Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов жол қауіпсіздігі саласында цифрлық технологияларды қолдану нәтижелері туралы баяндады.

«ТОР» платформасы: ведомствоның барлық салалық цифрлық сервистерін біріктірді. Жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы көлік құралдарына мониторинг жүргізіліп, рөлде 8 сағаттан астам отырған жүргізушілер анықталады, сондай-ақ автокөліктер іздестіріледі.
«Ақылды жаяу жүргінші» жүйесі: өңірлерде жаяу жүргіншілерге жол бермеген автокөліктерді тіркейтін 126 құрылғы жұмыс істейді. Олар орнатылған жерлерде жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілері тіркелмеген.
«Қорғау» жүйесі: жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген, іздеуде жүрген көлік құралдарын жедел анықтауды, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің құқық бұзушылықтарын тіркеуді қамтамасыз етеді.
Құқық бұзушылықтарды тіркейтін автоматтандырылған кешендер: еліміздің жолдарындағы мұндай жүйелердің саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін ұлғайтылды.
Лазерлік жүйелер: түнгі уақытта және ауа райы жағдайы нашарлаған кезде қозғалыс бағытын көрсету үшін жолдардың 22 учаскесіне 56 құрылғы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 20 учаскеге 48 жүйе орнату жоспарлануда.