24.08.2021, 9:51
Оқылды: 280

«Ғылым – менің өмірім»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Шәркүл Таубайқызын менің ұстазым, педагогика ғылымдарының докторы Әлия Меңдешқызы Мұханбетжанова арқылы таныған едім. «Ресей және шетел ғалымдарын зерделеген дұрыс, бірақ қазақстандық ғалымдардың еңбектерін оқу қажет, соның ішінде мықты методолог, теория мен тәжірибені терең зерттеген осы адам», – деп Шәркүл Таубаеваның бірнеше еңбегін атаған еді.

198d8ca792936f9f684ce3c5c1a82e09

Осылайша менің Таубаеваны тануым ХХ ғасырдың аяғында басталды. Әлі күнге дейін оның әдіснамалық еңбектері менің үстелімнен табылады. Осы аралықта Шәркүл Таубайқызымен өзім таныстым, ғылыми кеңестер алдым. Әлі де ақылдасып тұрамын, бірлескен ғылыми зерттеулер, мақалалар жаздық, жеке кездесуде де, телефонмен сөйлесу арқылы да академиялық тұрғыдағы әңгімелеріміз жалғасып келеді.

Ғылым докторлары, соның ішінде, педагогика ғылымдарының докторлары бізде аз емес. Ал ғылыми тереңдік пен әдіснамалық мәдениетті синтездей отырып, мұғалімнің зерттеушілік мәдениеті, педагогиканың философиясы, дидактикасы туралы қазақстандық ғылымға елеулі үлес қосқан бірден-бір ғалым – Шәркүл Таубаева. Ғалымның өмір жолын шола отырып, Қызылорда өңірінде дүниеге келген ауыл қызының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры дәрежесіне өз еңбегі, үздіксіз ізденуі арқылы қол жеткізгеніне, алдына қойған мақсатын орындауда табанды болғанына көзім жетті. М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын үздік бітіріп, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бастауыш сыныптар және тарих пәні мұғалімі болып істеген. Одан соң өзі оқыған институттың аспирантурасына шақырылып, ғылым әлеміне жол ашылған. Содан кейін республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының озат педагогикалық тәжірибені ендіру кабинетінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы ғылымзерттеу институтының педагогикалық зерттеулерді үйлестіру бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ғылым жетістіктері мен озат педагогикалық тәжірибені ендіру бөлімінің меңгерушісі, ғалым хатшысы, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде факультет деканы, оқу-әдістемелік бірлестік жөніндегі проректор, республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің төрайымы ретінде жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім беру стандарттарының негізі қалануына атсалысты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап төл оқулықтары мен оқу кешендерін өзімізде жасауға негіз болған «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері үшін оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендер даярлаудың мақсатты бағдарламасын» құруға, оны жүзеге асыруға белсене араласты. Шәркүл Таубаева, шын мәнінде, осы 30 жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанның педагогика ғылымының өркендеп, дамуына  қомақты үлес қосуда. Оның ғылыми қызметі негізінен отандық білім беру жүйесін дамытудың көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталды. Жаңа білім беру мазмұнын жасау, инновациялық оқыту мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеу жобаларына, атап айтқанда, «Кредиттік оқытуға көшу жағдайындағы педагогикалық ЖОО оқу үдерісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету», «Педагогикадағы әдіснамалық білімді құрылымдау мен құрастыру – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін дамыту факторы» тақырыбында ғылыми талдаулар жасады. Сондай-ақ «Қазақстан мен Еуропа елдерінің білім беру саясатын зерттеу: адами ресурстар мен интеллектуалдық әлеуетті қалыптастыруды салыстырмалы талдау аспектісі», «Қазақстанның замануи жастарының өзін-өзі кәсіби анықтау дағдыларын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» атты ғылыми жобалар бойынша  бірнеше ұжымдық монографияда зерттеу нәтижелері жарық көрді.

Тәуелсіздік жылдары кан-дидаттық және докторлық диссертациясын қорғап, ғылыми ортадан өз орнын алған Шәркүл Таубайқызы бүгінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі. Педагогикалық ғылымтану саласының маманы ретінде озат педагогикалық тәжірибені жинақтау, педагогика әдіснамасы, педагогикалық инноватика, жоғары және орта мектеп дидактикасы туралы ғылыми еңбектердің авторы. Ресей білім академиясында және Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінде «Болашақ» бағдарламасы аясында «Педагогикалық диагностика. Білім беру сапасын бағалау және басқару» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп, ең аз зерттелген «Педагогикалық өлшемдер» саласын меңгерген,  шетелдік зерттеушілердің білім сапасын арттыру, оқу жетістіктерін бағалау құралдарын зерделеген бірден-бір ғалым екенін атап айту керек. Ресейлік ғалымдармен бірге педагогикалық өлшемдердің мақсат-мазмұнын, қызметі мен кіріктіру тәсілдерін тәжірибе арқылы өңдеу, тестілеу теориясы мен тәжірибесі негізінде екі ел ғалымдарының бірлесіп атқарған ғылыми  жұмыстары елімізде педагогикалық өлшемдерді енгізу тәжірибесін нығайтуға үлкен үлес қосты. Бүгіндері университеттерде оқу құралы болып жүрген «Педагогикалық өлшемдер теориялық негіздері» атты ұжымдық еңбегі білім беру үдерісінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау, мониторингілеу және диагностикалаудан құнды оқулық болып отыр. Оның мазмұны бойынша жасалған авторлық оқу-әдістемелік кешендері жүзеге асырылуда.

Ғалымның авторлық оқулықтары мен монографиялары жоғары оқу орындары және жоғары оқу орнынан кейінгі сатыларында болашақ маман даярлауда магистранттар мен докторанттардың зерттеушілік құзыреттіліктері мен  қабілеттер қатарын меңгеруде «Педагогиканың философиясы және әдіснамасы», «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» атты оқулықтары 2016 жылдан бері  ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік бағдарламаға сәйкес қолданылып келеді. Аталған автордың ғылыми еңбектері отандық педагогика ғылымына сүбелі үлес болып отыр. Қысқаша тоқтала кетсек, ғылым философиясы мен әдіснaмaсынa негізделген «Педaгогикaның философиясы және әдіснaмaсы» оқулығында педaгогикaның әдіснaмaлық қоры, ғылыми-педaгогикaлық тaным әдіснaмaсы, педaгогикaлық зерттеулердің әдіснaмaсы мен әдістемесі, педaгогтің зерттеушілік мәдениеті турaлы ғылыми-прaктикaлық білімдер жүйеленіп,  сипaттaлған.

Ғалымның пайындауынша, білім беру жүйесі әрекетінің тиімділігі педaгогикa ғылымының жетістіктеріне тікелей бaйлaнысты. Әрбір келесі ұрпaқты қaлaйшa оқытуды және тәрбиелеу керектігін білім беру сaлaсынa жеткізу турaлы күмәнді жaйттaрды aзaйту үшін педaгогикa ұзaқ тaрихи кезеңді бaсынaн кешірді. Әйтсе де, педaгогикa бірден өзін қaлыптaсқaн ғылым деп aтaй aлмaды. Педaгогикaның ғылымилық мәртебесін aлуының ұзaқ жолы – көп рет тексерілген теориялық негіздер, бұл қaғидaлaрды тексеру және қaйтa тексерулер, aдaмзaттың мәдени және өркениеттік жетістіктерін сaқтaуғa және көбейтуге жaуaпты әлеуметтік институтқa қызмет ететіндей, оның шындық болмыстa қaйтa құруғa қaбілетті болуы қaжет еді. Педaгогикa бaсқa ғылымдaрмен тығыз қaрым-қaтынaстa дaмыды. Педaгогикaның жaлпы ғылыми негіздері оның көп ғaсырлық болмысындa мәнді өзгерістерге ұшырaды. Демек, педaгогикa үшін зaмaнaуи сұрaқ: бүгінгі күні педaгогикaның жaлпы ғылымилық бaзaсы қaндaй дей отырып,   ғылымның жaлпы пәндік моделі, ғылым философиясындaғы ғылыми білімнің дaму тұжырымдaмaлaры, педaгогикa әдіснaмaсының дaму кезеңдері, педaгогикaлық зерттеулердегі әдіснaмaлық тұғырлaр жүйесі, диaлектикaның зaңдaры, кaтегориялaры, ұстaнымдaры, тұғырлaры, әдістерінің педaгогикaлық зерттеу әдіснaмaсы ретінде пaйдaлaнылуы қaрaстырылды. «Педaгогикaның философиясы және әдіснaмaсы» пәні оқулығындa бaкaлaвриaттaғы «Психологиялық-педaгогикaлық зерттеулердің әдіснaмaсы және әдістері», «Әлеуметтік-педaгогикaлық зерттеулердің әдіснaмaсы және әдістері», мaгистрaтурaдaғы «Ғылым тaрихы мен философиясы», «Педaгогикaлық зерттеудің әдіснaмaсы және әдістері» пәндерінің мaзмұны тереңдетілді. Оқулықтың негізгі мaқсaты – докторaнттaрғa педaгогикaның философиясы мен әдіснaмaсын меңгерту aрқылы олaрдың педaгогикaның философиялық-әдіснaмaлық негіздерін анықтау, педaгогикaлық зерттеуді жүргізу және ұйымдaстыру туралы әдіснaмaлық білімдерді пaйдaлaну тетіктерін жетік игеруіне көмектесу.

Ғалымның қай еңбегін алсақ та, жүйелік тұғырына басым көңіл бөлетінін байқаймыз. Зерттеулердің мазмұны мен әдістерінің синтезі, педагогикалық жүйе туралы түсініктердің тұтастығы, түрлі әдістемелік модельдер мен жүйелік-педагогикалық зерттеулер нәтижелері тұтастықпен қарастырылады. Өткен ғасырда орын алған жалпығылымдық және әлеуметтік-мәдени жағдайлар жүйетанымдық дәстүрлерді жан-жақты қарап, педагогикалық жүйелер туралы тұтас түсініктер қалыптастыруға алып келді. Нәтижесінде педагогикалық жүйелердің құрылымы мен жүйеқұрушылық мүмкіндіктерін ғана емес, оның педагогикадағы қолданылу кеңістігін гуманитарлық тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік пайда болды. Осы кезеңде педагогика ғылымындағы жүйетанудың әдіснамалық тұжырымдамалары қалыптаса бастады. Бүгінгі адам қызметінің барлық салаларын ғаламдық ақпараттандыру парадигмасы философия ғылымында қалыптасқан тәжірибені түгел зерделеуді қажет ететіні белгілі. Жалпы таным да, әлеуметтік жүйелерді ғылыми тану да танымдық үрдістің өзі үшін емес, олар негізінен адамзат тәжірибесі үшін, табиғи және қоғамдық процестерді саналы түрде ғылыми ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі. Осы орайда Шәркүл Таубаева сынды ғалымның біздің «Педагогикалық жүйетаным негіздері» оқулығымызға пікір жазып, «Докторантура мен магистратураға енгізуге тұратын жұмыс» деп баға бергенін мақтанышпен айта кеткім келеді.

Ш.Таубаева сонымен қатар жоғары оқу орындарында 7М01102 – «Педагогикалық өлшемдер» және 6В01018 – «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» мамандықтарының білім беру бағдарламаларын жазуға тікелей аралысып, жаңа инновациялық бағытта мамандықтың республика деңгейінде елеулі жетістіктерге жетуіне себеп болды. Аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру стандарттары, типтік бағдарламалары дайындалып, оқулық пен оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуіне тікелей араласты. Тынымсыз ізденістері нәтижесінде 2017 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»  грантының иегері атанды. Ресей және де басқа шетел ғалымдарымен шығармашылық байланыс негізінде Чехия, Болгария, Сингапур, Гонконг, Ресей мемлекеттерінің университеттерінде тәжірибе алмасып, халықаралық конференцияларға қатынасып, бірнеше сертификатқа ие болды.

Шәркүл Таубайқызы табиғатынан өте еңбекқор, талдау мен жазуға аса мұқият, үнемі ғылыми ізденісте жүретін жан, өзі де өнімді жазады, шәкірттерінен де соны талап етеді. Мысалы, бүгінге дейін оның 514 ғылыми басылымға шыққан еңбектері бар, соның ішінде, халықаралық деңгейдегі ғылыми дәйексөз индекстері қоры бойынша «Web of Science» 10  мақала, «Scopus» 7 мақала, «РИНЦ»  25 мақала, «elibrary.ru» 26 ғылыми еңбегі шыққан. Қазіргі ғалымдардың қол жеткізуі оңай емес Хирш индексі – «h-index» ғалымның академиялық деңгейін көрсететін белгі, ол өнімділікті мақала саны және дәйексөз алынуы арқылы айқындайды. Шәркүл Таубаевада оның үлесі жоғары екені жүргізілген зерттеулерінің сапасы,  мақалаларының басқа ғылыми еңбектерде келтірілген санын есептеу арқылы анықталған.

Ғылыми еңбекті өнімді жазу ғана емес, өзекті мәселелер бойынша зерттеулер жүргізу, монографиялар мен оқулықтар, оқу құралдарын жазу терең білімділік пен табандылықты қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ш. Таубаева өз авторлығымен және әріптестерімен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарының доктантура, магистратура, бакалавриат деңгейлеріне арналған 36 ғылыми еңбек пен оқулықтар кешенін жазған, авторлық патенттері – 8.

Шәркүл апайдың ғылыми мектебіндегі педагогикалық ғылымтану, педагогтің зерттеушілік мәдениеті, педагогиканың философиясы мен әдіснамасы, зерттеу әдістемесі, жоғары және орта мектеп дидактикасы, педагогикалық инноватика бағыттары бойынша 8 докторлық, 14 кандидаттық диссертация, 6 PhD философия докторы дәрежесіндегі диссертациясы, 30-дан аса магистрлік диссертация қорғалды. Республикадағы қорғалған 52 диссертацияға оппонент болды.

Бүгінде Ш.Таубаева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры, әлі күнге жас ғалымдар тәрбиелеуге тікелей атсалысып, әдіснамалық семинарларға, республикалық және халықаралық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысады. Өзінің қарапайымдылық, тәртіптілік, мақсатқа ұмтылушылық сияқты адами сапаларымен жас ғалымдарға, білім алушыларға заманауи ғалым бейнесінің үлгісі болып жүр.

Бұдан біраз жыл бұрын жетпіс жас мерейтойын атап өткен ғалымның күшқуатқа толы тұлғасы, ғылыми белсенділігі, жастарға бергісіз  ширақ қимылы кейінгіге үлгі боларлық. Жұмыс барысында университеттің профессорқытушылар құрамымен Ресей ғалымдарының инновациялық бағыттағы жаңашыл идеялары мен тәжірибелік бастамаларын бөлiсіп отырады. Белгілі ғалымдарды академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында дәріс оқуға шақырып, пiкiрлестiрiп, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру арқылы ғылыми жаңалықтарды қабылдау, салыстыру, жаңалыққа жетелеу жұмыстарын табысты атқаруда. Таубаеваның ғылыми жаңалықтары жоғары оқу орнынан кейінгі мамандар даярлаудың  теориялық және практикалық мазмұнын жұмыс беруші ұйымдар, мектептер мен коллеждерде тікелей тәжірибеге енгізілген.

Жоғарыда айтылған ғылыми жолымен қатар, апайдың отбасылық өмірі бірдей өріліп келеді. Өз сөзімен айтсақ, «...тек жолдасымды ғана айтсам, оның жүріп өткен өмірлік және кәсіптік жолының өзі бір дастан. Ал қызым мен ұлымның үздік білім алуы өз алдына жастарға тағылым, шетелде ұлы дала елінің ғылыми өрісін жалғастыруы да бір тәжірибе. Немерелерімнің таза қазақша сөйлеуінің өзі үлкен құндылық, күйеу баламның түсінігі мол, біздің отбасының бір баласындай болып сіңуі, келінімнің мейірімді болуы, әулетімнің қуанышына айналуы айрықша бақыт емес пе?!»

Ғалымның кредосы:  «Ғылым – менің өмірім. Ғылыми жұмысқа тек ақыл аздық етеді, сол ақылды керегіне дәл уақытысында өз ретімен пайдалану да керек. ... ғылымда жүргенде адамгершілігің, арың, намысың қатысып шешетін мәселелер көп кездеседі. Бұл шешім өзінің дұрыстығын талай дәлелдеген, сондықтан, кейін ұялмайтындай тірлікке ұмтылған жөн. Әрбір ғалым – тылсым дүние, тұнып тұрған білім маржаны, ғылымның көкжиегіне көз жіберіп тұрған көреген». Бұл сөздер шын мәнінде, Шәркүл апайдың өз болмысын айқын көрсетеді. Отбасына қамқорлығы, досқа адалдығы, асқан еңбекқорлығы, ғылыми көрегендігі мен тереңдігі, ұстаздық ұстамдылығы мен сырбаздығы біз үшін үлкен өнеге. Аман жүріп, алда да талай шәкірттерді ғылымға баули беруге жазсын деп тілеймін.

 

Светлана Бахишева,

педагогика ғылымдарының докторы,

қауымдастырылған профессор,

Орал қаласы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале