15.01.2021, 9:34
Оқылды: 1016

Ізгілік нұрын шашқан...

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген ұғым бар. Бұл кез-келген адамға телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйлайды. Нағыз ұстаз да – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды кемел тұлғаға балайтынымыз анық.

Serik Makyruly 1

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадында сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Алдымен ұстаз бола білген, онымен ғалым жолын қатар тізгіндеген, ең алдымен шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті, ізгілік пен ізеттілікті биік тұғырға қойған ұлағатты ұстаз, рухани әке бола білген Серік Мақпырұлы туралы ізгі ниетпен шәкірт жүрегінен жақсы адамға жақсы сөз арнауды мен өз парызым санаймын.

Серік Мақпырұлымен таныстығыма 20 жылдан астам уақыт (2000 жылдан) болды. Осы уақыт аралығында байқағаным, оның жемісті жылдарының жеңісі мен жетістігі анық аңғарылады. Серік Мақпырұлының әріптестік ортада өзіндік таным, терең білім, еңбексүйгіш, жұмысқа қабілеттілік пен талапшылдық, ізгілік қасиеттерімен ерекшеленген тұлға екендігін осыған дейін де ұстазыма арналған естеліктерімде  үнемі айтып жүрем.

Сол естеліктерді қайта жаңғыртсам... Профессор Серік Мақпырұлы 2000  жылы Алматыдағы оқушылардың «Дарын» қосымша білім беру орталығына келіп дәріс оқыды. Республиканың әр өңірінен келген оқушылар жиналған. Түске дейінгі уақытта университет ғалымдары дәріс оқиды. Басқа уақыттарда танымдық кештер өтеді. Әр аудиторияда ғалымдар белгіленген уақытта дәріс оқиды. Кезекті кесте де ілінді. Дәріс тақырыбы – «С. Мұқановтың «Ботагөз» романының шығармашылық тарихы (жазушы лабораториясы)». Мен үшін өте қызғылықты тақырып. Ертеңіне асыға дәріс өтетін кабинетке келдім. Ең бірінші болып кірдім де, алдыңғы партаға отырдым. Ұстазымды, болашақ ғылыми жетекшімді ең алғаш көруім. Дәріс басталмас бұрын ағай жай ғана дауыспен: «Фамилияң кім болады?». Мен асыға «Сұлтанғалиева» деп жауап қаттым. «Батыстан екенсің ғой, «Ғалилардың» барлығы сол жақта ғой» деді. Ағай дәрісін оқыды. Бірнеше рет кездестік. Сонымен білімді жетілдіру уақыты да аяқталып, елге қайттық.

20210115_093304

Сол жылы 11-сыныпты аяқтап, Алматыға оқуға келдім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Бірінші курстағы алғашқы дәріс. 404-аудитория. «Әдебиеттануға кіріспе» пәні. Оқытушы аудиторияға кіре бергенде, көңілде қуаныш орнағандай күйде болдым. Бір жыл бұрын танысқан Серік Мақпырұлы. Ағай көп студенттің ішінен мені бірден тани қоймады. Сабақ аяқталысымен ағай беттеген кафедраға қарай келдім. Кафедрада академик Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин бастаған ұстаздар. Кафедраға кіруге бата алмай, ағайымның шыққанын күттім. Дәлізге шыға бергенде, қасына бірден бардым. Танымай қалар ма екен деген көңілде күдік те орнады. Алдына шыға бергенде, ағайымның бірден танып, аялы алақанымен қолымды қысып, маңдайымнан сүйгені, сол күнгі ыстық ықыласы менің жүрегімде мәңгілікке сақталады. Студенттік өмірдің төрт жылы зымырап өте шықты. Осы жылдар аралығында ағайымның арқасында уақыттың текке өтпегенін бүгінгі күні анық сезіледі. Ғылыми конференцияларға үзбей қатыстым. Студенттің жазған мақаласы республикалық «Ұлт тағылымы» журналында да басылды. Серік Мақпырұлының жетекшілігімен диплом қорғадым. Университетті үздік аяқтап, аспирантураға түстім. Кандидаттық диссертациямды уақытында аяқтап, қорғауға дайындалдым. Ғылыми кеңестердің уақытша тоқтатылған кезі. Уақытты өткізбей, ағайым жетектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алып барды. Сол кезде академик Тұрсынбек Кәкішұлымен таныстырды. Академиктің ақ батасын да алдым. Мені 25 жасымда кандидат қылған, одан кейін де осы саладағы жалғасқан жетістіктерімнің барлығында да ұстазым Серік Мақпырұлының қолтаңбасын аңғармау мүмкін емес. Жай ғана қарапайым нәрсе боп саналатын, тапсырманы уақытынан кейін кешіктірмей, дәл уақытында не айтылған уақыттан бұрын орындауға да тәрбиелеген Серік ағай болатын.

Серік Мақпырұлының ұстазы Нығмет Ғабдуллинге сүйікті шәкірт болғаны көз алдымда өтті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық қарым-қатынасқа барлығы қызыға қарайтын. «Секеңнің жетегіне ерсең, өрге қарай жүресің, қарағым» деген Нығмет Ғабдуллиннің «Сен, Секеңе жақсы шәкірт боласың» деген сөзі мені ұстазыма одан да жақындата түсті.

Серік Мақпырұлының ең алғаш зерттеген тақырыбы Сәбит Мұқановтың  шығармашылық лабораториясы болса, осы бағыттағы ғылыми еңбектері, монографиялары да жарық көрді. Ғалымдықпен қатар ұстаздық жолды жоғары қойған Серік Мақпырұлы «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» сынды пәндерді қамтитын «Адамтану өнері» деп аталатын оқу құралын жазды. Осы оқу құралының алғысөзінде: «М. Горькийдің әдебиетті «адамтану ғылымы» дегені баршаға белгілі. Сондай-ақ белгілі орыс әдебиетші ғалымы В. Днепровтың Лев Толстойдың суреткерлік тәжірибесі хақында жазған «Искусство человековедение» (Советский писатель, Ленинградское отделение, 1985) деген зерттеу кітабы да бар. Горький сөзінің шындығы, В. Днепров атауының дәлдігі дау туғызбайды. Сондықтан да оқу құралын «Адамтану өнері» деп атауды жөн санадық» делінген. Әдебиет ұлы өнер болса, ал өнерге әрқашан  адалдықпен қарау керек дегенді ағай шәкірттеріне ұғындырып өтті.

Әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылымды дәріптеді, ұлағатты ұстаз ретінде мыңдаған шәкірттің жүрегін жаулады. Ғылымға деген адалдығымен, тазалығымен, өнегелілігімен, парасаттылығымен, турашылдығымен, әділдігімен ғана көрінді. Шәкірттерін де солай тәрбиеледі. Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына адал қызмет ету болса, Серік Мақпырұлы сол міндетті биік тұғырда орындады. Ол ұлт мүддесін жоғары қойды. Білімді студент, білікті маман даярлауға бар күшін жұмсады. Ел ертеңі жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру басты міндет болса, білімді, білікті, тәрбиелі жастардың қалыптасуы үшін аянбай еңбек еткен зиялы жандардың бірі де бірегейі болды десем, артық айтқандық болмас.

«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Серік Мақпырұлы кісілік келбетін келістіріп, шынайылықты асқақтатып келген ардақты тұлға бола білді. Ана сүті дарытқан абзал қасиеттің жемісі  айналасына ғибрат нұрын шашқан ғұмыр сыйлады.

20210115_093314

Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, қиналғанда қуаткер, оңашада ой-ерік, жалғыздықта жолдас, бақытқа бастар ақылшы, торыққанда таяныш, адамдар арасында айбар, жауға қарсы жебе болатын білім мен ғылымды қуалады. Жылдар өте ізденістің, қабілет-қарымның арқасында шеберлігі дамып, ғылым мен бүкіл ғұмырының рухани азығына айналған білім беру саласында болды. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтерілетіні анық.

Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Серік Мақпырұлының бойынан  осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы  табылары сөзсіз.

«Ойлар, ойлар,

Қамығам кейде

Өмірім мынау

Толқыған бейне

Қас-қағым сәтте өтердей.

Ауырлық батпай,

Төгілмей тер де,

Парызым мынау

Туған бір елге

Қалар ма деп өтелмей».

Бұл «Көңіл сазындағы» шумақтар... Ұстаздың азаматтық парызы да

туған елге аянбай ету болса, ұстаз парызы өтелгендей. Оған елдің әр түкпірінде жүрген, ұстаздықтың кемесіне мінген шәкірттері мен ғылым әлеміне қадам басқан ғалымдар еңбектері куә. Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар. Серік Мақпырұлы арамызда жүрсе, дәл бүгін қаумалаған шәкірттері боп 77 жасымен құттықтар едік, ал біз ұстазды еске алып, ол салған сара жолға тек бас иеміз.

Ағай туралы еске алғанда, сыйлас інілерінің бірі, әдебиетші ғалым Бауыржан Омарұлының 2015 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Ақ жаңбыр» атты мақаласын (эссе) оқып шықтым бірнеше рет. Мақала Серік Мақпырұлының:

«Шолақ сайдай тасығам жоқ күркіреп,

Даңқ-дақпыртым дабыра емес, дүркіреп.

Өтсем болды туған дала төсінде,

Ақ жаңбыр боп сіркіреп...» деген өлең жолдарымен

басталған. Мақала авторы Серік ағайымыздың осы бір шумақ өлеңімен ағайдың бар болмыс бітімі мен табиғатын ашқандай. «Ақ жаңбыр секілді үнемі өзгелерге жақсылықтың нұрын сеуіп тұрды» десе, енді бірде «атшаптырым аудиторияны адамгершілік алаңына айналдыра біліпті» деп бағасын берген. Ақ жаңбыр ұғымының ағайдың адами болмысын әйгілегеніне көз жеткізесіз.

Қазақта қарақан басынан гөрі халқының қамын жеген азаматтар қашанда болған. Сондықтан да ата-бабамыз: «Аттан аттың несі артық, қазанаты бір басқа. Адамның адамнан несі артық, азаматы бір басқа», деп ондай ұлдарына ерекше сүйсініп, естерінде сақтаған. Сондай асыл жандардың бірі ретінде кемел тұлға, парасатты ғалым, ұлағатты ұстаз бола білген сүйікті ұстаз, рухани әкемнің ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы мен үшін әрқашан биік тұғырда тұрады. Сіз әр шәкірттің жүрегіндесіз, асыл ұстаз!!!

Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік универсиетінің

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

                                

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале