21.07.2022, 10:00
Оқылды: 367

Ірі тапсырыстар неге басқа жаққа кетеді?

Ақ Жайық өңіріндегі жұмыс киімдерін тігумен айналысатын кәсіпорындар ірі компаниялардың тапсырыстарына қол жеткізе алмай келеді. Өйткені кей компаниялар өз қызметкерлеріне қажетті жұмыс киімдерін басқа облыстардан тапсырыспен алдырғанды жөн көреді. Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасындағы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің кәсіпкерлерді қабылдауы барысында көтерілді.

78effcb3-ecfc-4207-9796-9cbd934be120

«SaRi Suooliers Plus» ЖШС-ның директоры Ринат Мұқанов өңір басшысының назарын өңірімізде заманауи әрі сапалы киімдер тігетін шағын өндіріс орындары бар екендігіне аудартты.

«Жергілікті қамту мәселесін қандай мемлекеттік құрылым қадағалайды? Неге ірі тапсырыстар басқа өңірлерге кетеді?» деп сұрады Р.Мұқанов. Оның айтуынша, «SaRi Suooliers Plus» ЖШС нарықта 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Серіктестік аймақтық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы деп танылған. Мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, көрші облыстардан, әсіресе Атырау облысынан әлеуетті тұтынушыларды өз бетінше іздестіруге мәжбүр.

«Облысымыздағы мұнай өңдеу саласындағы бірқатар компания басқа өңірлердегі тігін кәсіпорындарға жұмыс киіміне ауқымды тапсырыс береді. Тіпті Ресей Федерациясынан, Түркиядан сатып алатын компаниялар да бар» деп шағымданды ол. Кәсіпкер өзі басшылық жасайтын серіктестіктің жоғары сапалы шикізат сатып алатынын, ұжымда көп жылдық тәжірибесі бар тігіншілер жұмыс істейтінін айта келе, жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпорындарын қолтығынан демеп, көмек көрсетуді сұрады.

Ғали Есқалиев жұмыс киімдерін тігу тапсырыстарының басқа өңірлерге не себептен берілетінін анықтайтынын, сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы шағын кәсіпкерлік өкілдері атынан жеке кәсіпкер Руслан Асауып та саладағы түйткілдерді қозғады.

«Ресей валютасының айырбас бағамының өсуіне байланысты азық-түлік тауарларының бағасы тұрақсыз, «ауыздықтауға» көнбей барады. Бұл жағдай кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына қауіп төндіреді», – деді ол. Қоғамдық тамақтандыру саласының кәсіпкерлері өз қызметтерінде пайдаланатын азық-түлік түрлерінің 50-60%-ға жуығын Ресейден тасымалдайды. Сондықтан осы мәселеге қатысты түйінді тарқату үшін кәсіпкер облыс әкімінен жаңа нарықтар табу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Балама ретінде Түркия және Өзбекстан елдерімен сауда байланысын орнату ұсынылды. Кәсіпкердің ұсынысын тыңдаған Ғали Есқалиев баламалы мүмкіндіктерді сараптауды уәкілетті құрылымдарға тапсыруға ниетті екенін айтты. Ол үшін Руслан Асауыпқа шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бағасы ауыртпалық туғызып отырған тауарларының тізімін жасап беруді тапсырды. Бөкей ордасы ауданынан бейнебайланысқа шыққан кәсіпкер Светлана Хамитова мемлекетаралық деңгейдегі мәселені көтерді. Ол Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Орда-Полыны» шекара бекеті арқылы көлік қозғалысын ашуды сұрады. С. Хамитова Астрахань облысымен шекаралас жатқан аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бұл мәселенің жазғы маусымда өте өзекті екенін айтты. Өңір басшысы мемлекеттік шекара бекетінің 12 шілдеде ашылатынын айтып, кәсіпкерді қуантты.

Облыс әкімінің облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кәсіпкерлерді қабылдауы барысында су айдындарын құжаттандыруға, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға қаражат бөлу, электр қуатының тұрақсыздығы мәселелері сөз болды. Көтерілген мәселелер бойынша түйіндерді шешу жолдары талқыланып, тиісті мемлекеттік құрылымдарға тапсырмалар берілді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале