10.08.2023, 9:15
Оқылды: 119

Ислам ынтымақ-бірлікке үндейді

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Атамекен» өнер ордасында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз мүфтиді қош алып, өңірдегі діни ахуал жөнінде баяндады. 

94aaf8ee-8645-4c68-babb-79f38749182b

- Құрметті бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет, Батыс Қазақстан облысына қош келдіңіз! Бүгінгі басқосуға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, еңбек ардагерлері, мешіт ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, имамдар мен БАҚ өкілдері қатысып отыр. Басты мақсатымыз – ислам құндылықтары, оның қоғам өміріндегі маңызы туралы айту, діни саладағы өзекті мәселелерді талқылау. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани-ағарту жұмысын жүйелі жүргізетініне, отбасы институтын нығайту, үлкендерге құрмет көрсету, жастар тәрбиесі, қайырымдылыққа баулу мақсатында ізгі іс-шараларды жиі ұйымдастыратынына куәміз, – деген Нұрділдә Ораз облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты екенін айтты.

Аппарат басшысының мәліметіне сүйенсек, облыстағы діни бірлестіктердің төрағалары клубының отырысы тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Конфессия өкілдері арасында достық қарым-қатынас орнаған. Клуб отырысында олар емін-еркін пікір алмасады, жұмыс жоспары жөнінде әңгімелейді. Өңір бойынша 8 конфессия аясында 86 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 53 бірлестік – ҚМДБ мешіттері. Облыс аумағында тағы 15 мешіттің құрылысы жүргізілуде.

Облыстағы мешіттерде 112 имам қызмет (17 бас имам, 59 наиб имам, 17 ұстаз, 14 молда, 5 азаншы) атқарады. Оның 31-і жоғары білімді, 54-і арнаулы орта және 27-сі сауат ашу курстарынан өткен. БҚО әкімдігі жергілікті дін саласындағы кадр мәселесін шешу мақсатында жоғары діни оқу орындарына және колледж деңгейіндегі Орал медресе колледжіне жыл сайын гранттар бөлуде. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар көп күттермей оң нәтижесін береріне кәміл сенетінін жеткізді. Дөңгелек үстелде ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни басқарманың негізгі бағыт-бағдары жөнінде баяндады.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін мен дәстүрдің біте қайнасқан қағидасы аясында көптеген іс-шараны атқаруда. «Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қарттың қасында береке бар» деген болатын. Біздің қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген жақсы сөз бар. Көкірегі қазына, көңілі дария қариялардың өмір жолы, көрген-түйгені талай жасқа жылдар бойы азық болары сөзсіз. Осыны ескере келе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құрдық. Кеңестің бірнеше мәжілісі өтті. Бірнеше аймақта ақсақалдар форумын өткіздік. Мұның бәрі де мүфтият жұмысына тың серпін берді. Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесіп, сіздердің ойлы пікірлеріңізді тыңдап, кәдеге жарату мақсатында бас қосып отырмыз. Жастар қарияларға құлақ асады, жүйелі сөзге тоқтайды. Сондықтан жастарға тәлім-тәрбие беруде даналықтың көркем үлгісі – аузы дуалы ақсақалдарымыздың орны ерекше деп білемін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы ашық әрі айқын. Асыл дініміз ислам – адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Ардақты Пайғамбарымыз сахабаларын әр кез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, қырғи-қабақ болудан сақтандыратын. Қазіргі күнде де әр мұсылманның дінбұзар жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтанып жүруі аса маңызды. Жат ағымның теріс насихатына ермес үшін еліміздегі әрбір адам мынадай амалдарға назар аударуы тиіс. Біріншіден, дінді білім арқылы тану, екіншіден, бірлікте болу, үшіншіден дәстүрімізді құрметтеу керек. Мемлекетіміздің бейбітшілік саясатын қолдап, халқымыздың тату-тәтті ғұмыр кешуіне бір кісідей үлес қосу қажет, – деді Наурызбай қажы. Дөңгелек үстелде Құмар Құрақов, Қуанышбай Төлебаев, Бақтияр Құсайынов сынды ақсақалдар жастар тәрбиесі, ел бірлі-гін сақтау, ата дәстүрге берік болу жөнінде пікір білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале