5.12.2017, 17:16
Оқылды: 93

«Infobus Mobile» қосымшасы: оралдықтар маршрут қозғалысының бағытын бақылай алады

Оралдықтар маршруттық көлік қозғалысының бағытын «Infobus Mobile» қосымшасы арқылы бақылай алады. Аталған онлайн жүйе қыркүйек айынан бастап жұмыс істеуде. Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары А.Менеевтің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында бюджет қаражаты есебінен  «Busreport»  бағдарламалық құрылғысы 500 автокөлікке сатып алынған.

- Жүйе маршруттардың жүру интервалын онлайн режимде қадағалауға, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жылдамдығын арттыруды бақылауға мүмкіндік береді.

Аталған қосымша қаладағы 33 түрлі қоғамдық маршруттардың  25-інде (480 бірлік автобус) орнатылған. Қалған 8 маршрутқа келер жылдың басында орнату жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 500 автокөлік құралының 480-інде GPS қондырғылары орнатылылған. Қалған автобустарға техникалық жұмыстарға және  «Газель» маркалы кіші сыйымдылықты автобустарды қоғамдық маршруттарынан алынып тасталуына байланысты қондырғыны орнату сұрағы қарастырылуда. Аталған жүйе 80% жұмыс жасайды,-дейді А.Менеев.

«Infobus.kz» жүйесінде маршрут нөмірі, автобус нөмірі, аялдама атауы, 1-пунктен 2-пунктке дейін жүру қозғалысы,  маршруттың қозғалыс кестесі,  маршруттың қозғалыс сұлбасы көрсетілген.

Айта кетейік, Орал қаласында 33 бағытқа қоғамдық маршрут бар. Қазіргі кезде барлығы 661 автобустың 60% -ы жаңартуды қажет етеді.

-Тұрғындар қосымшаның тұрақты жұмыс істемейтінін алға тартып жатады. Менің айтарым, «Infobus.kz» жүйесі интернет желісі арқылы жұмыс істейді. Техникалық ақауларға байланысты кей кезде істен шығуы мүмкін. Алайда телефондағы көрсетілген ақпараттарды дұрыс түсініп және қажетті батырмаларды басқан кезде жүйе іске қосылады.

«Infobus.kz» қосымшасы Астана, Алматы, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Семей, Талдықорған, Шучинск қалаларында қамтиды, - дейді А.Менеев.

Қосымша пайдаланушыларына қысқаша нұсқаулық:

  1. Play Market (Google Play), App Store қолданбалар дүкенінен «Infobus Mobile» қосымшасын жүктеп алыңыз;
  2. Қосымшаны орнатқан соң, тұрғылықты еліңіз бен қаланы таңдаңыз;
  3. Телефонның оң жақ бұрышындағы «Баптау» белгісінен сіз аттанатын аялдаманы белгілеңіз («Жазира» дүкені аялдамасы);
  4. Бұдан кейін автобустың суреті бар баптау арқылы қажетті маршрутыңызды таңдаңыз (мәселен, №2 маршрут, Ет комбинаты – Сарытау шағын ауданы);
  5. Аталған командаларды дұрыс орындасаңыз, экран бетіне сізге қажетті маршруттық көліктің мемлекеттік нөмірі, оның қозғалысының жүру бағыты шығады.

 

«Infobus Mobile-дың» қалай жұмыс жасайтынын тексеру мақсатында Л.Толстой аялдамасына (Мұхит көшесі бойындағы) шығып едік. Баратын жеріміз - №7 мектеп аялдамасы. Нұсқаулыққа сай, аттанатын аялдаманы, қажет маршруттық көлікті белгіледік. Қосымша арқылы белгіленген №7 (Kz 908 CSA) нөмірлі автобусы уақытында келді. Айта кететіні, қосымшаны пайдаланушылар саны аз. Алайда онлайн жүйенің тиімділігін көріп жүрген тұрғындар да жоқ емес.

Гүлназ Дәуренқызы, қала тұрғыны:

- Қосымшаны көптен пайдаланамын. Өзім осы аялдама маңында жұмыс жасаймын. Әсіресе, жауынды күндері жақсы. Кеңседен шықпас бұрын қосымша арқылы маршрутымның бағытын қарап аламын. Автобусым жақындағанда, шыға қоямын.

Айдана Хамидуллина,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале