29.03.2021, 17:57
Оқылды: 323

«Індетті сауда үйі мен емханадан жұқтыру дерегі күрт өсті»

Өңіріміз 20 наурыздан бастап эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес,  «қызыл аймақта». Наурыз айы басталғалы 1868 тұрғын індет жұқтырса, осы аралықта 25 адам коронавирустық инфекцияның асқынуынан қайтыс болған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды.

IMG-20210329-WA0012

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәліметінше, індет жұқтырғандардың 829-ы ЖРВИ бойынша емханаға қаралғанда, 616-сы науқаспен қарым-қатынаста болғандарды сараптамадан өткізгенде анықталған. Сондай-ақ 324 тұрғынның вирус жұқтырғаны профилактикалық мақсатта емханаға қаралғанда, 99-ы стационарға жатқызыларда белгілі болған. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, өңірімізде індеттің өршуіне бірнеше себеп әсер еткен. Оның біріншісі – ақпан және наурыз айларында карантиндік шаралардың жеңілдетілуі және наурызда мейрам күндерінің көп болуы. Соған орай тұрғындар қоғамдық орындар мен көлікте тұмшасыз жүріп, жасырын той-садақа, отбасылық отырыс өткізуді көбейткен. Бүгінде облыстық жұқпалы аурулар стационарында 355 науқас ем қабылдауда. Облыстағы 13 ПТР зертханасында ақпан айында 52730 талдама, ал наурыздың 1-28 аралығында 54628 талдама жасалған. Сондай-ақ соңғы күндері халықаралық шекара арқылы облысымызға ПТР анықтамасынсыз өтпек болған жолаушылар да көбейген. Бірақ олар екі күндік карантинге жатқызылып, ПТР талдама жасалуда.

IMG-20210329-WA0015

-Эпидемиолог мамандар әр науқасқа сауалнама жүргізіп, індетті жұқтыру жағдайын анықтауда. Сол сауалнама нәтижесіне сүйенсек, 566 адам КВИ-ді көпшілік жиналатын сауда үйі мен емханада жұқтырса, 544-і қоғамдық көліктен, 115-і той, садақа  секілді отбасылық шаралардан, 28-і жұмыс орнындағы әріптесінен «жамаған». Сондай-ақ 20 жағдай мейірбике мен дәрігерлердің арасында және жетеуі Ресейден келген азаматтарда тіркелді. Осы орайда облыстағы 168 мониторингтік топтың жұмысы өнімді нәтиже бермей отырғанын айтқым келеді. Өйткені мониторингтік топ мүшелері наурыз айында бетпердесіз жүрген 10 адамға ғана хаттама толтырса, жасырын той жасаған екі мейрамхана, төрт кафені ғана анықтаған. Бірақ жасырын той, садақа, бесік той, туған күн секілді отырыстар жасап жатырғандардың саны әлдеқайда  көп. Індет жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты мониторингтік топтың жұмысын одан әрі ширату қажеттігін айтқым келеді. Коронавирустық жұқпа таралуының алдын алу бағытында карантиндік шараларды күшейттік. Осы орайда мейрам күндері індет жұқтырғандар санының артуына байланысты және олар екі апта инкубациялық кезеңде болатындықтан карантиндік шектеулерді 16 сәуірге дейін ұзартуды ұсынамын,- деді Мұхамғали Арыспаев.

  Британдық штамм екі есе тез таралуда

 Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков Алматы қаласында тіркелген коронавирустық инфекцияның британдық және оңтүстік африкалық штамының қауіптілігін түсіндірді.

       - Бүгінде өңірімізде сегіз жұқпалы аурулар стационары жұмыс істеп тұр. Жансақтау бөліміндегі 62 орынның 15-інде науқас жатыр. Олардың дені қант диабеті, қан-тамыр жүйесінің сырқаттарымен ауырады. Өкінішке орай, жыл басталғалы 68 адамды індеттің ажал «тырнағынан» арашалай алмадық. Нақтырақ тоқталсақ, қаңтарда 28 адам, ақпанда 15, наурыз айы басталғалы 25 тұрғын қайтыс болды. Олардың 36-сы әйел, 32-сі ер адам болатын. Осы орайда өңір тұрғындарына ескертпе айтқым келеді. Егер өзіңізде немесе отбасы мүшелеріңізден тұмаудың белгілерін байқасаңыз, дене қызуы көтеріліп, жөтел, ентігу белгілері пайда болса, үйде болыңыз. Ситуациялық орталыққа немесе «Жедел жәрдемге» хабарласып, дәрігерді үйге шақыртыңыз. КВИ-дің симптомсыз түріне шалдықсаңыз да 14 күн үйде, медицина қызметкерінің амбулаторлық бақылауында тексеріліңіз. Санитарлық-карантиндік талаптарды сақтаңыз. Өйткені Алматы қаласында тіркелген КВИ-дің мутацияланған британдық және оңтүстік африкалық жаңа штамдары адамнан адамға өте тез жұғуда. Алдыңғы штаммен салыстырғанда жаңа штамның жұғу деңгейі 70 пайыздан жоғары. Яғни британдық штамм SARS - CoV-2 вирусының басқа түрлеріне қарағанда шамамен 1,7-2 есе тез таралуда,- деді Арман Талғатұлы.

 Бір айда екі рет тәртіп бұзған «Айзат»

 Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, шаһардағы мониторингтік топтар өз жұмысын күшейтілген режімде жалғастыруда. Жыл басталғалы карантиндік шараларды бұзған 94 жағдай анықталса, оларға 44 хаттама толтырылған. Нәтижесінде заңды және жеке тұлғаларға 3,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал наурыз айында карантиндік шектеу  шараларын бұзған 19 дерек анықталса, оның сегізі соңғы 10 күнде тіркеліп отыр. Нақтырақ айтсақ, қаладағы «Светлана» супермаркеті мен «Акбар» сауда орталығының қызметкерлері тұмша тағу режімін сақтамаса, Зашаған кентіндегі «Айзат» рестораны бір айда екі рет карантиндік талапты бұзып, той өткізген. Сондай-ақ «Березка» саунасы, «Орал Арзан» сауда желісі де  шектеу шараларын елемей жұмыс істеген. Зашаған кентіндегі «Fly Max» ойын-сауық кешенінде балалар мен ересектер карантиндік сақтық шараларын сақтамағаны анықталып, тиісті шаралар қолға алыныпты. Сарытау шағынауданындағы «Дина» тойханасында да 90-нан астам адамдардың қатысуымен той өткені белгілі болған. Мониторингтік тексеріс нәтижесінде жиын-тойлардың дені қаланың шет аймағында орналасқан шағын тойханаларда жиі ұйымдастырылатыны анықталған. Шаһар басшысы мониторингтік топ мүшелері қоғамдық көліктерді тексеруді де назардан тыс қалдырмағанын жеткізді. Жыл басталғалы қалаішілік 350 аутобусқа тексеріс жүргізілсе, олардың бірқатарына айыппұлдар салынған. Әсіресе, қаладағы №7, №6, №45 маршрут бағытындағы аутобустар бойынша тұрғындардан жиі шағым түседі екен. Соған орай тиісті шаралар қабылданып, аутобус паркінің қожайындары мен кондукторларға айыппұл салынған.

 «Ардагерлердің үйіне барып құттықтауды доғарыңыздар!»

-Облыстағы 379 білім беру ұйымының 278-і  штаттық режімде, 100-і аралас форматта, біреуі қашықтан білім беруде. Қазір оқушылар тоқсандық демалыста. Төртінші тоқсан 1 сәуірден басталады. Бірінші сәуірден бастап барлық мектептер карантиндік талаптарға сәйкес, қатаң бақылауға алынбақ. Жалпы орта білім беретін мектептер санитайзер, термометрия, кварц шамдары, дезинфекциялық құралдармен, тұмшалармен, ақпараттық құралдармен толық қамтамасыз етілді. Оқу жылының басында коронавирустық инфекцияны 209 оқушы, 38 ұстаз жұқтырса, үшінші тоқсанда 347 оқушы, 232 педагог КВИ-мен ауырғаны белгілі болды. Бүгінде 64 оқушы мен 38 ұстаз ем қабылдауда. Мектептен вирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Білім беру саласының 521 қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алуға келісімдерін берсе, олардың 254-іне вакцина салынды,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

IMG-20210329-WA0011

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ғали Есқалиев тұрғындардың әлі де жайбарақаттығын ескертіп, сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.  

-Біздің індетпен күресіп келе жатқанымызға бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде тұрғындар қарапайым сақтық шараларын меңгеріп, «Саулық - сақтықта» екенін түсінді. Алайда індет жұқтырғандардың азаюына байланысты шектеу шараларын алып тастасақ, тұрғындар сақтықты ұмытып, жайбарақат кететінін ұқтық. Егер осылай жалғаса берсе, карантин режімін ұзақ сақтауға тура келеді. Оған қоса елімізде коронавирустың жаңа штаммдары пайда болуда. Мамандардың айтуынша, індеттің жаңа түрі тез таралады және ағзаға өте қауіпті. Егер тұрғындар мен кәсіпкерлер тәртіпке бағынбай, карантин талаптарын бұза берсе, жаздағы эпидемиологиялық жағдайға қайта тап болуымыз мүмкін. «Індет маған жоламайды» деп, індетке салғырт қараған азаматтардың кейбірі көз жұмғанын білеміз. Күні бүгінге дейін індеттің қауіптілігін түсінетін уақыт жетті. Тұрғындарға айтарымыз, жасырын той-томалақ өткізуді доғарыңыздар. Өйткені қазір қуаныштың соңы қайғыға ұласып жатырған жағдайлар аз емес. Бізге соғыс, еңбек ардагерлері хабарласып, індет жұқтырғандарын  айтып жатыр. Олар қайдан, қалай, кімнен жұқтырғандарын білмейді. Осыған орай қалада, аудандарда тұратын ардагерлерді үйлеріне барып, мерейтойларымен құттықтауды тоқтатыңыздар деймін. Мамыр айындағы мерекелерде ардагерлерді телефонмен құттықтап, сый-сияпатты барлық санитарлық талаптарды сақтаған еріктілерден беріп жіберіңіздер. Біздің қазіргі кездегі ең басты мақсатымыз – тұрғындардың денсаулығы мен амандығын қамтамасыз ету. Егер облыстағы эпидемиологиялық ахуал жақсармаса, карантиндік шараларды тағы да күшейтуге тура келеді,- деді Ғали Нәжімеденұлы сөз соңында.

IMG-20210329-WA0013

IMG-20210329-WA0014 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале