13.05.2025, 10:15
Оқылды: 183

Инфрақұрылым жаңғыртылуда

Энергетикалық және  коммуналдық  инфрақұрылым  «Энергетикалық  және  коммуналдық  секторларды  жаңғырту»  Ұлттық  жобасы  аясында  2025-2029  жылдары  кезең-кезеңімен  жаңғыртылады. 

0b04bf43-1403-4588-9fcf-4748e8210765

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ел Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Оның мақсаты – халыққа мемлекеттік қызметтерді сенімді және сапалы көрсету,  энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен нысандарды) жаңғырту. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекова баяндады. Оның айтуынша, Ұлттық жобаны қаржыландырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған. Атап айтсақ, табиғи монополиялардың субъектісін екінші деңгейдегі банктер, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, халықаралық қаржы институты, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы тікелей несиелеу жоспарланған. Сонымен қатар «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы жергілікті атқарушы құрылымдардың мемлекеттік бағалы қағаздар  сатып алуы есебінен (облигациялық заемдар) қаржыландырылады.

– Облыста «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» мен «Жайықжылуқуат» АҚ-лар Ұлттық жобаға қатысуға дайын. Жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамалар жүргізілді. Бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгертуге өтінімдер берілді. Халықтың шығыстарына тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған тұрғын үй көмегін көрсету тетігі арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл іс-шара мемлекеттік қолдау қаражатын тиімді бөлуге де ықпал етеді. Осылайша шығыстардың рұқсат етілген шекті деңгейі 5%ға дейін төмендетілді. Табыстарының деңгейіне қарамастан, барлық тұтынушыға қолданылатын тарифтерді тікелей субсидиялаудан айырмашылығы, тұрғын үй көмегі тек қаржылай көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталады, – деді басқарма басшысы Гүлжаз Қазбекова.

Брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев те Ұлттық жобаның жүзеге асу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ға су бұру, сумен жабдықтау жобалары бойынша «Батыс су арнасы» ЖШС төрт жоба және «Жайықжылуқуат» АҚ жылумен жабдықтауға қатысты бес жоба ұсынған.  Сонымен қатар аталған акционерлік қоғамға электр желілерін қайта жаңарту жобаларын іске асыру үшін 27,8 млрд теңгеге 11 жоба жолданған. Қанат Аманкелдіұлы айтып өткендей, Орал қаласының ұзындығы 20531 шақырым жылу электр желісінің 16249 шақырымы (79,14%) тозған. Ал жылу желілерінің 124,6 шақырымы (50,1%), сумен жабдықтау желілерінің 292,5 км (60,5%), су бұру желілерінің  231,4 шақырымы (61,3%) тозып тұр. Осыған орай былтыр бюджеттен және кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 12,4 млрд теңге қарастырылған. Жыл қорытындысы бойынша алты жобаның құрылысы аяқталыпты. Олар – Оралдағы №2 және  3 кәріз-сорғы стансалары,  №5 жылу магистралі және Ақсай қаласының 4, 5, 10-шағынаудандарындағы сумен жабдықтау желілеріне реконструкциялау жобалары.

– Кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы аясында жылыту маусымына дейін 608 шақырым инженерлік желілер, 19 қосалқы станса, 214 трансформаторлық қосалқы станса жөнделді. Биыл алты жобаның құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 1,453 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар Орал қаласының жылу электр орталығының №1 турбиналық қондырғысын іске қосу жоспарда тұр. Сәйкесінше, өндірілетін электр энергиясы 12 МВт-қа ұлғаяды. 2025 жылы кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы аясында 310,7 шақырым инженерлік желі, 22 қосалқы станса, 114 трансформаторлық қосалқы стансаны жөндеу көзделіп отыр, – деді басқарма басшысының  орынбасары.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале