Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аna tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұқбатында жыл басында өткенді қорытындылап, болашаққа қатысты ой бөлісті. Сұхбатта: «Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді» делінді. Осы тұрғыдан қарасақ, біздің Ақ Жайық атырабында да біраз шаруа атқарылды. Биылға да біраз қомақты жоба-жоспар бар.
Өткен жылы Ақ Жайық өңірінде 637,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5000-нан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Өткен жыл қорытындысы бойынша өңірімізде мемлекет тарапынан 30 тұрғын үй (Орал қ. – 4 , Ақсайда – 1, және елді мекендерде – 25 үй), тарқатып айтар болсақ, жалпы 846 пәтер пайдалануға берілді. Облыс бойынша әлеуметтік осал топтар үшін 14,2 млрд теңгеге 805 пәтер сатып алынды. 2025 жылға 21 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды. Соның ішінде 19 ауыспалы нысанның құрылысы жалғасады және екі жаңа жоба қолға алынады. Орал қаласында – 5, Ақсай қаласында – 2 үй және ауылдарда 14 үй (Теректі ауданындағы Подстепное ауылында) салынады. Тұрғын үйлерді жыл соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Оған қоса, биыл халықтың әлеуметтік осал топтар үшін республикалық бюджет есебінен 205 пәтер алуға 2,8 млрд теңге қарастырылды.
Өткен жылға арналған облыс бюджетінің шығыстары 600,4 млрд теңге шамасында болады деп жоспарланып, іс жүзінде ол 585,1 млрд теңге немесе 97,4% болып орындалды. 2025 жылға облыс бюджеті 540 млрд теңге сомасында жоспарланды. Негізгі бағыттарына келсек:
- инвестициялық жобаларды ескере отырып, әлеуметтік саланың шығыстары – 304,8 млрд теңге (56,4%), оның ішінде білім беру саласына – 229,1 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 13,8 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру салсына – 29,9 млрд теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік салаларына – 32 млрд теңге,
- қорғаныс және қоғамдық тәртіп – 15,8 млрд теңге (2,9%);
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 39,8 млрд теңге (7,4%);
- ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау – 73 млрд теңге (13,5%);
- көлік және коммуникация 57,1 млрд теңге (10,6%) бағыттау жоспарланды.
Облыстағы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жолдарды жөндеу мен жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Мұның барлығы аймақ тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс жолдарының жалпы ұзындығы 6183 км, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1349 км, жергілікті маңызы бар жолдар – 4834 км. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жылда облыста 174 млрд теңгеге 1 мың шақырымнан аса жол жөнделді. Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 34,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 251 км жол жөнделді. Ауылдық елді мекендер мен Орал қаласы көшелерін жөндеуге бағытталған 14 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 130 км көше жолдары жаңартылды. Осылайша 2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 52%-дан 56%-ға артты. Аталған жобаларды іске асыру арқылы облыс тұрғындарына сапалы жол инфрақұрылымы қамтамасыз етілді, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артты және ауылдық аймақтардың экономикалық әлеуеті жақсарды.
Республикалық жолдар бойынша айтар болсақ, облыста автожол саласын дамыту аясында 2019 жылдан бастап жалпы ұзындығы 317 км болатын 8 жоба (күрделі жөндеу және реконструкциялау) іске асырылуда. Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыратын автожолдарын күрделі жөндеу бойынша ұзындығы 245 шақырым жол (6 жоба) қамтылды. Жобаны іске асырудың барлық кезеңінде (2019-2023 жылдары) 222 шақырым жолға асфальтбетон жабыны төселді. Өткен жылы автожолдың қалған 22,6 шақырымын күрделі жөндеуге 19,6 млрд теңге бөлініп, автожол асфальтбетон қабатымен қамтылды.
«Подстепное – Федоровка – РФ шек.» автомобиль жолын қайта жаңғырту 0-36 км және 108-144 км (1 және 4 учаске) жобасы бойынша жолдың 72 шақырымы (2 жоба) қайта жаңғыртылды. Жобалардың жалпы құны – 38,5 млрд теңге. 2023 жылы 34,6 км жолға асфальтбетон жабынын төсеу жоспарланып, 8 млрд теңге бағытталды. Сол жылы 39,6 км асфальтбетон жабыны төселді. 2024 жылы автожолдың жоспарланған 16,78 шақырымын жаңғыртуға 15,99 млрд теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. Енді биыл 42,2 млрд теңгеге 255 км жергілікті жолды жөндеу жоспарланды. Ал республикалық жолдар бойынша ауыспалы құрылыс нысаны «Подстепное – Федоровка – РФ шек.» жолын қайта жаңғырту 0-36, 108-144 шақырымда (1 және 4 учаске) толықтай аяқталады. «Подстепное – Федоровка – РФ шек.» жолының 36-72, 72-108 шақырымының (2 және 3 учаске) құрылысы «КПО б.в.» қаражаты есебінен ағымдағы жылы басталады. Оның жалпы сомасы – 55,1 млрд теңге. «Самара – Шымкент» жолының 369-408, (Сырым ауданы), «Чапаев – Жалпақтал – Казталовка» күре жолының 0-17 шақырымы (Чапаев ауылы маңы), «Атырау – Орал» тас жолдарын орташа жөндеу жоспарланды.
Өңір халқын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 5,9 млрд теңгеге жалпы 35 мыңнан астам тұрғыны бар 32 ауылдық елді мекенге орталықтандырылған ауыз су желісі тартылды. Соның нәтижесінде ауыл халқының 97%-ы (307 ауыл) сапалы ауыз сумен қамтылды. 2025 жылы облыстың 12 ауылдық елді мекенінде орталықтандырылған ауыз сумен қамтитын 12 жоба (3-ауыспалы, 9 жаңа нысан) іске жүзеге асырылады. Сонымен қатар 60 ауылда кешенді блок модульдер орнату жоспарланды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының ауыз сумен қамтылуы 100%-ды құрайтын болады.
Қорыта айтар болсақ, бірінші кезекте тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, тұрғын үй шаруашылығын, энергетика нысандарын жаңғырту, ауылды көркейту, сапалы жол салу, тұрғын үй құрылысын арттыру сияқты маңызды салаларға басымдық беріледі.
Тілепберген Каюпов,
облыс әкімінің орынбасары