1.06.2023, 9:14
Оқылды: 142

Инновациялық мектептердің білім деңгейін қалай көтереміз?

Жақында «Жайық Пресс» медиахолдингінде «Өңірдегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің білім сапасы қай деңгейде?» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

1+ (37)

Еркін сипатта өткен іс-шараға ардагер ұстаздар – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нәсіпқали Дәулетов, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дариға Мұштанова, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, қалалық білім бөлімінің басшылары және мектеп директорлары қатысты.
Педагогтердің басқосуында «Кезінде республика бойынша алдыңғы қатардан көрінген маңдайалды мектеп-гимназияларда қазір неге білім сапасы төмен?», Жалпы лицей-гимназиялар керек пе?» деген сұрақтар талқыға салынды. Орамды ойлар айтылған басқосуды қаз-қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Дариға Мұштанова,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
– Бүгінгі отырысты ұйымдастыруға себепші – негізгі идеяның локомотиві болып жүрген Нәсіпқали Дәулетов ағамыз. Басқосуға позитивті, прогресшіл мұғалімдер жиналды деген ойдамын. Оқу жылының аяғы, сәл шаршаған боларсыздар. Өзім шыққан шинелім болғандықтан, бәрін түсінемін. Дегенмен қазіргі лицей-гимназиялардың деңгейі бізді алаңдатады. Жанымыз ашиды. Сондықтан да «Біз жинаған тәжірибе неге жалғаспай қалды?», «Жалпы лицей-гимназиялар керек пе?», «Білім сапасы неге төмендеп кетті?», «Ол мектептердің миссиясын оқу орталықтары атқарса, мектеп-лицейлердің қажеті қанша?» деген сұрақтарды ортаға салып отырмыз. Бұл сұрақтардың ішінде ҰБТ мәселесі де бар. Ойдан ой, пікірден пікір туып, қоғамдық пікір қалыптасады. Сондықтан «Менің қолымнан не келеді?» демей, өз ойымызды ортаға салайық.
Нәсіпқали Дәулетов, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Қоғамда қазір кризис. Біз бейінді білім беруде жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын англо-саксондық жүйені таңдап алдық. Бірінші күннен бастап Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдаулы және міндетті пәндерді жан-жақты меңгерту үшін оқушылардың функционалдық сауатын дамытатын лабораториялық-практикалық материалдарды қосарланған сабақ арқылы жүргізу қолға алынды. Сондай-ақ А. Колмогоров атындағы мектеппен ғылыми-әдістемелік бағытта жақсы жұмыс істедік. Біздің тарапымыздан ізденіс болды. Қай қоғам болмасын, оның дамуы, сақталуы сол қоғамның талантты, дарынды адамдарына байланысты.
Өркениеттің негізі – дарынды балаларда. Олар құрығанда, қоғамда ақырзаман басталады. Менеджмент туралы кітапта білім және сапаны алдыңғы орынға қояды. Білімнің негізгі мақсаты – сапа. Сапа болмаса, лицей-гимназиялардың қажеті қанша?
«Отыз жылда не көрдік, не түсіндік?» деген сұраққа жауап берер болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылдығында біздің жүздеген шәкіртіміз әлемдік өркениетті, әлемдік мәдениетті көрді. Олар әлемнің дамыған елдеріндегі ең таңдаулы ЖОО-да сол елдің балаларымен тең дәрежеде білім алды. Бұл – үлкен мақтаныш. Тәуелсіздіктің 10-20 жылдығында біз қауырт жағдайда жұмыс істедік. Қоғам жылдар бойы талантты, дарынды балаларды сақтау үшін күресіп келеді.
Мәселен, ең жоғары білім жүйесі қалыптасқан Финляндияда балаларды қабілет-қызығушылығына қарай топтап оқытады. Басқа да әдістемелері бар өздерінің. Әлемде білім сапасы жөнінен олар алдыңғы орында. Ең бірінші кезекте білім берілуі керек және оның сапасы болуы қажет. Қалғанының бәрі – бос әңгіме. Сапа болмаса, лицей-гимназиялардың қажеті жоқ.
Дариға Мұштанова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
– Облысымызда лицей-гимназияларды алғаш құрған кезде, басқа мектептер де инновациялық мектеп секілді болсын, сіздерге қарап бой тү-зесін деген ниетпен құрылды. Өзім «Үміт» лингвистикалық гимназиясын (қазіргі Абай атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешені) басқарған кезде басшылыққа алғаным – халық педагогикасы, халықтың мақал-мәтелдері, даналық сөздері. Жүсіпбек Аймауытовтың «Балаға тәрбиесіз білім беру – қарақшыға қанжар ұстатқанмен бірдей» деген сөзін ұран қылып ұстадым. Ең алдымен, баланың тәрбиесіне, өзін тыңдай білуіне, сөз тыңдау, сөзге парық бере білуіне ерекше мән бердім. Қазір осы жағы ақсап қалған жоқ па? Сондықтан ата-аналардан жайсыз пікір естігенде уайымдап қаламын. Негізі көп жағдайда әкенің көңілі балаға толмайды ғой. «Е, осылай жасаса қайтер еді?» деп одан да жақсы болғанын қалап тұрады. Сол сияқты кезінде «Жоғары нәтиже көрсеткен инновациялық мектептердің атасы – педлицей, тағы басқа лицей-гимназиялардың деңгейі неге төмендеп кетті?», «Біздің тәжірибеміз неге жалғаспай қалды?», «Инновациялық мектептердің деңгейін қалай көтереміз?» деген сұрақтар аға буын, бізге, маза бермейді.

Осы бағытта әңгімемізді жалғастырайық.
Білім сапасы неге төмен?..

Батырхан Төлегенов, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы:
– Қазіргі таңда өзекті тақырып талқыға салынуда. Білім саласында қордаланған мәселе аз емес. Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі де білім сапасына әсер етеді. Лицей-гимназиялардың қоғамда өз орны бар. Өңіріміздегі аталған педлицей, «Үміт» линвистикалық гимназиясы, С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені іргелі білім ошағы екенін дәлелдеді. Сондықтан мұндай білім ұйымдары болу керек. Қазіргі таңда білім сапасының төмендеуі – шындық. Тәрбие мәселесі де өзекті. Ата-аналар баланың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей, күйбең тірлікпен кетіп қалып жатыр. Біздің сала «Білім сапасын көтеру үшін не істейміз?» деген бағытта зерделеп, жұмыстанудамыз. Тағы бір мәселе, білім беру ұйымдарын басқаруда тұлғалы мектеп басшылары азайып кетті. Сондықтан мектеп басшыларының білімін жетілдіруді қолға алудамыз. Өйткені басшы білімді болса, ұжымын алға жетелейді ғой. Осы мақсатта департамент кадрлық резерв қалыптастыру жөнінде ұсыныс дайындауда.
Аягөз Хамзина, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің директоры:
– Қалай болғанда да, біз мемлекеттік стандарттан шығып кете алмаймыз. Сіздердің еңбегіңізге құрметпен қараймыз. Бірақ ол кездегі жағдай мен қазіргі жағдай салыстыруға келмейді. Лицей-гимназияларда бірнеше адамның тағдыры бар. Білім сапасы төмендеген болар. Оның да түрлі себебі бар. Қазір адамдардың психологиясының өзі қаражат табуға бейімделіп жатыр ғой. Соған қарамастан, баланы тәрбиелеу, сапаны ұстап тұру бағытында жұмыстар атқарылуда. Патриоттық сезім, жауапкершілік төмендеу екенін мойындаймыз. Дегенмен мұғалімдердің бәрі бірдей жалақы «қуып кеткен» жоқ. Арасында ойы адал, жұмысқа жауапкершілігі жоғары мұғалімдер де баршылық. Өзім бұрын мектеп директоры болған Ерсайын Сапаровтан ақыл-кеңес сұрап отырамын. Мектеп-гимназиялар керек. Бала мектепте алған білімін ертеңгі болашағына пайдаланып, грант негізінде оқуы қажет. Осы мақсатта жұмыстанудамыз. Өзім оқу орталықтарын қолдамаймын. Ата-ана өзін ақтау үшін баланы оқу орталығына береді. Бала да негізгі сабақты «Оқу орталығында оқимын ғой» деп алаңдап, дұрыс оқымайды. «Мен баланы оқу орталығына бердім» деп ата-ана өзін алдайды. Сол жердегі алаңдаушылық баланы бұзады. Мұғалімдерімнен «Сіздің оқушыңыз неге орталыққа барады?» деп сұрап отырамын. Сондықтан мүмкіндігінше оқушыны мұғалім өзі оқытқаны дұрыс.
Мектеп директорының жанайқайы
Азима Ғұбашева, №42 «Ақ ниет» гимназиясының директоры:
– Бұл жерде барлығы тү-сінікті. Шынымен де, мектеп басшысы болу үшін кадрдың білім-білігі сәйкес болуы керек. Дегенмен өңірде қазірдің өзінде сексеннен астам мектепке басшы жетіспейді. Өйткені көпшілігі мектеп директоры болғысы келмейді. Біріншіден, мектеп директорының жалақысы – 162 мың теңге. Екіншіден, заман ағымы бұрынғыдай емес. Қазір мектеп басшысының жұмысына әсер ететін сансыз сыртқы фактор бар. Ата-ана мен оқушы мәселесі, қоғам-дық пікір – бәрі мектеп директорына әсер етеді. Үшін-шіден, тексеріс көп екенін мойындауымыз керек. Оның барлығы мектеп директорының сүзгісінен өтеді. Біз әдістемеден қалмау үшін әрі материалдық қажеттіліктен сегіз сағат өзімізге аламыз. Бұның да кейбір мұғалімдерге ұнамайтын тұстары болады. Ата-ана мен оқушы мәселесі шешілмесе, қалалық білім бөліміне, облыстық білім басқармасына, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне барады.
Ол жердегі мамандар да мәселені өз деңгейлерінде шешкісі келіп, мектеп басшысын ата-ананың ыңғайына қарай жығып беретін сәттер кездеседі. Бұл жерде мектеп директорының беделі, мәртебесі қайда қалады? Педагог мәртебесіне қатысты мұғалімге жақсы жағдай жасалуда. Бірақ мектеп басшысына қысым көп. Мәселен, білім сапасын қамтамасыз ету департаменті тарапынан «Мұғалім мәртебесі» заңын алға тартып, мұғалімге кезекші болуға болмайды деп айтылады. Сонда 2600-ден астам оқушының қауіпсіздігін бір директор бес орынбасарымен қалай қамтамасыз етеді? Осындай мектеп директорын тығырыққа тірейтін жағдай көп. Одан бөлек қазіргі балалар мен осыдан он жыл бұрынғы балалар салыстыруға келмейді. Ұрпақтар теориясы бойынша қазіргі балалар – альфа ұрпақ, яғни гаджетсіз жүре алмайтын, виртуальді өмір сүруге бейім. Шыны керек, біз кейде оларды түсіне алмай жатамыз. Өйткені олардың ойлау қабілеті мүлдем басқаша.
Олар әлемді құтқарғысы келеді. «Каспий редпен» бизнес ашқысы келеді. Олардың сұранысы, қажеттілігі басқаша. Сондықтан қазіргі балалар талабына сай жұмыстануға бейімделе алмай жатырмыз. Олармен көбінесе жас мамандар жақсы тіл табысады.
Орта жастан жоғары мұғалімдерге сәл қиындау. Біздер мектептің жетістігі мұғалімге байланысты екенін мойындаймыз. Бірақ мектеп басшысы ретінде біздің беделіміз материалдық, мотивациялық жағынан төмен екені шындық.
Дариға Мұштанова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
– Директор ретінде жалақым аз болды. Бірақ өзім мұғалімдердің қалтасын санаған жоқпын. Өйткені ондай жерге өз ісіне берілген фанат адамдар барады. Мен педагогика саласына журналистикадан келдім. Алғашқы жылдары Нәсіпқали Дәулетов ағамен Астанаға форумға бардық. Сол кезде пойызда барғанша, келгенше ағайдың оқыту әдістемесін тыңдап, келе сала өз тұжырымдамамды жасадым. Біздің оқыту әдісімізге қарсы болғандар да болды. Бірақ біз қатып қалған заң, талаптарды айналып өтіп, өзіміздікін дәлелдедік. Балаларды арманына жеткізіп, өз миссиямызды орындадық. Сондықтан мектеп басшыларына шығармашылық еркіндік беру керек. Байқағаным, мектеп басшыларын таңдауда кемшілік көп. Тұлғаны тану жетіспейді. Мансапқа ұмтылған, әлін білмегендер өтіп кетеді. Салмағын білгендер қалып қояды. Кадрлардың әлеуетін бағамдай алмай жүрміз-ау! Басшының тұлғалық қасиетін тұншықтырмаған жөн.
Нәсіпқали Дәулетов, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Мұғалімнің жалақысын үш есе өсірдік. Шындығында, мұғалімдерді бағыттап, әр маманның функциясын бөліп беретін – директор. Сондықтан, алдымен, мектеп басшысының жалақысын өсіру керек еді. Өкініштісі, мектеп директорларының қызметіне кадр дайындалмайды. Бес пәнді оқытып, дайындағаным үшін үстімнен арыз жазғандар да болды. Директор заңды өзгерте алмайды. Бірақ мен жиырма үш пәнді сабақ кестесіне қойдым да, өз әдісіммен оқыттым. Міндетті пән деген логикаға келмейді. Табиғат балаға қандай қабілет берді, соны дамытуымыз керек. Болды.
Дариға Мұштанова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
– Бала мектептен өміріне қажет нәрсені алып шығуы керек. Мемлекеттік стандартты өзгерту керек. Балаға өз кәдесіне жарайтын білім берілсін. Керек емес нәрсені алып тастасын. Нәсіпқали ағаның шырылдап айтып отырғаны сол. Біздің тегін жасаған еңбегімізді қазір оқу орталықтары қағып алды. Кәсіпкер мұғалімдер орталық ашып, жақсы ұстаздарды таңдап алып, халықты теспей сорып жатыр. Біздің тәжірибемізді артымызда келе жатқан бүтіндей армия, сіздер, жалғастырып кете алмадыңыздар. Ал пысықайлар оқу орталықтарын ашып, тәжірибемізді солар пайдалануда. Оқу орталықтары қазір қанаушы болып отыр. Мектепте білімсіз мұғалім көп. Сол жыртықты ақылы білім орталықтары толтыруда. Ата-ана кредит алса да, әупірімдеп балаларын орталықтарға оқытып жүр. Ақша төлеп оқытқан баланың қаншасы грантқа оқуға түсті? Оның сұрауын сұрап жатқан ешкім жоқ. Оқу орталықтарын ашып отырғандар – білім саласының басшылары. Бұны көпшілігі біледі.
Ата-ана «тегін» мұғалімге неге сенбейді?..
Күләш Наурызғалиева, Абай атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің тарих пәнінің мұғалімі:
– Біз Дариға апамыз салып берген сара жолдан ауытқыған жоқпыз. Сол бағытпен келе жатырмыз деп ойлаймын. Қазір біз маңдайалды жүз мектептің қатарында тұрмыз. Қабілетті, дарынды балаларды оқыту қажет. Сондықтан да инновациялық мектептер қажет. Шыны керек, қазір бізге оқу орталықтары кесел келтіруде. Бұны жасап отырған – ата-аналар. Негізінде оқушының қабілетін шыңдап, бар күшімізді, уақытымызды жұмсап оқытамыз, бірге ізденеміз. Соған қарамастан, ата-ана «тегін» мұғалімге сенбей, баласын 27 мың теңге төлеп оқытқанды жөн көреді. Мысалы, үш жылда алты оқушым республикалық деңгейде олимпиададан орын алды. Ол оқушыға бар уақытымды жұмсап, оны сол дәрежеге жеткізген – мен. Бірақ сол оқушым келіп, «Апай, мен тарихтан курсқа қатысып жүрмін» дегенде, біртүрлі болып қаласың. Былай қарасаңыз, мектепте көбіміз – зерттеуші, шеберлерміз. Бірақ балалардың орталықтарға неге құштар екенін түсінбеймін. Содан, директордың міндетін атқарушыға барып, «Ана оқушы да құлаққап киіп курста отыр, мына бала да курсқа қатысып отыр. Мен не үшін оларға сабақ беріп жүрмін? Одан да мектеп ішінен орталық ашайық» дедім. Шынымен де, балалар арасында «Білім орталығының мұғалімі күшті» деген көзқарас қалыптасқан.
Айтжан Даумова, №41 мектеп-лицейдің директоры:
– Біз қазіргі күнде Білім-инновация лицейінің кейбір әдістерін өзімізге алып жүр-міз. Оларда оқушылар топпен жұмыс жасап, бір бала екінші балаға алған білімін үйретеді. Ата-аналармен шай ішіп, кездесулер жиі ұйымдастырады. Олар ата-аналарды ортаға тартып, жақсы жұмыс істейді. Біз де осы мақсатта жұмыстанудамыз. Мен №41 лицейге жақында ғана директор болып бардым. Қазір бізде 5-6-7 сынып ата-аналары тәрбие сағаттарын өздері ұйымдастырып, өткізуде. Бұл ата-ананы мектепке жақын тартуға жақсы әсер етеді. Өз басым лицей-гимназияларды жабу дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені қаланың білім сапасын көтеріп тұрған – лицей-гимназиялар. Қазір ҰБТ мен аттестат тапсыру рәсімі бөлек өткізіледі. Соның өзінде біз оқушыларды ҰБТ-ға дайындаймыз. Бірақ алты сағаттан артық ұстасақ, ата-аналар «Баланың миына салмақ салып жатырсыз» деп мектепке келеді. Сондықтан біз оларды артық ұстай алмаймыз. Оқу орталықтарына мен де қарсымын. Мен барғанда 11-сынып оқушылары 100 пайыз орталықтарға барады екен. Оларға «Сабаққа келмей қалуға болады, орталыққа бармай қалуға болмай ма?» десем, «Онда баруымыз керек, ақша төледік қой» дейді. Бір оқушы «Менің орталықта қарыз сабағым бар... Ана жолы апай келмей қалды. Жексенбі күні соған барамын» дейді. Түйгенім, бала бәрін ақшамен есептейді екен. Мектептің ішінен орталық ашу идеясы жақсы екен.
Шынар Сағынғалиева, М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің директоры:
– №38 мектеп-лицей Нәсіпқали ағамыздың мектебімен көрші болдық. Ағайдың кітабын алып, өз әдістемемізге енгіздік. «Педлицейдің шәкірттері жеткен жетістікке №38 мектеп-лицейдің оқушылары қалай жетеді?» деген бағытты ұстанып жұмыстандық. Нәтижесінде жоғары жетістіктерге қол жеткіздік.
Мектебіміз үздік білім беру ұйымы атанды. Жаңа ауданға көшкеннен кейін тәжірибелі мұғалімдермен ақылдасып, академиялық орталық аштық. Сол жерде бала өз бетімен ҰБТ-ға дайындалатын жағдай жасадық. Бұрынғыдай тек бес пәннен дайындау мүмкін емес. Өйткені қазір формативті бағалау. Оқушының бәріне баға қойылуы керек. Қазір өзім қызмет етіп жүрген №27 мектепте де оқу орталығына бармай, өз бетімен кешкі сағат 18.00, 19.00-ге дейін сабаққа дайындалатын оқушылар бар. Айтайын дегенім, лицей-гимназиялар ата-ананың қалауымен ашылады. Сондықтан оқимын деген балаға бар мүмкіндікті жасауға тырысамыз.
Ақжарқын Темірханова, Орал қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Алаштың тұлғаларын дәріптеп жатамыз. Кеңес кезінде де риясыз еңбек еткен тұлғаларды дәріптеу жағы жетіспей жатқанын мойындаймыз. Бес саусақ бірдей емес қой. Сондықтан бұл жерде әр мектептің өз миссиясы бар. Нәсіпқали ағамыздың педлицейі элита болды. Дариға апаның «Үміт» линвистикалық гимназиясы шәкірттерге біліммен бірге ұлттық құндылықтарымызды бағалауды үйретті. Әр мектептің өз ұстанымы бар. Қоғамның дамуы дарынды тұлғаларға байланысты екені рас. Бірақ қоғамның бәрі бірдей дарынды баланы тәрбиелеп шығаруы мүмкін емес. Қаладағы лицей-гимназиялар сіздердің критерийлеріңізге мүлдем келмейді. Өйткені қаладағы лицей-гимназияларда сол мекенжайда тұратын бала оқи береді. Біз олардан қазір емтихан да алмаймыз. Үш ауысым, төрт ауысым болса да, сол мектепте оқиды. Әр уақыттың өз талабы, өз сұранысы бар. Сіздердің миссияларыңыз сол уақытта сол кездегі қоғамдағы сұранысқа сай болды. Мектеп басшыларын сіздің заманыңызда да, біздің заманымызда да ешкім дайындаған жоқ. Мектеп басшыларын тағайындауда тұлғаны тани білу, білікті кадрды таңдай білу керек. Мүмкін, сіздермен тәжірибе алмасу керек болар. Бұл бағытта алдағы уақытта сіздермен тәжірибе алмасу мақсатында жұмыс жүргізетін боламыз.
Директорлар корпусы неге әлсіз?
Жаңабек Жақсығалиев, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Нәсіпқали ағамыз бен Дариға апамыздың жанайқайын түсініп отырмын. Осыдан біраз жыл бұрын екі мектепте де көздері оттай жанған, қаракөз балалармен жұмыс істедім. Жақсы жылдарымыз өтті. Бір жылы Нәсіпқали ағада 23 бала, Дариға апада 17 бала «Алтын белгімен» бітірді. Педлицейді бітірген Бақытжан Нарымбетов, Қадырболат Мұсағалиев, Тілек Ғабдушев, Серік Шәпкенов, тағы басқа шәкірттер ел игілігіне еңбек етуде. Қазір заман талабы өзгерді. Әр нәрсе бір орында тұрмайды. Уақыт алмасады. Құндылықтар өзгереді. Жалпы он жыл бұрынғы жағдаймен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Біз, тарихшылар, советтік жүйені әміршіл, әкімшіл жүйе деп айтамыз. Еліміз тәуелсіздік алған кезде сол кезде тәрбиелеген басшылықтың бойында жауапкершілік секілді мықты қасиеттер болды. Нәсіпқали ағамыз – өте талапшыл, тәртіптің адамы. Соңғы он жылда альфа балалар дүниеге келді. Бұрынғы басқару тәсілі жұмсара бастады. Әлеуметтік желі пайда болды. Блогерлер шықты. Осының бәрі басқарушы жүйеге әсер етуде. Қазір әкімдердің өзі блогерлерден қаймығады. Бұл уақыттың өзгергендігін көрсетеді. Енді директорлар корпусы неге әлсіз деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Қоғам қазір кадрлық дағдарысты басынан кешіруде. Қылышынан қан тамған совет үкіметінің кезінде қалай болғанда кадр тәрбиелеудің жүйесі болды.
Қазір еш салада көрінбеген жастарды басшылыққа отырғызып қояды. Содан, халық алдында беделі жоғалады. Кадр таңдауда да жүйе керек. Төрт жыл бойы мұғалімдердің жалақысы өсті. Қоғамда мұғалім мамандығына стимул пайда болды. Бірақ, бір қызығы, «Алтын белгі» иеленген шәкірттер мұғалім мамандығын таңдаған жоқ. Бұл мұғалім беделінің құлдырағанын көрсетеді. Нәсіпқали ағам «Ындынында жоқ баладан ештеңе шықпайды» деп айтушы еді. Жалпы табиғат талантқа өте сараң. Бұл тақырыпты бұдан да кеңей-тіп өткізуге болады. ҰБТ-ны мектептен жұлып алғанда, оқу орталықтары жарқ етіп алып шықты. Қытайда репитеторлар жазаланатын болса, біздің жүйе нарықтық экономикаға шықты. Енді балабақшадан бастап жеке секторға көңіл бөлінуде. Өйткені мемлекет балаларға балабақша салып үлгере алмай жатқасын, кәсіпкерлерді тартуда. Бұл – бүгінгі қоғамның қажеттілігі, сұранысы. Әркім өз пікірін айтуға құқылы. Бір-біріміздің пікірімізге құрметпен қарайық.
Түйін Дөңгелек үстелде білім саласына қатысты тың ойлар айтылды. Басқосу соңында спикер Дариға Мұштанова «Дөңгелек үстел ұнады ма? Сіздер үшін пайдалы болды ма?» деген сауалды ортаға тастады. Қатысушы ұстаздар еркін сипатта өткен ойталқының өзектілігін айтып, алдағы уақытта тақырып ауқымын кеңейтіп, тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер өткізіп тұруға уағдаласты.

Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале