8.06.2023, 12:30
Оқылды: 108

Этнодемографиялық атлас жасақталмақ

Жуырда Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптама тобының ұйымдастыруымен өңірдегі этнодемографиялық ахуал жан-жақты талқыланған жиын өтті.

IMG_20230607_215222
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Махамбет Сұлтанғалиев жүргізіп отырды. Ол еліміздегі тыныштық пен бейбітшілік көптеген мемлекетке үлгі екенін, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауда ассамблеяның да зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ дөңгелек үстелге жиналғандарға облыстың этнодемографиялық атласын жасақтау жөнінде ұсыныс тастады. Аталмыш атласта халықтың саны, ұлт-ұлыстардың демографиялық көрсеткіштері, өсу динамикасы көрсетілетін болады.
Іс-шарада М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың басқарма төраға-ректоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серғалиев мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Оның мәліметінше, өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген құрметін арттыру үшін мемлекеттік тілді үйрету бойынша арнайы жобалар жүзеге асыру қажет.
– Өңіріміздегі этносаралық тұтастықты нығайту мақсатында өткізілген шаралар жөніндегі ақпаратты әлеуметтік желілерге жиі жариялаймыз. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ұлтаралық қақтығыстар мен кикілжіңдерге итермелейтін кереғар пікірлер үдеп келеді. Алайда әртүрлі этнос өкілдерінің бірлігін нығайтуда әлеуметтік желі таптырмас құрал екені мәлім. Сондықтан жастар желі мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өзге ұлт өкілімен татулық, бірлік туралы тамаша контенттер дайындағаны жөн, – деді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, саясаттанушы Тұрар Шайхиев.
Қазақстан халқы ассамблеясы БҚОФ «Тіл – мұра» қоғамдық қозғалысы төрайымының орынбасары, қазақ тіліне судай Ирина Суетина шаһардағы кей мектептерде ақсақалдар және аналар кеңесінің жұмысы тұралап қалғанына тоқталды. Сондай-ақ ол ұлтқа, тілге деген сүйіспеншілік пен құрметті балабақшадағы балалардан бастап үйрету қажеттігін айтты.

Нұрым Ғұмар,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале