22.06.2023, 15:45
Оқылды: 129

Генералдар келген күн

«Ішкі  істер  құрылымдары мен Ұлттық  ұлан  ардагерлерінің қазақстандық кеңесі» ҚБ-ның төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтың  төрағалығымен  Орал қаласында аймақтық семинар-кеңес өтті. 

bce4dfbd-c7f3-4c2d-a90a-779204240f09

Оған Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан полиция қызметі, Ұлттық ұлан және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ардагерлері шақырылды. Сонымен бірге жергілікті жеке құрам өкілдері қатысқан бұл алқалы жиында БҚО ПД басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев құрметті меймандарға «Қош келдіңіз» айтып, аға буынның Ақ Жайық жағасындағы жүздесулері сәтті өтуіне  ізгі  тілегін  білдірді.

Иә, «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел». Өмірден көрген түйін мен тұрмыстан алған тәжірибенің жас буынға берер тағылымы аз болмаса керек. Жұртымыздың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде ақсақалдық өнеге – бүтіндей бір институттың жүгін көтерген десек те болады. Ол тұста сот та, прокуратура да, полиция құрылымдары да болмаған. Осыдан алпыс жыл бұрын тәртіп сақшылары қатарына қосылған бүгінгі генерал-майор Өмірзақ Қоспанұлы өз әңгімесін сол көне тарихымызбен сабақтастырып, бүгінгі күннің мақсат-міндеттерін де назардан тыс қалдырмады. Осынау ұлы дәстүрді жаңаша жаңғырту, заман болмысына қарай тәрбиелік-тәлімдік үрдіске айналдыру уақыт талабы екенін айтты. Одан әрі Ө. Болсамбеков бастаған делегация қаладағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөліміне аялдап, бұл жерде де әсерлі әңгіме тиегі ағытылды. Өз кезегінде Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, 45 жыл ғұмырын әскери салаға арнаған генерал-майор Қалиақпар Тоқышев  ойын былайша сабақтады. Алдымен, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қарапайым сөзде асқан қуат барын алға тартқан ол жаңаның бәрі жақсы да, ескінің бәрі жаман деген ойдан аулақ жүру қажеттігін ескертті. Жаһанданудың толассыз толқыны ұлттық ұғымдарды тұмшалап жатқан қазіргі кезеңде сана сергек, ой орамды болса ғана ұтарымыздың аз болмайтынына тоқталды. Өзге де өзекті жайлар ортаға тасталып, ізгілік пен игілікке жөн сілтеуде қариялар жүгі ешқашан жеңілдемейтіні тілге тиек етілді. Мұның бәрі жас ұрпақтың болашағы баянды болса деген арман-мақсатпен ұштасып жатқанын, сағынышқа айналған өзінің әскери өмірінің кейбір сәттерін келісті өрді. Бөлім командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров әскери қызметтегі басты талап – тәртіп пен дайындық екенін баяндап, осындай кездесулер жас сардарлар мен сарбаздарға ерекше әсер сыйлайтынын жеткізді. Әрі өңір қонақтарына өлке тарихынан сыр шертетін кітаптар сыйлап, естелік суретке түсуді  де  ұмыт  қалдырмады.

953348e2-d93a-4752-8437-2ef104170a71

Сапар аясында қос генерал бастаған игі жақсылар ішкі істер құрылымында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Сол жерден осы күні 85 жасқа толып жатқан қадірменді ақсақал, полиция ардагері, доғарыстағы полковник Қадырболат Ғаббасовтың шаңырағына ат басын бұрып, мерейтой иесінің қуанышына ортақтасты. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанған генералдарды жиналған ағайын-туыс құшақ жая қарсы алып, қазақы салтпен қара шаңырақтың төрін ұсынды. Ұлттық ұлағатымыз бен саф алтындай салт-дәстүріміздің сардар сақшылары саналатын аға толқынның өкілдері Қадырболат Есмұхамбетұлының иығына шапан жауып, құттықтау хатқа қоса, қазақстандық полицейлердің ерлік істері баяндалған құнды кітапты сыйлады. Бұдан бөлек салауатты өмір салтын ұстанған қарияға спорттық костюм  тарту  етті.

Шынында, даланың дана қарттары біздің ұлы тарихымызда ұлық міндеттерді атқарған. Әлі де солай! Көпті көргендердің ақыл-ойы – сарқылмас алтын қазына. Осы жолы да сондай бір ізгілікті іс жалғасын тапты. «Жақсыдан – шарапат» демекші, облысымызға генералдардың келуімен сабақтас БҚО ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев облыстық департамент басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бұйрығымен кеңесшілікке тағайындалды. Бұл да үлкендерімізге деген құрмет пен ілтипаттың бір көрінісі болса керек. Сонау 1977 жылдан тыныштық сақшыларының сапында келе жатқан, аудандық, облыстық деңгейдегі бірнеше лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарған Еділхан Нұртазаұлына мәртебеңіз биіктей түссін дейміз.

Тобықтай түйініміз: қарияларымыздың қатары азаймай, олардың даналыққа суарылған дара сөздері жастарымыздың жан дүниесіне  шуағын  түсіре  бергей!

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале