ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Гонконг қаласында өтіп жатқан семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан командасы тарихи нәтиже көрсетіп, ел спорт тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Фото: DRSQazaqstan
Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимовтан тұрған төрттік финалда Украина семсерлесушілерін 45-40 есебімен тізе бүктіріп, бас жүлдені еншіледі. Осыған дейін ерлер құрамасының әлем чемпионатындағы үздік көрсеткіші былтырғы қола медаль болатын. Жалпы әлем рейтингінде 5-орында тұрған ұлттық құрама бұл жолы 1/16 айналымнан бастап Финляндия, Өзбекстан, Дания және жартылай финалда Мысыр құрамасын (41-32) жеңіп, ақтық сынға шыққан еді.