17.12.2021, 10:41
Оқылды: 129

Ғажайып әдебиет әлемі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және  Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс  Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылғанына 150  жыл  толуына байланысты Орал өңіріне қоныс  аударып, өмір сүрген  түрлі  ұлт  ақын-жазушыларының шығармашылығын  оқырман қауымға кеңінен насихаттау  мақсатында «Әдеби марафон» жобасы жарияланған еді.  

2EE30714-3BEC-4026-B47F-2D4F9758DBCE

Аталмыш байқауға облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы  кітапханасы  да қатысуға ниет білдіріп, кітапхана жоспарына  сәйкес  түрлі мәдени-әдеби іс-шараларын жүзеге асыруда. Атап айтсақ, 1-14 маусым күндері аралығында «Татар әдебиеті» марафоны аясында кітапханада татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың 135 жылдығына арналған «Духовная родина поэта» әдеби-поэзиялық кеш оздырылды. Шара барысында  аз ғана ғұмыр кешкен Ғабдолла Тоқайдың қиындыққа толы балалық шағы мен өмірі, алғашқы тырнақалды шығармаларының жарық көруі туралы айтылды. Ата-анасынан тым ерте айырылып, тағдыр тәлкегін тартқан болашақ ақын  Орал қаласына жолы  түсіп, өмірінің белгілі бір кезеңін осында өткізді. Осыған орай өлкеміздің  ақын өмірінде алған орны жайында  тың әрі  қызықты ақпараттар берілді.

Кітапхана қорындағы ақынның бедерлі-нүктелі қаріптегі әдебиеттері, дыбыстандырылған кітаптары таныстырылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері  Г.Қажығалиева ақынның «Гений» өлеңін, А.Абдулова «Летняя  заря», Ә.Сағынғалиева «Татар жастары»  өлеңдерін оқыса, кітапхана оқырмандары  Ю.Пархоменко ақын В.Трофимовтың Ғабдолла Тоқайға арнаған  «Домик Тукая» туындысын, Г. Ізтілеуова ақынның «На распутье»  өлеңдерін оқыды. Кешке қатысқан  кітапхана оқырмандары  қысқа ғұмыр кешсе де артына өшпес із қалдырған татар ақынын әрдайым жоғары бағалайтындарын айтып, өз ойларымен бөлісті.

Іс-шара белорусь әдебиетіне арналған әдеби-музыкалық композицияға ұласты.

Онда белорусь халқының ақындары мен  зағип ақын, педагог, аудармашы  Янка Журбаның  шығармашылығын  насихаттауға арналды. Кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері  Я.Журбаның  «Пчелка», Якуб Коластың  «На полі вясною»  өлеңдерін оқып,  композитор Эдуард Ханоктың «Вы шумите, берёзы» әнін шырқады.

Жобаның орыс әдебиетіне арналған  кезеңінде «Золотой век русской литературы» атты әдеби портрет кеші оздырылды. Кеште ХІХ ғасырдың басындағы орыс әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары жайында сөз қозғалып,  кітапхана қорындағы бедерлі нүктелі қаріптегі, электронды кітаптары  таныстырылды. Оқырман қауымға кеңінен танымал А. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан «Письмо Татьяны» үзіндісін «Муза» клубының жетекшісі А. Абдулова нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар украин әдебиетін таныстыру мақсатында «Украинские мотивы» әдеби-әуен кеші болып өтті.  Кеште украин әдебиетінде ойып тұрып орын алған ақын-жазушылар шығармашылығы мен өмірбаяндары таныстырылды. Ақын Тарас Шевченконың туындылары оқылып, кітапхана қызметкері К.Кадырбекова мен  белсенді оқырман Ю.Пархоменко украин халық әнін тамылжыта шырқады.

Марафонда қазақ әдебиетінің өрісінде сан түрлі тақырыпта қалам тартқан қаламгерлер шығармалары  насихатталып,  «Қазақ әдебиетінің рухани қазынасы»  атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды.  Күллі  қазақ  даласын  тебіренткен  Жұбан ақынның «Мен – қазақпын!» туындысымен ашылған шарада әдебиет әлемінде өшпес ізін қалдырған  ақын-жазушылар туралы айтылды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Махаббат диалогы» өлеңін тифло ақпараттық-библиографиялық бөлім басшысы Кербез Қадырбекова  ерекше форматта  ұсынды. Шара А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының «Шұғыла» би ансамблінің әсем биімен тәмамдалды.

Жыл бойы оздырылып келе жатқан  марафон аясында  кітапхана оқырмандары туған халқымыз бен өзге  ұлт әдебиеттерімен таныс болды.

 Гүлбану Қажығалиева,

облыстық зағип және нашар көретін   азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының библиографы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале