15.04.2026, 15:30
Оқылды: 50

Ғылым  етті  ірі  қара  генетикасын қалай  зерттеуде?

форум зкату

Жәңгір  хан  атындағы  Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық  университетінде  «Етті  мал  шаруашылығы:  ғылым,  технологиялар,  тұрақты  даму»  тақырыбында  XXVI  халықаралық  ғылыми-практикалық  конференция  өтті.

Ғылым айлығы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі конференция бұл жолы қазақтың ақбас ірі қара мал тұқымының қалыптасқанына 75 жыл толуымен орайластырылды. Оның пленарлық отырысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Бағлан Аймырзаев, университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Ресей ғалымдары қатысты.

Ғылыми форумды ашқан  университет ректоры  Асқар Наметов  осы жиынға қатысып отырған барша ғалымды  ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады. Сонымен қатар етті мал шаруашылығын аграрлық экономиканың стратегиялық маңызды саласы ретінде дамыту бағытында ізденетін зерттеу-шілердің, оқытушылардың, практик-мамандардың және шетел ғалымдарының басын біріктірген конференция жұмысына сәттілік тіледі.  Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов  жиналған қауымды төл мерекемен құттықтай келе, қазіргі  жаһандық сын-қатер жағдайында малдың генетикалық әлеуетін арттыру, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіру, цифрлық және биотехнологиялық шешімдерді енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Етті малдың  42%-ы – Ақ Жайықта

– Батыс Қазақстан облысы – республика көлемінде етті мал шаруашылығы саласы қарқынды дамып отырған өңір. Саладағы жеткен жетістіктеріміз аз емес. Елі-міздегі етті бағыттағы ірі қара малдың 42%-ы өңірімізде шоғырланған. Облыс сиыр, қой, жылқы етімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес облыстарды да қамтиды. Сондай-ақ өңіріміз – республикамыздың кейбір облыстарында да бордақыланатын малдың негізгі жеткізушісі. Жүйелі түрде жүргізіліп отырған селекциялық жұмыстардың нәтижесінде малдың өнімділігі артып келеді. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы
құрылымдарында союға жіберілген ірі қара малдың орташа тірі салмағы 9%-ға өсіп, орта есеппен 399 келіні құрады, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Ақ Жайық өңірі етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымының, еділбай қой тұқымының, көшім жылқы тұқымының отаны саналады. Облыс көлемінде қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін 472 шаруа қожалығында 139 мың бас өсірілуде. Бұл облыстағы барлық асыл тұқымды малдың 80%-ын құрайды. Салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мәселен, етті мал шаруашылығын қолдау үшін субсидиялау түрінде өткен жылы 7,7 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар АӨК саласындағы жобаларға несие беру бағдарлама аясында 2,5%-бен 5 мың басқа арналған екі бордақылау алаңын және 5000 бастан жоғары қой фермасын құру үшін 1,5 млрд теңге бағытталады. Биыл аталған жобалар іске қосылмақ.

Жиында «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы, кәсіпкер Темірғали Ескендіров өзінің осы оқу орнының түлегі екенін айтып, барша ғалымды мерекемен құттықтады. Партия атынан бірқатар қызметкерге алғысхат табыс етті.

Төрт аталық із және жаңа тип

– Дәстүрлі конференция тақырыбы – қазақтың ақбас тұқымының 75 жылдық мерейтойымен орайластырылған. Бұл – отандық селекциялық ғылымның ірі жетістігі әрі Қазақстандағы заманауи етті мал шаруашылығының қалыптасуында маңызды рөл атқарған бірегей тұқым.  Қазақтың ақбас тұқымды малы өзінің өнімділік көрсеткіштері және етінің сапасы бойынша әлемдік деңгейде та-
нылған. Ғылыми басқосуда алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісуде. Конференцияның ерекшелігі тек ауыл шаруашылығын ғана емес, экономиканың көптеген саласын қамтуда. Соның ішінде мұнай, энергетика, құрылыс және басқа да салалардағы мәселелер талқылануда. Осындай тәжірибе алмасудың арқасында ғылыми ынтымақтастық тереңдейді, – деді аталған университеттің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Әлжан Шәм-шідін. Оның айтуынша, қазақтың ақбас тұқымы – жақсы дамып келе жатқан тұқымдардың бірі. БҚАТУ ғалымдары да тұқымды дамытуға үлестерін қосуда. Соңғы бес жылдың ішінде ақбас тұқымды ірі қара малының төрт аталық ізі шығарылды. Жаңа оңтүстік типі шығарылу үстінде. 2021 жылы генетикалық құжаттау жөніндегі заманауи зертхана іске қосылды. Сонымен қатар ақбас тұқымды халықаралық деңгейде танытуға көңіл бөлінуде. Университет ғалымдары тек өңірдегі емес, күллі еліміздегі етті тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтармен ғылыми байланыста еңбектеніп келеді. Барлық облыстағы мұндай тұқымды малдың селекциясымен негізінен батысқазақстандық ғалымдар айналысады.

– Қазақстанда 20 шаруашылық Қытайға ет экспорттайды. Ол елге ет шығарудың өзіндік қиындықтары бар. Өйткені Қытайдың зертханалық нәтижелерге қоятын талаптары қатаңдау. Қытай-
лықтар қай елден ет экспорттайтын болса, сол елге өздерінің өкілетті құрылымдарының инспекторларын жіберіп, тексереді. Мал етін сыртқа шығаратын шаруашылықты, ет комбинатын өздері көріп, қарайды. Қазіргі уақытта елімізден сыртқа ет экспорттауға шектеу салынған. Бұл іс-шара ішкі нарықта ет бағасын тұрақтандыруды көздейді. Алдағы кезде етті сыртқа шығарғысы келетін шаруашылықтар малға ветеринарлық іс-шараларды уақтылы жүргізулері керек, – деді Әлжан Смайылұлы.

Жаңа технологияларға батыл қадам

Биология ғылымдарының кандидаты, Қазан мемлекеттік аграрлық университетінің иммунология және биотехнология зертханасының меңгерушісі Хамид Гильманов аталған конференцияда азық-түлік шикізатын ДНҚ-аутентификациялау туралы және  ауыл шаруашылығында, соның ішінде етті ірі қара мал шаруашылығында қолдануға болатын ДНҚ технологиялар туралы баяндады. Ғалымның сөзіне сүйенсек, Қазан университеті мен оралдық ЖОО ғалымдары ет-ті мал шаруашылығы тақырыбындағы бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асырған. Бұл салада үш жылдан бері ынтымақтастық орнатып, табысты  жұмыс  істеуде.

– Әдетте етті мал шаруашылығында негізінен ет шикізатының саны мен сапасына басымдық беріледі. Ал біз өз жұмысымызда сапаға ерекше көңіл бөлеміз, яғни еттің жұмсақтығы, мәрмәрлігі және май мөлшеріне назар аударамыз. Осы мақсатта біз ДНҚ-аутентификацияның түрлі тәсілдерін әзірлеудеміз. Бұл әдістер бізге жануарлардың бойындағы қажетті гендерді анықтап, сол арқылы селекциялық жұмысты дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай әдістеменің артықшылығы – геномдық селекция дәстүрлі әдістермен салыстырғанда әлдеқайда жылдам жүзеге асады. Жоғары сапалы ет өнімін алу үшін  зерттеу барысында қажетті гендерді анықтаймыз. Ондай гендер әлем бойынша белгілі және өндірісте қолданылып келеді. Сонымен қатар біз бұл гендерді жергілікті (аборигенді) мал ағзасы арқылы да тексеріп, олардың май қабатының деңгейін зерттейміз. Бұл көрсеткіштер арнайы әдістер арқылы анықталады. Кейін фенотиптік және генетикалық деректерді біріктіріп, нақты нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Хамид Гильманов.

Ғылыми жиында Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының доценті Фозилжан Саиткулов  гидрогельдердің (су сіңіріп, өз ішінде көп мөлшерде суды ұстап тұратын арнайы полимерлі материал) алынуы және олардың биологиялық қасиеттері туралы, сондай-ақ гидрогель көмегімен шөлді аймақтарда өсімдіктерді өсіру мүмкіндігі тақырыбында баяндама жасады.  «Осы мақсатта арнайы гидрогельдік капсула дайындалады. Оның ішіне әртүрлі өсімдіктердің тұқымдары салынады, мысалға, сексеуілдің тұқымы. Себебі оның тұқымдары өте
ұсақ болады. Гидрогель өсім-дікке су мен қоректік заттарды тамшылатып беріп отырады, яғни өсімдіктің бір-тіндеп, тұрақты түрде өсуіне жағдай жасайды. Бұл жоба Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті мен Ташкент химия-технология институтының бірлескен ғылыми жобасы болып табылады.  Жоба жаңадан қолға алын-ды. Ол тәжірибелік түрде іске асырылуда. Алдағы уақытта Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеу жоспарлануда. Сондай-ақ бұл жұмысқа студенттер, магистранттар және докторанттар да тартылады», – деді ғалым Фозилжан Саиткулов.

Жергілікті ғалымдар ізденісі

Халықаралық ғылыми конференцияда негізгі баяндамалар 2026-2035 жылдарға арналған мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспарындағы  етті мал шаруашылығын дамыту, малды азықтандыру, ұрықтандыру, қазақтың ақбас тұқымды малын өсіру тақырыптарын қаузады. «2012 жылдан бері Қазақстанда ғылымды дамытуға құйылған қаржының көлемі бес есе өсті. Соның арқасында ғалымдар зерттеулерді үдетті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен бір бағдарламаны жүзеге асырудамыз. Оған біздің ғалымдармен бірге еліміздегі  тоғыз ғылыми-зерттеу мекеме ғалымдары қатысуда. Онда жайылымдарды пайдалану, малды азықтандыру және мал азығының оның өнімділігіне, сүттілігіне, етті болуына қалай әсер ететінін зерттеп, нәтижелерін ұсынамыз. Біздің өңірде 6 млн 200 гектар жайылым қолданыста бар. Сол көлемдегі жайылымдық жердің 40%-ға жуығы түрлі деңгейде тапталғанын анықтадық. Енді осы жағдайды қайтып түзейміз деп ізденудеміз. Біріншіден, мұндай жағдайға климаттық факторлар, жаһандық жылыну әсерін тигізуде. Сонымен қатар адамдық, антропогендік факторлар да зардабын тигізеді. Әрине, климаттық факторларға адамның әсері онша болмайды. Ал шаруалардың көмегімен жайылымдарға антропогендік факторларды азайтуға болады. Осы бағытта ұсынбалар дайындаудамыз», – деді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бейбіт Нәсиев.

Ғылыми-практикалық конференция жұмысы «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Техникалық ғылымдар», «Гуманитарлық және экономикалық ғылымдар» секциялық отырыстарымен жалғасты. Бұл ғылыми жиын өңіріміздің іргелі зерттеулер мен қолданбалы әзірлемелер тоғысатын, етті мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды ғылыми-өндірістік алаң екенін және алда талай жетістіктер болатынын анық аңғартты. Ғалымдар өткен ғасырда қазақ даласында британдық герефорд бұқасы мен қалмақтың ірі қарасын будандастыру арқылы пайда болған қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын әлемге таныту жолында еңбектенуде.

Гүлбаршын Әжігереева, 

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале