20.12.2023, 19:13
Оқылды: 63

Философ ғалымға құрмет көрсетті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма басшылығы мен ұжымы ғалым-ұстаз Тілекжан Хасенұлы Рысқалиевті 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

схи

Университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Хасенұлын мерейтойымен құттықтап, ғалым-ұстаздың білім ордасының дамуына қосқан үлесін атап өтті.  – Тілекжан Хасенұлының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері өте көп. Ғалым-ұстаздан тәлім алған шәкірттері де аз емес. Университетіміздің дамуына, идеологиялық бағыттағы жұмыстарымыздың нәтижелі болуына қосқан үлесі зор. Жастарға әр кезеңге қарай философиялық қағидалар негізінде білім беріп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді, – деді Асқар Мырзахметұлы. Бұдан әрі профессорға құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

Кеш барысында Тілекжан Хасенұлын әріптестері де құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Отандық философияда алғашқылардың бірі болып, қазақ философиясының өзекті мәселелерін жан-жақты талдаған профессордың еңбегі ерен екенін, ұстаздық тұлғасы, адамгершілік қасиеттері кейінгі буынға үлгі болатынын айтты.

Өз кезегінде мерейтой иесі даналық ойларымен бөлісіп, өзіне құрмет көрсеткен басқарма басшылығы мен әріптестеріне алғысын білдірді. «Адамның ұзақ өмір сүруіне, халқына сапалы қызмет етуіне еңбек, жақсы ойлар, үздіксіз дене қимылы өз септігін тигізеді. Сонымен қатар білім алу, кітап оқу қай жаста да артықшылық етпейді» деді жауһар ой иесі, өмірге философиялық даналықпен қарайтын тұлға Тілекжан Хасенұлы.

 

 

БҚАТУ медиа орталығы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале