24.01.2020, 16:46
Оқылды: 214

Есенкелді Есболсынов, ардагер ұстаз: “Өмірге айтар өкпем жоқ”

Жақында елімізде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң қабылданды. Аталмыш құжат педагог мәртебесін заң жүзінде бекітіп, мұғалім мамандығының беделін арттыру, ұстаздардың құқығын қорғап, оларды өз кәсіби міндетінен тыс жүктемеден арылту мақсатын көздейді.

esbolatov

Бір кездері дүниедегі мамандық атаулының төресі болған мұғалімнің абырой-беделі соңғы жылдары тым түсіп кеткені жасырын емес. Сөз зергері, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Тыңдаушыға дәріс оқығанның бәрі бірдей ұстаз емес, ұстаздың да ұстазы бар» деген екен. Қанша жерден «Мұғалімнің мәртебесі төмендеп кетті» десек те, шәкірттерінің жан дүниесінен мәңгі орын алған, небір қиындықты бастан өткерсе де, мамандығына адалдығынан айнымаған, сонысымен де ел-жұрттың шынайы алғысына бөленген нағыз ұстаздар арамызда жүр. Көп емес, әрине. Бірақ бар!

Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылының тумасы, бүгінде Орал қаласының тұрғыны Есенкелді Есболсынов бар саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған ардагер ұстаз. Ұстаздыққа артық-кемі жоқ жарты ғасырлық өмірін арнаған, ширек ғасырға жуық ауыл мектебінің директоры болып абыройлы қызмет атқарған Есенкелді Нәсиболлаұлы биылғы ақпан айының алғашқы жұлдызында 70 жасқа толады. Мерейтой қарсаңында ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ҚазКСР Білім министрінің Құрмет грамотасының иегері, ардагер ұстазбен арнайы барып жолығып, сұхбат құрған едік.

Облыс орталығының Зашаған кентіндегі қаз-қатар тізілген жер үйлердің арасынан кейіпкерімнің үйін оп-оңай тауып алдым. Мені есік аузынан Есенкелді Нәсиболлаұлының зайыбы Айжан апа құшақ жая күтіп алды. Жасы жетпіске жетсе де, әже деуге аузың бармайтындай ажарлы кісі екен. Амандық-саулық сұрасқан соң, Есенкелді ағаға келген шаруамды айттым. Төргі бөлменің бір бұрышына қойылған үстел басына жайғастық. Ескі газеттердің қиындылары мен сарғая бастаған біраз фотосурет дайындап қойған екен. Байқаймын, Есенкелді ағаның самайын сәл қырау шалғаны ғана болмаса, жүрісі тың, қимыл-қозғалысы ширақ.

– Өмірге айтар өкпем жоқ, – деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін. – Мен ұстаздықтың жауапкершілігі ауыр жүгін арқалауды өз жүрек қалауымен таңдадым. Алғашқы еңбек жолымды кіндік қаным тамған туған ауылым – Ақжайық ауданының Жаңажол ауылында (бұрынғы Тельнов) 1966 жылы тәрбиеші болып бастадым. 1968-71 жылдары әскер қатарында азаматтық борышымды өтеп, елге оралған соң еңбек жолымды қайта жалғастырдым. Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бере жүріп, 1974-1979  жылдары Орал педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің сырттай бөлімінде білім алдым. Өз басым Байғабыл Ысмайылов, Замир Құлбарақов сынды аға буын педагогтардың шапағатын көп көрдім. Бірі ұзақ жыл мектеп директоры болған, ал бірі – Ақжайық аудандық білім бөлімін ұзақ жыл басқарған қос ұстаз менің тұтас өміріме рухани азық болардай тәлім-тәрбие берді. Қатардағы мұғалім болып еңбек ете жүріп, 1980 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Жаңажол сегізжылдық мектебіне директорлыққа тағайындалдым. Аудан орталығынан, тіпті қаладан жайлы жұмыс ұсынғандар болды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, мен туған ауылымның түтіні түзу ұшқанын қаладым, барлық қажыр-қайратымды ауыл балаларының саналы тәрбие, сапалы білім алуына жұмсағым келді. Осылайша, 23 жыл бойы табан аудармастан шағын ауылдағы тоғыз жылдық мектептің директоры болып қызмет еттім. Коммунистік партия мүшесі, бастауыш партия ұйымының хатшысы сынды қоғамдық міндеттерді қоса атқардым. О бастан-ақ көздегенім – тек мектеп ұжымымен ғана емес, ауылдастарыммен орнықты байланыс орнату болды. Тәрбие жұмысына, мәдени-көпшілік шараларға ата-аналарды көбірек тартуға баса мән бердім. Ол кезде мектеп ғимараты пешпен жылытылады. Мектептің қыстық отынын жинауға тұтас ауыл болып жұмылуды бұлжымас дағдыға айналдырдық. Мектеп ұжымы өз кезегінде табыс-кірісі аз және көп балалы отбасыларға жем-шөбін түсіріп беріп, қайырымдылық жасап отырды.

Ұжымдағы ынтымақ пен атааналармен қоян-қолтық жұмыстану көп күттірмей-ақ оң нәтижесін берді. Мектеп ұжымы алты мәрте сегізжылдық мектептер арасында өткен социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 1985 жылы аудан тарихында тұңғыш рет «Шағын мектептердің оқу-тәрбие жұмысының жай-жапсары» тақырыбында республикалық семинар-кеңес ұйымдастырылып, Жаңажол негізгі мектебінің тәжірибесі өзге шағын мектептерде енгізіле бастады, – дейді сол жылдардағы қайнаған қызу еңбекті қимастықпен еске алған Есенкелді Нәсиболлаұлы.

Есенкелді Есболсыновтың Алғабас ауылдық округі әкімінің Жаңажол ауылындағы өкілі болып қоғамдық еңбекке араласуы оның «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген белсенді азаматтық ұстанымын анық аңғартады. Малжанның амандығы, ауылдастарының қыстық отын-суы, төрт түліктің бағымы мен қысқы азығы, тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік жағдайы, қысқасы, 80 түтінді шағын ауылдың жарасты өмірі, қыс-жазы таусылмайтын қым-қуыт тірлігі мектеп директорының ұдайы назарында болды. Оқушылар мен мектеп ұжымына ғана емес, тұтас ауылға пана болған жанашыр азаматтың арқасында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдарының басындағы тоқырау кезеңінде де Жаңажол ауылының іргесі сөгілмеді. Шағын ауылдан бірде-бір отбасы жайлы тұрмыс іздеп, көшіп кетпеді. Ал Есенкелді Есболсынов болса, өз ауыл-аймағындағы тазалық пен қоғамдық тәртіп, жаңажолдықтардың барынша еңбекпен қамтылуы, кәсіпкерліктің өрістеуі секілді көкейкесті мәселелерді жіті назарда ұстап, жақсылық атаулыға ұдайы ұйытқы бола білді. Елдің жағдайы, халықтың тұрмысы түзеле бастаған кезде ауылдағы сегізжылдық шағын білім ошағы орта мектепке айналды. Жаңажолға қатысты осындай іргелі істердің бәрінің басы-қасында Есенкелді Нәсиболлаұлының өзі жүрді. 2000-2004 жылдары Ақжайық аудандық (бұрынғы Чапаев) мәслихатының депутаты болған ел ағасы туған ауыл-аймағына қоса, тұтас ауданның тыныс-тіршілігіне белсенді араласты.

– Біз зұлмат соғыстан кейін жарық дүниеге көрінген ұрпақтың өкіліміз. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» демекші, әкем майданнан «қаза тапты» деген «қарақағаз» келген соң, елге тірі оралған. Алдымен Күнсұлу есімді апам, кейін мен туғанмын. Соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан әкеміз көп ұзамай қайтыс болды.

Әкемнің кескін-келбеті есімде жоқ. Мені атам мен әжем «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелеп өсірді. Атам Есболсын атағы елге жайылған сынықшы, көріпкел, әулие адам болған. 96-ға қараған жасында бұл дүниеден озды, – дей келе Есенкелді Нәсиболлаұлы адам ретінде де, басшы ретінде де шарасыз, дәрменсіз күйге түсірген мына бір жайттың есінде өмір бойы сақталып  қалғанын  айтады.

– Тоқсаныншы жылдардың басы еді. Колхоз, совхоз ыдырап, ер-азаматтар жұмыссыз қалды.

Зейнетақы мен жалақы бірнеше айлап төленбеді. Жаппай қымбатшылық белең алды. Дүкен сөрелері бос тұрды. Ауылда қара бидайды қол диірменмен тартып, талғажау етіп отырған отбасылар болды. Үйлерінде азық-түлік тапшы болғандықтан, кейбір балалардың мектепке ашқұрсақ келіп жүргенін біліп жүрмін. Көмектескім-ақ келеді, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Бір күні мұғалімдерді түгел жинап, оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыру туралы бастама көтердім. Оған бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Сондықтан кезек бойынша әр мұғалім үйден ыстық тамақ пен шай әкеліп, оқушыларды тамақтандырсын деген ұсыныс айттым. Директор болған соң қарсы келмеді ме, әлде балалардың ашқұрсақ жүргенін өздері де біліп жүргесін бе, әйтеуір ұжым қарсы болмады. Осылайша, оқу жылы аяқталғанша, мектепте өз күшімізбен оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Қазір бұл қиындықтың бәрі артта қалды. Мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы тиісті деңгейде, – дейді ардагер  ұстаз.

2000 жылы Батыс Қазақстан облысының тізгінін ұстаған Қырымбек Көшербаев Ақжайық ауданына жұмыс сапары барысында Жаңажол ауылында болып, қаймағы бұзылмаған ауылдың бірлігі жарасқан тірлігіне риза болады. Шағын мектептің сүбелі жетістіктеріне марқайып, тәжірибелі директорды облыс орталығына қызметке шақырады. Іскер басшының бұл ұсынысын қабыл алған Есенкелді Нәсиболлаұлы отбасымен Орал қаласына қоныс аударып, облыстық жас натуралистер стансасына басшылық жасайды. Мекеменің жұмысын жетілдіріп, материалдық-техникалық әлеуетін нығайтып, өзге ұлт өкілдерінің қарасы басымдау көп ұлтты ұжымның тонның ішкі бауындай жарасымды еңбек етуіне ықпал етеді. Зейнеткерлікке шыққан соң да еңбектен қол үзбей, Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде әлеуметтік педагог ретінде жылдар бойы қажырлы еңбек етті. Балалар үйінің түлектерімен жұмыстану барысында тәжірибелі педагог өмірде жаңсақ қадам жасап, жаза баспауы үшін шәкірттерінің санасына адами қасиеттерді  сіңіруге  тырысты.

– «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» дейді атам қазақ. Өмірде мамандық таңдауда да, жар таңдауда да жолым болды. Шаңырағымның берекесін кіргізіп, ата-ененің алдындағы келіндік міндетін адал атқарып, алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеген Айжан Үмбетқызымен отау құрғанымызға жарты ғасыр толады, – деп әңгімесін сабақтаған Есенкелді ағадан жанұядағы жарасымның сырын сұрадық.

– Өмір болған соң түрлі жайттар кездеседі. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ерлі-зайыптылар қандай жағдай болмасын, бір-біріне кешірімшіл, қамқор бола білулері керек, – деп  жауап  берді  отағасы.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бәрі де отбасындағы тәрбиеге байланысты. Алдымен анамның, кейін енемнің «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген тәлім-тәрбиесін көрдім. Одан кем болғаным жоқ, – деді осы тұста шөбересін көтеріп, жанымызға жақындаған Айжан апа. Айжан Үмбетқызы – 38 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен тәжірибелі ұстаз.

Өмірлері де, еңбек жолдары да өнегелі жарасымды жұп – қос ұл мен қос қыздан тараған жеті немере, бес жиен, екі шөбере және бір жиеншарының ортасында маңайын мейірім шуа-ғына бөлеп отырған мәуелі қос бәйтерек. Тұңғыштары Жанболат – ішкі істер құрылымдарының ардагері, қазір құрметті демалыста. Айгүл, Лаура және Ерболат болса, ата-ана салған сара жолды жалғап, ұстаздық мамандықты таңдаған.

Бұған қоса Есенкелді аға мен Айжан апаның қос келіні Айнагүл мен Айтолқын да тәжірибелі ұстаздар. Әулеттегі ұстаздардың үшінші буыны Әлішер қазіргі таңда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың спорт және дене тәрбиесі факультетінің студенті. Есболсыновтар әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі  210  жылды  құрайды.

P.S. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай» демекші, ел-жұрттың алғысына бөленген ардагер ұстазбен әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалыппын.

Әулеттеріңізден  береке-бірлік пен ырыс-ынтымақ арылмасын, аяулы жандар, ардақты ұстаздар!

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале