Тарихта өз қолтаңбасын қалдыратын адамдар болады. Олар атқарған қызметімен ғана емес, адамгершілік болмысымен, елге деген адалдығымен, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен ерекшеленеді. Сондай азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері Сағым Сапаров көз алдымызда жүрсе, торқалы 90 жасқа толған болар еді.

Саналы ғұмырын елдің дамуына, ауылдың өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға арнаған қайраткер 1936 жылдың 30 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ақсуат ауылында көпбалалы қарапайым отбасында өмірге келді. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңімен тұспа-тұс өтті. Мектепте оқып жүрген кезінен-ақ егін алқабында еңбек етіп, шөп шауып, қоғамдық мал бағып, ауыл шаруашылығына өз үлесін қосты. Жасөспірім шағында атқарған бұл еңбегі кейін мемлекет тарапынан тылдағы еңбек ретінде бағаланды. Қаратөбе орта мектебін аяқтаған соң, еңбек жолын аудандық сотта сот орындаушысы қызметінен бастады. Қандай қызметте жүрсе де, білімге деген құштарлығын жоғалтпай, сырттай оқып, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірді.
Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Сағым Сапарұлының ұйымдастырушылық қабілеті ерте танылды. 1956 жылы Қаратөбе аудандық комсомол комитетіне мектеп бөлімінің меңгерушісі болып шақырылып, бір жылдан кейін комитеттің екінші хатшысы қызметіне көтерілді. Ал 1959 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осы жылдары жастар саясатын дамыту, ауыл жастарын қоғамдық жұмыстарға тарту, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру бағытында аянбай еңбек етті. Оның бастамашылдығы мен талапшылдығы көпшіліктің құрметіне бөленіп, жауапты қызметтерге жол ашты. Кейін Теректі аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті. 1963 жылы Приурал ауданындағы Макаров ауылына қоныс аударып, ұжымшар төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1965 жылы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, Орал облыстық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне шақырылды. Бұл оның басқарушылық тәжірибесін шыңдап, үлкен жауапкершілік жүктеген кезеңі болды.

Казталовпен тағдырлас жылдар
1973 жылдың қыркүйегі Сағым Сапарұлының өміріндегі жаңа белеске айналды. Ол Казталов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол құрылыс, мәдениет, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларына жетекшілік етті. Сол кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін көптеген шаруа жүзеге асырылды. Елді мекендерде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауыл шаруашылығы өндірісі қарқын алды, мәдени өмір жандана түсті. Ол әсіресе кадр тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Жас мамандарды қолдап, олардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасап, олардан жауапкершілігі жоғары басшылардың өсіп шығып, қалыптасуына ықпал етті. Әріптестері оның сабырлы мінезін, мәселені терең саралай білетін қасиетін, қарапайымдылығын және адамға деген құрметін ерекше бағалады.
Мен Сағым Сапарұлымен алғаш рет 1974 жылдың тамыз айының орта шенінде Ленин атындағы ұжымшардың №1 бөлімшесіне қарасты «Максим» қырманында кездестім. Бөлімшенің агрономы едім. Қарауымда 7,5 мың гектар егіс алқабы болды. Егін орағының нағыз қызған шағы. Қырманда қырыққа тарта адам еңбек ететін. Сол күні аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Сағым Сапаровтың егіс алқаптарын аралап, қырманға келгенін естідім. Қасында Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы Кәкім Құсайынов болды. Басшылар жұмысшылармен еркін әңгімелесіп, олардың еңбек жағдайын, тұрмысын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын сұрап жүрді. Ұжымшар төрағасы мені таныстырғаннан кейін, Сағым Сапарұлы жылы жүзбен амандасты. Сол жылы ұжымшарда бітік егін өсіп, мол өнім алынды. Егін жинау науқанына көмек ретінде Семей облысынан комбайншылар өз техникаларымен келді. Астық тасымалдауға әскери бөлімнің сарбаздары жұмылдырылып, зауыттан жаңадан шыққан «ЗИЛ» жүк көліктері берілді. Сондай-ақ Прибалтика елдерінен келген механизаторлар да (оларды ауызекі «партизандар» деп атайтын) науқанда тер төкті. Қырмандағы жұмысқа мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары, кеңсе қызметкерлері, шопандар мен малшылар да атсалысты. Ондағы мақсат – астықты ысырапсыз жинап алып, астық тапсыру жоспарын уақытында орындау. Ол жылдары аудандық партия комитеті егін орағы сияқты жауапты науқандар кезінде әр шаруашылыққа бюро мүшелерін практикалық көмек көрсету үшін уәкіл етіп жіберетін. Біздің Ленин атындағы ұжымшарға осындай жауапты міндет уәкілдікке Сағым Сапарұлы бекітілген еді. Ол ұжымшарды түгел аралап, біздің №1 бөлімшенің жұмысымен танысты. Еңбек қарқынына ризашылығын білдіріп, қандай көмек қажет екенін сұрады. Біз мемлекетке астық тасымалдауды жеделдету үшін қосымша төрт-бес жүк көлігі керек екенін айттық. Сағым Сапарұлы бұл мәселенің күрделі екенін жасырмай, аудандық егін жинау штабының басшыларымен сөйлесетінін және екі күннің ішінде жауап беретінін жеткізді.
Ол айтқан сөзінде тұрды. Екі күннен кейін «Максим» қырманына астық тасымалдау үшін тіркемелері бар төрт «ЗИЛ» аутокөлігі бір аптаға бөлінгені туралы хабар жетті. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Астық өте мол еді, қырманға сыймай жатқан өнімді күзгі жауын-шашын басталғанға дейін уақытылы тасып үлгеруге мүмкіндік туды. Осы оқиға Сағым Сапарұлының сөзге берік, нақты іске мән беретін басшы екенін көрсетті. Кейін де оның ұжымшардың құрылыс материалдарды алуына, цемент мәселесін шешуге, мемлекетке ет тапсыру жоспарын орындауға және жаңа техникалар жеткізуге қолдау көрсеткенін талай естідік. Сағым Сапаров Казталов ауданы экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қай қызметте жүрсе де әділ шешім қабылдап, ел мүддесін бәрінен жоғары қойды. Сондықтан да халықтың зор құрметі мен ықыласына бөленді. Осындай азаматпен бірге қызметтес болып, оның еңбегіне куә болғанымды әрдайым мақтан тұтамын.
Замандас туралы естелік
Сағым Сапарұлы туралы жерлесіміз, Казталов ауданының құрметті азаматы Сағынгерей Қадошев тебірене еске алады. «Сағым Сапарұлы 1972 жылы Орал облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміндегі нұсқаушы қызметінен Казталов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ол кезде мен аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі едім. Оның есімі бұған дейін де жақсы таныс болатын. Ол Қаратөбе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, кейін облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып жүрген кезінде, Казталов ауданына жетекшілік ететін жауапты қызметкер ретінде жиі келетін. Аудандық комсомол ұйымының конференцияларына қатысып, жастармен кездесулер өткізіп, бағыт-бағдар беретін. 1972–1986 жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы ретінде құрылыс, жол, коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету, сауда салаларының жұмысын үйлестірді. Сонымен қатар сот, прокуратура, милиция, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының қызметіне жетекшілік жасап, олардың жұмысына тұрақты бақылау жүргізді. Біздер, аудандық комсомол комитетінің қызметкерлері, пленумдар мен конференциялар қарсаңында Сәкеңнің қабылдауына жиі баратынбыз. Ол дайындық барысын мұқият сұрап, нақты ұсыныстарын айтып, ақыл-кеңесін беретін. Талап қоя білетін басшы болғанымен, жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, сенім артатын. Ол Казталов ауданының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосты. Сол кезеңде аудан, сондай-ақ Ленин атындағы колхоз, «Бостандық» және «Казталов» кеңшарлары мал шаруашылығын дамытуда, мал басын өз төлі есебінен көбейтуде республика және облыс көлеміндегі социалистік жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Аудан тұрғындарын тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде аудандық тұтынушылар одағы мен тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Сәкең әділдік пен адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған азамат еді. Ол өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білді. Қызмет барысында талапшыл әрі принципшіл болғанымен, күнделікті өмірде Сәкең өте қарапайым, адамгершілігі мол жан еді. Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқорлық танытатын. Мерекелік кештер мен отбасылық басқосуларда әдемі ән шырқап, ақжарма тілегін айтып, ортаның сәнін келтіретін. Көпбалалы, өнегелі отбасының тірегі болды. Казталовқа қоныс аударғанда төрт қызы, кенже ұлы Ғалым және қарт анасы бірге келді. Балалары мектепті жақсы тәмамдап, жоғары білім алып, өз мамандықтарының иесі атанды. Бұл жетістіктерде жары Гүлшара апайдың еңбегі ерекше. Ол бес баланы тәрбиелеп, қарт енесіне күтім жасап, отбасының берекесін сақтай білді.
1986 жылы Сағым Сапарұлы Орал облыстық партия комитетінің саяси-ағарту үйіне қызметке ауысты. Дегенмен біздің аға-інілік қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Отбасымызбен араласып, сыйластығымыз жалғаса берді. Сағым Сапарұлы саналы ғұмырының он төрт жылын Казталов өңірінің өркендеуіне арнады. Оның адал еңбегі, іскерлігі, әділдігі мен адамгершілік қасиеттері бүгінгі күні де ел жадында. Осындай азаматтың есімі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болары сөзсіз», – дейді
С. Қадошев.

Еңбекпен келген абырой
Өз ісіне деген адалдығы мен жоғары кәсіби деңгейі Сағым Сапарұлын Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне алып келді. Аталған білім ордасында алған білімі, тәжірибесі оның басқарушылық қызметін жаңа деңгейге көтерді. Ел игілігі жолындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 1976 жылғы 16 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Сағым Сапарұлы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл –
ауданның ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, мол өнім жинап, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінген кезеңі еді. Осындай табыстардың артында Сағым Сапаров сынды іскер ұйымдастырушылардың қажырлы еңбегі тұрды. 1986 жылы ол облыстық саяси ағарту үйінің басшысы болып тағайындалды. Ал 1990 жылдан бастап Орал облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары әрі кино-бейне қызметі басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, мәдениет саласының әлеуетін сақтап қалуға күш салды. Кино саласының материалдық-техникалық базасын сақтау, кадрлық құрамды жоғалтпау бағытында үлкен еңбек сіңірді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, Сағым Сапарұлы қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Ардагерлер шахмат клубының белсенді мүшесі ретінде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Шахматты өмірлік серігіне айналдырып, жастарды ой еңбегіне, төзімділікке, парасаттылыққа тәрбиелеуге үлес қосты. Өмірлік серігі Гүлшира апаймен бірге өнегелі отбасы құрып, бес перзент тәрбиелеп өсірді. Қыздары Венера, Флора, Гүлсім, Светлана және ұлы Ғалым жоғары білім алып, әр салада ел игілігі үшін еңбек етуде.
Сағым Сапарұлының өмір жолына көз жүгірткенде, оның әрбір қызметі туған елдің дамуына арналды деген ойға келесің. Осындай тұлғалардың өнегелі өмірі – бүгінгі буынға бағыт-бағдар, ертеңгі ұрпаққа аманат. Өйткені елдің тарихы – оны өркендеткен азаматтардың тағдырымен өлшенеді. Бүгінде Сағым Сапарұлы арамызда болмаса да, оның жарқын бейнесі, ел үшін атқарған еңбегі, азаматтық келбеті халық жадында ұзақ сақталатыны даусыз.
Махамбет АБУЛХАТИН,
Казталов ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері