29.11.2022, 9:46
Оқылды: 58

Германия мен Бельгияның жағдайы қиын

Осы аптада Катар стадиондары әлем чемпионатының топтық кезеңдерінің екінші тур  ойындары жалғасады. Әдеттегідей матчтарды «А» және «В» тобының командалары бастады.

IMG-20221129-WA0014

«А» тобында Нидерланд командасы таңдаулылардың бірі саналғанымен Эквадор мен Сенегал бұл пікірмен келіскісі келмейді. Әсіресе, эквадорлық аяқдопшылар болжамды жоққа шығарғысы келгендей. Өйткені екінші турда Нидарланд құрамасымен кездескен оңтүстік америкалық ұжым 1:1 есебімен тең ойнады. Енді соңғы турда Голландия Катармен ойнаса, Эквадор мен Сенегал өзара мықтыны анықтайды. Нидерланд құрамасы Катарды жеңері анық. Ал Эквадор мен Сенегал плей-оффқа берілер жолдама үшін  жан алысып жан берісері сөзсіз.

«В» тобы. Бірінші турда Англия құрамасынан қақпаға 6 гол жіберіп алған Иран командасы көпшіліктің ойынша алысқа бармайтындай көрініп еді. Екінші турда ес жиып, Гаррет Бэйл бастаған Уэльс құрамасын 2:0 есебімен жалп еткізді. Ал Иранды аямаған ағылшын футболшылары АҚШ құрамасына тіс батыра алмай, плей-офф мәселесін соңғы турға қалдырды.

«С» тобы. Бірінші турдың ең шулы сенсациясы орын алған топтағы жағдай да қызық. Екінші турда жанкүйерлері алдындағы кінәсін жуып-шайғысы келген Аргентина Мексиканы 2:0 есебімен жеңсе, Поляктар Сауд Арабиясының футболшыларын дәл осындай есеппен қапы қалдырды. Бір айта кететін жайт, польшалықтардың басты жұлдызы Роберт Левандовский әлем чемпионатындағы  алғашқы голын соқты.

«D» тобы. Франция келесі кезеңі мәселесін шешіп қойды. Екінші турда даниялықтардың тегеурінді қарсылығына ұшырағанымен, үш жолақты елдің жігіттері 2:1 есебімен жеңіп, өздеріне тиесілі үш ұпайын алды. Ал Аустралия Тунис құрамасын жеңіп, топ-та екінші орынға көтерілді. Енді соңғы турда екінші орын үшін Дания мен Аустралия таласады. Бұл топтағы екінші орын үшін болатын талас қызығырақ. Францияны жеңсек, біз де дәмеліміз деген тунис құрамасы да соңғы  турда аянып қалмайды-ау.

«Е» тобында да бірінші тур сенсация сыйлағанын жанкүйер ұмыта қоймады. Германияны жеңген Жапон құрамасы екінші турда Коста-Риканы ұтып, «Плей-оффқа шығады» деген болжам жоққа шықты. Матч соңында Коста-Рика ойыншылары жеңіп кетті. Ал топ фавориттері саналған Германия мен Испания 1:1 есебін тіркеп, ұпай бөлісті. Соңғы турда жапондар Испаниямен Германия Коста-Рикамен кездеседі. Немістер топтан шыққысы келсе, қарсыласын жеңіп, Жапонияның ұтылғанын  тілейтін болады.

«Ғ» тобы. Екінші турда да кішігірім сенсация орын алды. Марокко құрамасымен ойнаған Бельгия футболшылары қарсыластарынан 2:0 есебімен жеңіліп, соңғы тур алдында жағдайын қиындатып алды. Енді Де Брюйне мен оның достары соңғы турда Хорватия командасын жеңуі керек. Әйтпесе, қарқыны қатты Марокко үшінші турда Канададан  айласын асыруы әбден мүмкін.

Екінші турдың кей ойындарынан соң әлем чемпионатының үздік сұр мергендер тізімін үш гол соққан франциялық талант Килиан Мбаппе бастады. Одан бөлек эквадорлық Эннер Валенсияның еншісінде де үш гол бар. Ал белсенді ойыншылар тізімінде екі нәтижелі пас шығарған португалдық Бруно Фернандеш, ағылшын Харри Кейн, фрнцуз Тео Эрнандес, испандық Жорди Альба, хорват Иван Перишич алда келеді. Ал «гол+пас» көрсеткіші бойынша қарар болсақ, бұл тізімді үш гол мен бір нәтижелі пасты өз атына жазған Франция ойыншысы Килиан Мбаппе бастап тұр. Екінші орында испандық Альваро Мората, үштікті аргентиналық Леонель Месси түйіндеген. Бұл тізімде ирандық Мехди Тареми де бар.

Бірінші тур ойынының алдында «One Love»  белгісі бар капитандық таңғышты тағуға рұқсат бермеген  ФИФА басшылығына наразылық ретінде командалық суретке ауыздарын алақанымен жауып түскен Герман футболшыларын катарлықтар мазақ етті. 2018 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен соң түбі түрік Месут Өзілді қатты сынға алып, оның құрамадан кетуіне себепкер болған кезде толлерантты болмадыңыздар ма деген емеурінді білдіргісі келгендей, Катар жанкүйерлері Испания мен Германия  матчына  Месуттің  суреттерімен келді.

Бельгияны жеңген соң Марокко құрамасының ойыншысы Ашраф Хакими бірден трибунаға бет алып, жеңісін анасымен бірге тойлады. Оның анасы Саида Моуды маңдайынан сүйіп, жейдесін сыйлап жатқан сурет осы күні екінші турдың басты жаңалығына айналғандай.

Түгелбай Кенжеғалиұлы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале