22.11.2022, 9:45
Оқылды: 52

IPO-ға қатысасыз ба? 

Биыл қарашада «Самұрық – Қазына» АҚ елдегі мұнай-газ саласының көшбасшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның акцияларын IPO-ға шығарды. 

IMG_7728

«Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өзіне тиесілі 90,42% акцияларының 30 505 974 жай акциясын сатады. Халықтық IPO-ға шығарылған бір акцияның құны – 8 406 теңге. Бұл барлық орналастырылған акцияның жалпы санының 5%-ынан аспайды. Акциялар ҚР азаматтарына, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық институционалдық инвесторларға сатылады. Акцияларды сатып алу жөніндегі жеке инвесторлардың өтініштері 2 желтоқсанға дейін, институционалды инвесторлардың өтініштері 30 қарашаға дейін қабылданады. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ-ның IPO-сы ел Үкіметі бекіткен жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асып отыр.

Бұл туралы қарашаның 19-ы күні «Park Hotel» қонақ-үй кешенінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ өкілдерінің бөлшек инвесторлармен өткізген роудшоу барысында айтылды.  Жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қаржы департаментінің жетекші маманы Мақсат Байзатов, «Halyk» тобының өкілі Бақытжан Мұхтаров, «Фридом Финанс» АҚ аймақтық директорының орынбасары Эльдар Төлегенов қатысты. Олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (Astana International Exchange, AIX)  мен Қазақстан қор биржасына (KASE) шыққан ҚМГ-нің жергілікті IPO-сы жөнінде баяндады. Сондай-ақ мұнай компаниясының қызметімен таныстырып, IPO аясында акцияларды жариялау шарттары мен оларды сатып алуға өтінім беру тәртібі туралы айтты.

Мақсат Байзатов мәлім еткендей, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ (ҚМГ) – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу бағытында қызмет көрсетеді. Компания мұнай-газ саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады.

Ірі ұлттық компаниялардың IPO-сы ел экономикасының негізгі салаларындағы бәсекелестікті арттырады. Отандық бағалы қағаздар нарығын дамытады. Сондай-ақ инвесторлардың жеке сауда базасын ұлғайтуға, халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталады. Инвесторлар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның IPO-сына қатысу үшін алдымен брокерді таңдайды. Брокер – биржа мен инвестор арасындағы кәсіби делдал. Ол инвестордың атынан және оның тапсырмасы бойынша сауда операцияларын жасайды. Екіншіден, брокерлік шот ашып, оған ақша аударады. Содан кейін акцияларды сатып алуға өтінім береді. Қазақстанда AIX және KASE биржалары жұмыс істейді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын қор нарығына осы екі биржа арқылы орналастыруға болады. Өңірлерде «Қазпошта» бөлімшелері де брокерлік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Tabys мобильді қосымшасы арқылы да ҚМГ IPO-ға  қатысуға болады. Барлық ақпарат http://www.kmg.kz сайтында жазылған.

Ясипа Рахимқызы,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале