19.09.2024, 12:45
Оқылды: 258

«Ес-аға – елге шуақ шашқан аға»: Есенжол Жұмағұлұлы 70 жасқа толды

Жақында Ақтауға бардым. Жол үстінде ат шалдырып өте шығам деген шаһарда аяқ астынан үш тәулік кідіруге тура келді. Сосын Болат ағама хабар бердім. Шұрқырасып кездестік.

2471051A-0D8B-4426-B1BC-0B24A7C953B7

Болат Үмбетов – журналистер қауымына жақсы таныс, әріптес ағамыз. Туған жері – кезінде Орданың бір пұшпағы болған Сүйіндік ауылы. Атырау облысында туып-өсіп, Маңғыстау жерінде тұрса да, Болат аға Оралдың өз адамы сияқты. Журналистика факультетінде оқып жүргенде «Орал өңірі» газетіне екі мәрте практикаға келіпті. Есенжол ағамен, журналист Қыстаубаевпен сол кезде танысқан. Кейін «Ана тілі» газетінің батыс аймақтағы меншікті тілшісі болып та талай келген.

– Есенжол қалай, аман ба? – дейді Болат аға алдымен. Оралдық көрсе, бірінші сұрағы осы.

– Болат аға, Оралға келсеңіз, алдымен Есағаны іздейсіз. Алыста жүрсеңіз, сұрастырып, сәлем айтып жатасыз. Әлеуметтік желідегі парағыңыз да Есағам жайлы әсерлі естелікке толы екен. Бұл қалай? – деймін ғой әңгімеге тартып.

– Ой, інім, осы өмірде көп досым жоқ менің. Бір қолдың саусағынан да аспайтын шығар. Соның бірі, бірегейі – Есенжол ғой. Өзімнің туғаным, бауырым сияқты жақсы көремін. Азаматтығына бас иемін! Ақжүректігін ұнатамын! – дейді Болат аға тол-қып тұрып...

 

*   *   *

Болат аға Есенжол Қыстаубаевпен кездеспей тұрып-ақ мақалаларымен таныс болған екен. «Лениншіл жасқа» шығып жүрген мақалаларын білетінмін. Мөлдіретіп жазады. Өндірісті ішінде жүріп жазғанның әсері ерекше ғой» дейді. Иә, бұл Есенжол ағаның ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсе алмай қалып, құрылыста жасаған кезі ғой. Құрылыс болғанда қандай – өзі армандаған ҚазМУ қалашығының ғимараттарын, оқу корпустарын, студенттер жатақханаларын өз қолымен салған! Сөйтіп жүріп журфакта сырттай оқып, әйгілі «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігін алған, өндіріс тақырыбына өндіре жазған уақыты!

Айтпақшы, екі жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ҚазМУ қалашығының 50 жылдығын атап өтті. Сонда «Қазақ университеті» газетіне Есағам-ның «ҚазМУ-да Қонаевты қарсы алып едік» атты естелік мақаласы шықты. Бір ғажабы, Есаға құрылысшы кезінде Димаш Ахметұлымен жүзбе-жүз кездесіп, бірер ауыз тілдескен екен. «Әрі оқып, әрі өзіңнің университетіңді салып жатыр екенсің ғой... Жарайсың, бақытты бол, айналайын!» – Қонаевтың батаға бергісіз ақ тілегін алған ағамыз көз алды тұманданып, қатты толқып кеткенін әсерлі жазады...

 

*   *   *

Болат ағаның Есенжол Қыстаубаевпен алғаш студент кезінде, практикада жүріп танысқанын айттық. Бұл сонау 1977 жыл ғой. Содан бері жарты ғасырға жуықтапты. «Біз пәтер жалдап тұрдық. Кешкі тамағымызды өзіміз ішпеуші едік. Есенжолды күтетінбіз. Ол ортамызда отырса, алқаның ажары кіретін еді. Аз уақыттың ішінде қимас дос болып кеттік» дейді Болат аға.

Еш адамды жатсынбайтын, достарына құшағын ашып жүретін, әрдайым өзгеге болсын деп, айналасына сәуле шашып жүретін адамды «аурасы бөлек» деп жатады. Есаға – сондай адам.

Бір қызығы, Есағаны мен де алғаш студент кезімде, 1992 жылы «Орал өңірі» газетіне практикаға келгенімде көрдім. Мен де бірден ағамыздың адамсүйгіш, жылы жүректі қасиетіне арбалып қалдым.

Ол кезде Совет өкіметі құлады дегенмен, облыстық газеттің басынан бағы тая қоймаған шағы. Редактор – екі сөзге келмей ысқырып тұратын Мәжит Қайырғалиев. Одан бөлек, Жанғали Набиуллин, Құбаш Қажымов, Жүсіпкерей Нұртасов, Қуаныш Исағалиев сынды аға буын ақсақалдардың бетіне қарауға дәтіміз бармайды. Ғайсағали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Темір Құсайын, Аманкелді Шахин, Таңатар Төлеуғалиев, Сырымбек Тұяқовтар редакцияның негізгі, жас буыны саналады. Осылардың ортасында Есенжол Қыстаубаев ерекше көрінеді екен. Жоғарыдан қарап, ақыл айтқыш, жөн сілтегіш ақсақал да емес. Тай-құлындай тебісетін жас та емес. Бірақ жаспен де, кәрімен де әзілдесе жөнелетін ашық-жарқын мінезі, айналасымен қарым-қатынасы, жазуы, киім киісі, жүріс-тұрысы – бәрі, бәрі «Міне, нағыз журналист осындай болу керек!» деп тұратын.

 

*   *   *

«Есенжол арқылы Оралдың қанша азаматымен таныстым. Аманкелді Шахин, Темір Құсайын, Сағын Тапақов, Серік Әбдірахманов... Бір жолы мені қоярда қоймай үйіне ертіп барды. Ол кезде Дзержинский көшесінде тұрады екен. Бірнеше жігіт болдық. Бір байқағаным, Есенжол жергілікті өнер адамдарымен де жақсы араласады екен. Тіпті қолдап, қамқорлап жүреді екен. Солардың көбімен мен де жақын танысып, дос-бауыр болып кеттім...» дейді Болат аға. Бұл 1990 жылдардың қиын кезі еді.

Есағамның айналасына шуақ шашып, қамқорлап, көмектесіп жүретініне өзім де куәмін. Соның бірін бұрын бір мақаламда жазып та едім:

...Есімде, сол 1992 жыл ғой. Алматыға қайтарда пойызға билет таппай қиналдым. Дүние қусырылып, бәрі қат болып, танысың болмаса бір ісің де алға баспай бара жатқан. Сөйтсем, маған алынбас асудай көрінген проблема Есағама бұйым емес екен. Бір-екі қоңыраумен шешілді. Теміржол кассасында да, жолсеріктер арасында да, тіпті желілік милиция бөлімінде де Есағамның достары көп екен. Купеде, дөкейлерге, депутаттарға арнап сақталатын орынмен аунап-қунап Алматыға астым. Бір қауым ел вокзалдан жолаяқ жасап шығарып салғаны есімде. Әрине, ортасында Есағам бар еді.

*   *   *

«Оралға барған сапарларымда Есенжолдың үйіне талай бардым. Қоймастан үйіне шақырады. Алғашында тартынсам да, әйелі Гүлиямен танысқан соң алаңдамайтын болдым. Есенжолдың жары өзіне лайық, бала күнінен бірге өскен, бір сыныпта оқыған сыралғы дос еді. Оның үстіне біз барғанда Гүлия жер тырмалап, бір нәрселерді егіп жүреді, қияр жауып жатады. Бау-бақша – менің де «осал жерім» ғой. Екеуміздің әңгімеміз керемет жарасады. Сол кезде Есенжол бізге таңғалып қарап тұратын».

«Соңғы барғанымда, – дейді Болат аға, – Есенжол қоймастан тағы да үйіне алып барды. «Гүлия ауырып қалды» деп естігенмін. Гүлекең шынымен қатты сырқат екен. Сол жолы Есенжолдың жан жарын жаны қалмай күтетінін, өз қолымен тамақтандыратынын көріп, жаным толқыды, көзіме жас келді...»

Иә, Гүлия жеңгеміз былтыр қазан айының басында ауыр дерттен көз жұмды. Бұл қаза Есағама өте ауыр тиді. «Қырық жылдан аса отасқанда бүкіл еркелігімді көтерген, бетіме жел болып тимеген асыл жарым-ай!» деп егілгенде естіген жанның сай-сүйегі сырқырады.

Расында, Гүлия жеңгеміз асыл адам еді. Бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, әйгілі №11 мектептің мақтаулы маманы болған Гүлия апа кең құшақты, дархан көңілді Есағама нағыз лайық сыңар еді. Сонау мектеп партасынан басталған махаббат, шынайы сүйіспеншілік хикаясы өз алдына. Менің айналамда осы шаңырақтың бір шарапаты тимеген, көмегін көрмеген, жылуын сезінбеген адам аз шығар.

Талай мәрте айтылып, жазылып жүр: 1982 жылы қараша айында ақын Ғайсағали Сейтақ ағамыз Тамара жеңгемізбен бас құрап, үйлену тойына алыс-жақын туыстары мен достарын шақырып қояды ғой. Аяқ астынан Брежнев қайтыс болады. Бүкіл СССР қара жамылып, салтанатты шараларға тыйым салынады. Ал той қонақтарының алды алыстан келе бастаған. Тамақ алынып қойған. Сол кезде әріптес інісінің қиын хәлін түсінген Есағам бірден: «Тойды біздің үйде жасаймыз!» депті. Сол кезде Гүлия жеңгей бүкіл көршісін аралап, жағдайды түсіндіріп, тілін тауып, бәрінің рұқсатын алып шыққан екен. Дос дегенде өз басын қатерге байлай беретін жанқиярлық Есағама да, Гүлия жеңгеме де ортақ еді...

 

*   *   *

«Есенжолдың маған ұнайтын тағы бір қасиеті – өзінің принципіне адал. Жалғандыққа, тәкаппарлыққа, өктемдікке төзбейді» дейді Болат аға. Бірде Оралға астанадан бір курстасы келіпті. Әлгі «достың» әжептәуір қызметі бар, мансаптың буына мас болып жүрген шағы екен. Есағам, әрине, ондай қылықты ұнатпай қалған.

– Облыс әкімімен кездесуім керек еді. Сен соны ұйымдастырып жібер, – дейді ғой «досы».

– Әкіміңді танымаймын. Атын да білмеймін, – дейді бұл қырсығып. Курстасының қыңырайып тұрғанын байқаған соң:

– Ендеше пәлен деген жерге жеткізіп салшы, – дейді «досы». Әрине, сан танысының бірін шақырып, қонаққа қызмет қылудың жөн-жосығын Есағам жақсы біледі. Бірақ өйтпейді. «Досын» терезе алдына шақырып:

– Мына көшені көрдің бе? Қазір соған шығып, оңға қарай бұрылып жүрсең, аялдама тұрады. Пәленінші автобусты күтесің. Түген деген аялдамадан түсесің. Менің көлігім жоқ, өзім де аутобоспен жүремін. Сау бол! – депті.

«Адам сияқты келсе, төбеме көтерер едім ғой. Көкірегін көрсетіп, көк тіреп келген соң қырсықтығым ұстап қалды» дейді екен Есағам.

Рас, Есағаның мінезі осы. «Еңкейгенге еңкей, атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес» дейтін мәрт қазақ қой. Мүмкін, көп жерден марапат көрмей, жасы жетпіске келсе де бір кітабы шықпай жүргені осы мінезінен де шығар.

 

*   *   *

Ес-аға, Есенжол Жұмағұлұлы тура бүгін 70 жасқа толды. Рас, соңғы жыл – Есағам үшін жабырқаулы, жалғыздықтың салқынын тигізген жыл болды. Содан да болар, мерейтойлық іс-шараларды да кейінге ысырыпты деп естідік. Дегенмен, Жайық бойындағы журналистиканың қара нары, Оралдағы талай тілшінің ұстазы, қарапайым да қадірлі Есенжол ағамыздың 70 жасында қарап жата алмадық. Көңілдегі сәруар сезімді білдірдік, шынайы сөзді айттық. Бар жақсылықты тіледік.

Аға, елге шуағыңызды шашып, аман жүріңізші! Айтпақшы, Ақтаудағы Болат ағамның да сәлемі осы!

Қазбек Құттымұратұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале