31.12.2019, 9:26
Оқылды: 74

Ғасырға жуық ғұмыр

Тау ауылында тұратын 95 жастағы Жаңыл  Хисамеденова осынау ғұмырының  бел-белесінде «саптыаяқтың  сабына қарауыл қойған» кезеңді, сұм соғыстың  өкпегі  қос бүйірден қысып, тынысты тарылтқан  ауыр шақты өз басынан өткерді. Әженің  айтар әңгімесі де әсерлі. Орда ауданының  Батырбек ауылдық кеңесіне қарасты  К.Маркс атындағы ұжымшарда  1925 жылы 1 қаңтарда дүниеге келіпті. Ата-анасы Хисамеден мен Ханафияның  отбасында өрбіген үш қыз бен жалғыз ұлдың  балалығын соғыс ұрлап, тәтті тіршіліктің шырқы бұзылды.

жаныл хисамидинова

– Мектепке жай баруым себепті жасым он  алтыда  болса да, соғыс басталғанда жетінші сыныпта оқып жүрген болатынмын, – деп әңгімесін бастады қадірменді әже.  – Азаматтар соғысқа аттанды, алдынан «қарақағаз» да келіп үлгерді, қайғыдан  ормандай теңселіп, қарағайдай  қайысқан отбасының қатары көбейді. Тұрмыс тауқыметінің ауырлағандығы сол, әр отбасындағы жан басына ұжымшардан күніне  200 грамм тары,  көк сүт береді. Сойылған сиырдың терісін үйітіп, қазанға салып сорпалап ішкендер мен тышқанды пісіріп, жымиық атты мал жейтін  азықты талғажау еткендер көп болды. Әкем де соғысқа кетті. Оның ағасы Қасым Мұстажапов  Орда ауданына қарасты ұжымшардың бас бухгалтері болып жұмыс істеуші еді. Сол ағам: «Айналайын, соғыс біткен соң оқуыңды жалғастырасың, аудан орталығында үш айлық бухгалтерлік курс ашқалы жатырмын, соғысқа кеткен мамандардың орнын басасыңдар, мектептегі оқуыңды таста», – деді. «Алғабас» ұжымшарының мектеп оқушысы, он бес жасар Дархан Елемесова  деген немере сіңлім екеуміз курста бірге оқыдық. Екеуміз де оқуымызды аяқтап, өз ауылымыздағы бухгалтердің жанына үйренуші болып орналастық. Бас бухгалтердің атын ұмыттым, ол майданға кеткен соң орнына бухгалтер боп қаршадай қыз мен қалдым. Ұжымшардағы малдың  жалпы санын, жынысын, төлдеген мал санын, әрқайсысының ішіп-жемінің мөлшерін, ұжымшар еңбеккерлерінің төленетін еңбекақысын, берілетін азық-түлігінің  көлемін есептеймін.  Ауданнан өкіл келіп, ақпар сұрайды, таңдайың тақылдап тұрып, ұзын-сонар санды айта алмасаң, «мыналарды соғысқа жіберу керек» деп үстелді ұратын. Қол күші жетіспейді, сол екі арада қос  басына барып бидай жинаймыз, шөп орамыз, түнде майдандағы ерлерге жылы киім тоқимыз. К.Маркс атындағы ұжымшар мен Орданың арасы бір жүз жиырма шақырым, есеп тапсыру үшін Дархан екеуміз келісіп екі ауылдан  шығып, орта жолда кездесіп, жолай атымызды шалдырып, жолдағы ауылға қонып, Ордаға келеміз. Бірде жолда келе жатқанымызда, төбемізден жаудың топтала ұшқан ұшағы өтті, санасақ тоғыз екен. «Өлген жеріміз осы болды ғой» деп екеуміз айдалада айқай салып жылап, аттың бауырына тығылдық. Ауданға барған әр сапарымызда қу жанымызды осылайша шүберекке түйетінбіз, жау ұшағы жиі бомба жаудыратын. Сол кезде Волгоград, Жоғары Басқұншақ жақтан кеште қып-қызыл от жанып тұрады. Қиындықты еңсере отырып, Жеңіс күнін де қарсы алдық.  Әкем соғыстан аман оралды. 1941-1952 жылдар аралығында бухгалтер боп қызмет атқардым. Соғыстан кейін ұжымшарлар мен оның мүшелеріне несие берді. Қомақты қаржыны ауданнан атпен алып келемін, адамдардың жоқшылық уақыт болса да, ниеті бұзылмаған кезі ғой, жолымызды ұры-қары торуылдамайтын еді. 1952 жылы майдангер Дәукен Айтжановпен шаңырақ көтердім. Ол 1944 жылы он сегіз жасында соғысқа аттанып, 1950 жылға дейін әскер қатарында болғанды. 1952 жылы отбасымызбен Сайқынға көшіп келдік. Дәукен  заготзернода бухгалтер боп жұмыс атқарса, өзім  асхананың, кейін  аудан орталығындағы  дүкеннің  меңгерушісі болдым. Ерімнің қызмет бабымен Жәнібек ауданындағы «Ұзынкөл», «Қайрат» кеңшарларында тұрып, балабақша, дүкен меңгерушісі міндетін атқардым. 1978 жылы отағасы өмірден озды. Адал қызметім мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, бірнеше рет алғысхаттар мен мақтау қағаздарына ие болдым. Коммунистік партия қатары-на қабылдандым. «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдығы»  мерекелік медальдарымен марапатталдым». Әжеміз сексен жылдай бұрын болған оқиғаларды осылайша қаз қалпында баяндап берді.

Әженің қолындағы келіні, Ғ.Абдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектепте  қызмет атқарып, бүгінде Тау ауылдық округі  аналар  кеңесінің төрайымы Риза Қайырманқызының да енесіне деген құрметі ерекше. – Ене мен келін тату болса, әке де, бала да риза, жүздері шат, өмірлері де нұрлы. Ол үшін ене ақылды,  кешірімді, мейірімді болуы керек деп ойлаймын. Анамыз – иманы аузында, Аллаға құлшылық етіп, намазға жығылатын, бала-шаға, тума-туыс, ел-жұртқа бата беруден жаңылмайтын асыл  қазынамыз. Алты баласынан  9 немере, 8 жиен, 14 шөбере, 7 жиеншар сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп, бақытқа бөленіп отыр. Зейнеткерлік жасымда да қоғамдық жұмыстан қол үзбеуіме осынау отбасымдағы сыйластықтың арқасында  қолдау таптым. Анамызға Алла күш-қуат беріп, бұлағымыз суалмай, мәуелі бәйтерек болып, ортамызда аман отырсын, – дейді Риза апай.

 Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале