынның жас баласы» деп өксігін өлеңімен өрілген кез еді бұл. Дәл осы мезгілде Тәңірден сұрап алған жалғызы Қайрат Жұмағалиев Азғыр мектебінің 8-ші сыныбын бітіріп жатса керек.

Алласы қалаған адамның адымы тарылып, жолы жабылып көрген бе?! Бұдан әрі
М.Әжіғұлов жиырма бір жылдай ғұмырын облысымыздың Қаратөбе мен Жымпиты (Сырым) аудандарында өткізіп, партия, кеңес құрылымдарында түрлі басшылық қызмет атқарады. Әсіресе Жымпитыда   аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы болған кезде іскерлік қабілеті жарқырай көрінеді. Сол жылдары «Правда» кеңшарының егістік алқабында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен тілдесіп, тарихи тұлғаның ризашылығын алуы - біраз жайды аңғартса керек.  1973 жылы қызмет бабымен Орал қаласына қоныс аударып, бірқатар облыстық басқармада өз қол­таңбасын қалдырғаны және бар. Жарты ғасырдан астам ел қамы үшін қан мен тер төккен майдангердің елеулі еңбегі  ескерусіз қалған жоқ. Жауынгерлік марапаттардың қатарына Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдар қосылды. Қазақ КСРО Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасын да иеленді. Өзге де сый-сияпаттар жетерлік. Бертінде Бөкей ордасы мен Сырым аудандарының құрметті азаматы атанды.

 *   *   *

Әжіғұл атаның тұлпар текті тұяғы еңсерген өрнекті өмір өткелдері осындай. Алпыстан асып, жетпістің жетегіне ергендердің бірқатары ерте шау тартып, шатқаяқтап қалатыны жасырын емес.

Біздің  қарт – «Кемер белбеу – бел сәні, Кемел жігіт – ел сәні» екенін тоқсанында да дәлелдеп, сергектігіне селкеу түсірмеген адам. Жалпы деймін-ау, бұрынғының көнекөздері бірін-бірі толықтырып, өзінен өзгені құдірет санаған ба дерсің?! Міне, оған мысал. Бірде сөз сүлейі, арқалы ақын Әбділда Тәжібаев туған ауылына барып, есік алдында отырса, шұбырған халықты көреді. Бәрі асығыс, анадайдан бас шұлғып өте береді. «Әй, бұларың қайда бара жатыр?» деп сұраса, колхоздың клубында Шәмші Қалдаяқовтың ән кеші болғалы жатыр екен. Сонда жер ортасы жастан асқан қайран Әбекең: «Шіркін-ай, мен неге Шәмші боп тумадым?» деп толғаныпты. Сол айтқандай, Мұхтар Әжіғұловтың биік беделіне де кезінде қызыға, қызғана қарағандар болған. Басқасы басқа, 88 жасында Ақорданың төрінде тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан кеудесіне «Құрмет» орденін тағып оралуы неге тұрады?! Өз кезегінде жас толқынға патриоттық тәрбие беру ісіндегі белсенділігі үшін қазақтың қас Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы медальға да қол жеткізіп кетті. Сонымен бірге «ХХ ғасыр солдаттары» («Солдаты ХХ-века») мен Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған «Отан соғысына қатысқандар» атты кітаптарға есімі енді. Ілеуде біреудің маңдайына бұйыратын Орал қаласының және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атақтары да бұ кісіні адаспай тапты. Мұның бәрі әлгінде айтқан 60-70-ің былай тұрсын, сексеннің сеңгірінде сый-құрметке бөленіп, торқалы тоқсанның ортасында төрдің сәні болу – өз тағдыр-талайыңа байланысты екенінің бір көрінісі емес пе?!

Әлқисса, төңірегіне берер тәлімі мол көшелі жандардың өмірбаяны да қызықты кітап сияқты бас алдырмай, тұңғиығына тартып әкетеді-ау! 60 жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен Мұхтар ата мен жан-жары Қойсын анамыздың өзара сыйластығы көпке үлгі болса, ұрпақ тәрбиесіне де айрықша мән берген. Ерекше мейірбандық пен қонақжайлылық та осы шаңырақтан табылатын. Ес білгеннен есепқисапқа жүйріктігінен шығар, шахмат пен преферанста ешкімге есе жібермепті. Бұл жайында үзеңгілес жүрген інілері әлі күнге  майын тамыза әңгімелейді. О кісінің «Ерте қартаймау үшін ер-азамат жақсы жар таба білу керек» деген қастерлі сөзі де құлақ түбінде жаңғырып тұр. Әрі сондай шынайы сүйіспеншіліктің қызыл шоғынан жаралған ұлқыздары қалай мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

Олар бір құрсақтан сегіз болғанымен, бесеуі тірлік көшіне еріпті.

Тұңғыштары Қуандық қазақы қағидамен ата-әжесінің қолында өссе, Орыншаны әкесі өзге қыздарының «капитаны» санаған. Осы күнге дейін сіңлілері алдын кеспей, ақыл-кеңесіне ұйып отырады. «Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, одан кейінгі Қашура апай облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасарына дейінгі жолдан өтсе, экономика ғылымдарының кандидаты Хафиза екі министрлікте орынбасар, Премьер-министрдің кеңесшісі сияқты билік баспалдақтарына көтерілді.

Кенже қызы Гүлнара Президент аппаратында. Бір өкініштісі, 20 жылдай О.Исаев атындағы колхоз басқармасының төрағасы болған Қуандық аға қазір арамызда жоқ. Батырбектен тамыр тартқан мәуелі бәйтеректен тараған жеті немере мен сегіз шөберінің алды АҚШ-та (Нью-Йорк), Латвия елінде (Рига) және НұрСұлтан мен Орал қалаларында мамандықтары бойынша қызмет атқарып, тұрмыс кешіп жатыр.

*   *   *

Халқы қадір тұтқан осындай тұлғаның сонау алыста қалған атамекені – Азғыр топырағына соңғы рет табаны 75 жасқа толғанда тиді. Оны тегі бір туыс баласы Лавр Рәшидұлы ұйымдастырды. Ол уақытта бөкейордалықтардың іргедегі әскери полигон басшыларымен қарым-қатынасы мықты болатын-ды. Құрығы ұзын аудан басшысы Капустин Ярдан арнайы тікұшақ алдырып, сол сапарға Сайқыннан біз де бірге ұштық. Алдымен балдәурені мен жігіттік шағы өткен алтын ұясының орнына тұрғызылған жаңа мектептің (ескісі жарылыстан құлап қалғанды) жанына аялдады. Сондағы қалың ойға шомып, ақ бурыл шашын жел қағып тұрған келісті келбеті әлі көз алдымда...

Ата. Әке. Немере. Сосын үш буын өкілі армансыз сыр шертісті, естелік  суретке түсті.

Өзін қаумалаған жерлестеріне шексіз ризашылығын білдіріп, кім қандай биікке көтерілсін, қанша жасқа келсін мейлі туған топырағына перзенттік толғаныспен оралатынын жеткізді. Ел ішіне, ағайын ортасына жиі келіп тұруға жер шалғайлығы, жастың ұлғаюы өз салқынын тигізіп жүргенін де жасырмады. Шарболаттай шыңдалған шымыр денесі әзір кәрілікке иілетін түр танытпағанымен, көңіл көкжиегінде көбесі сөгілмеген көп сыр жатты. «Мен – өте бақытты адаммын» деді сәлден соң жүзін сонау қыр басындағы қорымға қарай аударып... Отызыншы жылдардың ойраны мен қырқыншы жылдардың қырғынын көріп, бел ортасында болған жанның ішкі толқынысын үнсіз ұқтық. Елуінші жыл есіктен кірісімен ел іргесін сөгіп, кәрі-жасын егілдіріп, өзге аймаққа жер аударғаны қалай ұмытылсын?! Осы сәт соның бәрі көз алдынан тізбектеліп өтіп жатқандай көрінді бізге. Қалай дегенмен, жас дәуренінің куәсі болған атамекені ғой, қоңыр үнімен баяу әндетіп қояды:

«Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым...».

Атқан оқтай, шапқан аттай мынау дүние-дүрмек кімдерден кейін қалмаған десейші?! Қазір соның бәрі сағынышқа суарылған сағым жылдарға айналды. Ой-санасынан даналық пен даралықтың лебі есіп, артына ізгіліктің өшпес ізін қалдырып, Нарынның нар ұлы бақиға көшкелі де үш жылдың жүзі ауды. Күні ертең, бірінші мамырда ғибратты ғұмыр иесі, соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұловтың туғанына 100 жыл толады!

Тобықтай түйін: Ұлы Мұхаңның «Пәлі, Абай деген дария ғой, мен одан қасықтап қана алдым» дегені секілді, біз де Мұхтар ата кешіп өткен өмір-өзен түбінен қадір-қалімізше біраз «інжу-маржан» тергендейміз... Тереңге өзіміз жеткенмен, өреміз жетпей, қалам ұшынан қағыс қалған жерлер болса, көзкөргендер кешірім етер.

Нұрыңыз пейіште шалқысын, АТА!!!

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале