12.01.2024, 21:00
Оқылды: 62

Ізденімпаз ғалымды мерейлі жасымен құттықтады

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы Коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау жобалық кеңсесінің басшысы, доцент, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Айешеваны 50 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

DSC08826

Университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін Гүлшат Амангелдіқызын тәжірибелі аға буын өкілдерінің санатына жатқызуға болатынын атап өтті.

– Сіз өзіңізді ұлағатты ұстаз ғана емес, ғалым, ұйымдастырушы ретінде де жан-жақты қырыңыздан көрсетіп келесіз. Ғалым ретінде өз еңбектеріңізді жергілікті деңгейден бөлек халықаралық деңгейде де дәлелдедіңіз, – деді университет проректоры.

Шара барысында техникалық даму орталығының директоры Айгүл Казамбаева мерейтой иесінің өмір жолымен таныстырды. Сонымен қатар 50 жасқа толған ғалым-ұстазға университеттің басқарма төрағасы-ректоры А.Наметовтің құттықтау хаты мен гүл шоқтары табысталды.

DSC08820

Құттықтау сөз алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов: – Бір кездері Гүлшат Амангелдіқызымен әріптес болып, бірге жұмыс жасадық. Алғашқы рет Орал қаласында коммерцияландыру кеңсесі ашылғанда Гүлшат Амангелдіқызы Жәңгір хан университетінің көптеген ғылыми жобаларын коммерцияландыру деңгейіне жеткізді деп айтуға болады. Көбік бетон, көбікті шыны, бекіре балығы, кроссбердті қой шаруашылығы сынды университеттің техникалық және ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларына өз үлесін қосып, отандық ғылымды дамытуға атсалысты, – дей келе, Махамбет университеті басшысы мен бір топ ғалымдардың құттықтауын жеткізді.

Бұдан әрі Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының директоры Жанар Ержанова, Агротехнологиялық институтының директоры Марат Оңаев, Сынау орталығының директоры Индира Бейшова, Техникалық даму орталығының директоры Айгүл Мамайқызы, «Парасат» ақпараттық білім беру орталығының директоры Айгүл Есенаманова және басқа да әріптестері құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Мерейтой иесі өз кезегінде барлық құттықтаушыларға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Жәңгір хан университетінде 1996 жылдан бастап 28 жыл жұмыс жасаған Г.Айешева – АҚШ-та, Оксфорд колледжінде және Оңтүстік Чехия университеттерінде тағылымдамадан өткен білікті маман. Қытай Халық Республикасында және Ресей елінде өткен инновациялық технологиялардың халықаралық көрмесіне қатысып, тәжірибе жинақтаған. Techno-PRIZE инновациялық жобаларын коммерцияландыру бойынша халықаралық және республикалық конкурстардың, Технологияларды коммерцияландыру реакторларының, Астана экономикалық форумы аясындағы «Бизнес-ангелов» үздік жоба байқауларының жеңімпазы.

Гүлшат Амангелдіқызы ҚР Технологияларды коммерцияландыру бойынша альянсының мүшесі, ҚР БҒМ «Үздік оқытушы» атағы мен грантының иегері, басқа да көптеген марапаттары бар. Сондай-ақ 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жарияланымдардың, оның ішінде 11 монографияның, 15 оқу құралының, екі ҚР патентінің авторы.

БҚАТУ Медиа орталығы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале