Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын қаржыландыруға және жүзеге асыруға арналған кеңес өткізді, - деп жазады primeminister.kz.

Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет қаулысымен бекітілді. Аталған Жолдауда Торғай өңірін кешенді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту қажеттігі белгіленген болатын.
Үш жылдық жоспар 10 негізгі бағыт бойынша 51 іс-шараны қамтиды. Бұлар өнеркәсіп және көлік, туризм және спорт, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жылу және электрмен жабдықтау, су бұру, азаматтық қауіпсіздік.
Іс-шаралар өндірістік әлеуетті дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасауға бағытталған.
Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Арқалық қаласында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олардың ішінде 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруашылығы кешенін, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу. Бұдан басқа, құрама жем зауытын пайдалануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарлануда.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ағымдағы 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру жоспарланғанын хабарлады. Қазіргі уақытта іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.
«Біз барлығының жоспарлы мерзімде іске асырылуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Олардың ең бастысы — Арқалық әуежайының құрылысы. Бүгінгі күні қаржыландырумен әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу толық қамтамасыз етілді. Жұмыс қатаң түрде кесте бойынша жүргізілуде. Осы жылғы тамызда нысан пайдалануға беріледі. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвестициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашады», — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар Арқалықта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр, аулаішілік аумақтар мен вокзал маңындағы алаңдар жөнделуде. Қалада университет ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ Жезқазған-Арқалық автожолын жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге өтті.
«Arkalyk QUS» ЖШС құс фабрикасының тең құрылтайшысы Максим Божко кәсіпорынды екі сатылы жаңғырту жобасын таныстырды. Бұл өндіріс көлемін екі есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Биыл біз 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пайдалануға беруді және өзіміздің құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн дана құс үйі іске қосылады. Екі кезеңді жүзеге асыру қорытындысы бойынша құс фабрикасының қуаты жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар», — деді Максим Божко.
Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға облыс әкімдігімен бірлесіп қаражатты уақтылы игеру мәселесін қатаң бақылауда ұстауды және инвесторларға жоспарланған жобаларды нақты іске қосу үшін барлық қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.