19.03.2020, 15:09
Оқылды: 84

Оралда түнгі ойын-сауық орындарына рейд жүргізілді


3B804492-1FD7-43C1-8520-C5A85DAA5E2CКоронавирустың таралуына байланысты Президент Жарлығымен 16 сәуірге дейін елде төтенше жағдай жарияланды. Соған сәйкес ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа орындар уақытша жабылды. Төтенше жағдай талабына сай, мейрамханалар мен дәмханалар қызметі сағат 22:00-де тоқтатылуы тиіс. Сәрсенбі күні кеште Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен төтенше жағдай кезінде қаладағы мейрамханалар мен кафелердің жұмыс кестесін қадағалау мақсатында рейд өтті.

08F0FDFA-7B5B-4415-876E-AEADF79F9D30

Түнгі рейдке қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысты. Рейд тобы, алдымен, шектеулі аяқталуына таяу қалса да терезеден шамын самаладай жарқыратып отырған «Карабах» кафесіне бас сұқты. Санитар мамандар кафе асханасының тазалығын тексеріп, қосымша қандай шаралар қабылдау қажеттігін түсіндірді. «Карабах» әкімгері Заур Әлиұлы санитарлық талапқа сәйкес тағам қойылатын үстелдер дезинфекцияланып отыратынын айтты.

– Қазіргі уақытта адамадар көп шоғырланатын орындарды дезинфекциялау күшейтілуде. Мейрамхана, кафе, дәмхана қызметкерлері есік тұтқалары мен үстелдер бетін екі сағат сайын сүртіп отыруы керек. Бөлме ішін жиі желдетіп, ауасын тазартқан дұрыс. Даяшылар мен аспаздар маска киіп, қолдарын антисептикпен жиі жууы тиіс. Тамақ ішілетін орындар таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін қызмет етеді. Түнгі клубтар мен кальян орталықтары уақытша жабылуы керектігі қаулыда көрсетілген, – деді Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Жанбота Шыныбекова.

Түнгі қаладағы тексеру шарасы одан әрмен жалғасты. Көңіл көтеретін ойын-сауық орындары бұйығы қалыпқа көшіпті. Рейд барысында сағат 22:00-ден кейін «Tengri» ресторанының қонақ қабылдағаны анықталды.

– Төтенше жағдай режимі жарияланғанына қарамастан, «Tengri» ресторанының төменгі қабатында бірнеше адам жайбарақат көңіл көтеріп отырғаны жөнінде дерек тіркелді. Рейд кезінде ресторан әкімгері заңбұзушылыққа неге жол берілгенін нақты түсіндіріп бере алмады. Бұған қатысты тергеу ісі басталады. Содан кейін тергеу материалдарын сотқа жолдаймыз. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау, заң талабын бұзғандарға ескерту жасау немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу, тіпті он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Бұл жаза сот үкімі шыққаннан кейін орындалады, – деді Орал қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары, полиция майоры Жаңатар Иманалиев.

Үш күннен бері төтенше жағдай режимін қадағалау мақсатында жауапты құрылымдар қала көшелерін көлікпен аралап, рейд өткізуде. Наурыздың 17-сі күні мейрамхана мен кафе иелері тарапынан төрт бұзушылық тіркелген. Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзбау керектігін айтып, түсіндіру жұмысын жүргізген. Шектеулі мерзімнен кейін жабық тұруы тиіс қоғамдық орындардың келушілерді қабылдағанын көрген тұрғындар «102» нөміріне қоңырау шалып, тәртіпті бұзғаны жөнінде хабарлауына болады.

Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале