29.06.2022, 15:30
Оқылды: 159

Қайта тумас тұлға

Қасиетіңнен айналайын Жаңақала топырағы талай-талай топ жарған тарландарды қамал бұзған батырларды, арқалы ақындар мен құдіретті күйшілерді дүниеге әкелген жер ғой.

1954

Күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның әнімен аспандағы құсты түсірген, күйімен аруақты даламызды дүбірлеткен қаншама дүлдүлдеріміз өткен. Соның бірі, қазақ өнерінің қаймағы іспеттес болған, дарабоз домбырашы, ұлы ұстаз Қали Жантілеуов 1902 жылы 8 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының №10 Қамыс-Самар ауылында қарапайым шаруа Жантілеу отағасының отбасында дүниеге келеді. Кедей шаруаның баласы Қали 5 жасынан бастап музыкаға әуестенеді. Жез легенді тауып алып, соны даңғырлатып үй-ішінің мазасын алып, қалақ ағашқа қыл тағып, соны тартып жүреді. Қалидың үлкен шешесі: «Болар бала бесігінде бұлқынады» дегендей Қали бала кезінен-ақ өзге бауырлары Бақтыгерей, Әбілден гөрі өзгешелеу болып өседі. Қали жеңіл әуендердің басын шалып, ауыл аймағына кәдімгідей «домбырашы бала» атанады. Тоғыз жасында-ақ домбыраның құлағында ойнаған жасөспірімге атақты Мәменнің назары түсіп, қасына ертіп біраз күй үйретеді.

Зерделі жас Тоғабай, Жұматай, Төлепберген, Мекетай, Алабастың Қалиы сынды домбырашылардан Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Теріс қақпай», «Адай» сынды күйлерін үйренеді. Әсіресе, Тоғайбай домбырашы Қалиды өзіне жақын тартқан екен. Қали осы домбырашыдан Мәменнің «Қаражан - ханым» деген күйін үйренеді. Ал Баламайсаңның «Баламайсаң» деп аталатын күйін ол ерекше шабытпен орындаған. Жасы 80-ге келгенде Баламайсан осы күйді «Дүниеғапыл» деп тартқан.

Қали Жантілеуовтің домбырашылығымен танылған шағы 30-шы жылдардың бас кезеңі. Бұл кезде Алматы қаласында көптеген өнер отауы бой көтеріп, ел арасынан өнерпаздар ізделе бастайды. Осы мақсатта 1934 жылы республикада тұңғыш рет өнер байқауы өтеді. Маусымның 14-де Алматы сахнасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған небір жезтаңдай әншелер мен күйшілер көтеріледі. Кезек Қалиға да келеді. Отыздан енді ғана асып, Батыс Қазақстанның құмды ауылынан келген қылшылдаған жас жігіт қалың нөпір халықтан қаймықпастан бабасы Құрманғазының аруағына сыйынып, арқалы атасының «Адайын» тартады. Осындай құдіретті домбырашыны аңсап күткен халық қайта-қайта қол соғып оны сахнадан жібермейді.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықта қазылар алқасы да жас жігіттің өнеріне дән риза болып байқаудың бірінші жүлдесін еншісіне береді. Міне, осыдан кейін-ақ Қалидың өнердегі бағы жанады. Байқаудағы ең үздік дегендерден филармонияның жанынан ансамбль құрылады. Кейін бұл ансамбль Қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестріне айналады. Ансамбльдің тұңғыш ұйымдастырушысы, кейін республикалық халық аспаптар оркестріне айналдырып, тұңғыш дирижері болған академик Ахмет Жұбанов еді.

«Қали борандатқан тез екпінді күйлердің орындаушысы.  «Адай», «Теріс қақпай» сияқты күйлерді әлі күнге Қалидай ешкім тарта алмайды десек өтірікші болмаймыз. Ол сонымен қатар «Баламайсаң», «Науайы» сияқты әндеткен күйлерді де сызылтып-ақ орындайды», - дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл ұстаздың бағасы. Сонау бозбала кезеңінде Қали жантілеуов әншілікке де әуес болыпты «Ой тентек», «Әрайнам», «Үлкен айдай», «Кіші айдай» әндерін тамылжыта орындаған. Домбырашы Тоғайбайды өзіне көмекші еткен Мұса болыс Қалидың әншілігіне қызығып, делбеші етіп алып, осынау қос дүлдүл арқылы біраз абыройын жүргізіпті.

Әйтсе де Қали күйге біржола бет бұрып, бақытын да күйден тапты. Қалидың қоғамдық қайраткерлігінің өзі бір төбе. Саңлақ домбырашы 1945 – 1955 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның (қазіргі Өнер институты) халық аспаптар кафедрасында, 1955 – 1968 жылдары Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында қызмет етті. 1968 жылдан Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер институтында ұстаз болған.

Оған айтулы орындаушылық шеберлігі үшін 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ал 1954 жылы халық әртісі атағы берілді. Өнер саласындағы зор еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді қазақ. Қалидың алдынан өткен шәкірттерінің өзі бұл күндері республика өнерін асқар шыңға шығарған, дүниежүзіне танытқан өнер қайраткерлері. Олар: халық әртістері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары: профессор Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның халық әртістері профессор Фуат Мансуров, Рүстембек Омаров, Әзидолла Есқалиев, VI Бүкілдүниежүзілік фестивальдың лауреаты, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты профессор Қаршыға Ахмедияров. Қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер профессор Хабидолла Тастанов, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Шәміл Әбілтаев болып кете береді. Қали жөнінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының ұстазы Томат Мерғалиев: «Інжу-маржандай» сақталған қазақтың ұлттық музыкалық дыбыс бояуының өзіндік ерекшелігін, әр күйшінің өзіне тән интонациялық үнін, тембрлік ерекшелігін Қали мұқият сақтай отырып, орындаған күйлерінде шебер пайдаланады», - дейді.

Қали Жантілеуов орындаушылық өнері де алдында бір төбе. Өйткені ол әйгілі Құрманғазының немере шәкірті. Қали Жантілеуов – «Менің алғашқы ұстазым Алабастың Қалиы еді, бірақ алғашқы «Кеңес», «Көңіл ашар» күйлерін нағашым Нұртазадан үйрендім» деп отыратын. Кейінгі ұстаздары Мәмен, Тоғайбай, Жұматай сияқты елге белгілі домбырашылар болған.

Қали Жантілеуов өзінің тағы бір әңгімесінде «Менің дұрыс күйшілік жолға түсуіме ұстазым. Мәменнің қамқорлығы ерекше», - дейтін. Қали Жантілеуов Құрманғазының, Дәулеткерейдің көп күйлерін Мәменнің қолынан алып, Мәменнің барлық күйін өз қолынан үйренген. Бізге Қали Жантілеуовтің күйлерінің бәрі түпнұсқа ретінде қымбат. Ол тағы бір әңгімесінде «Күй тартқанда асықпай күйдің әрбір буынын егжей-тегжейіне дейін жеткізе тартатын. Өзіне үлкен талап қоя білген Мәмен маған да үлкен талап қоятын», -деп отыратын.

 «Әр домбырашы - өз мінезінде тартады» дейді халқымыз. Қали Жантілеуов жайсаң жанды жер қозғалмаса қозғалмайтын, салмақты салиқалы, кішіпейіл, әділ адам болатын. Қали Жантілеуовтың бізге жеткізген күйлері ешбір қосындысыз, бұрмалаусыз, кіршіксіз таза уыздай қалпында жетті деп айта аламыз. Олар Құрманғазы оркестрінің алтын қорына енді.

Қали Жантілеуов орындаған 19 күй қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Оның орындаушылық мәнерінде қызу, жалынды жігер мен нәзіктік, сыршыл философиялық лирика терең қабысқан.

«Қали Жантілеуовтың орындаушылығы қай композитордың күйін алсақ та өз бойына сіңіріп, жандандырып, көкірегін жарып шыққан өз туындысындай тебіреніспен орындайтынына көзіміз жетіп тыңдайтынбыз», - дейтін профессор Құбыш Әшімұлы.

- Мен Қали Жантілеуовпен әйгілі домбырашы ретінде 1943 жылы Құрманғазы оркестріне шәкірт болып жұмысқа кіргенде таныстым. Алғашқы алты ай Дәулеткерейдің немере шәкірті, оның күйлерін айтарлықтай орындайтын Науша Бөкейхановтан тәлім алдым да, консерваторияға түскенше бір жарым жыл Қали Жантілеуовтың шәкірті болдым. Консерваторияны өз ағам Ұлықпан Мұхитовтан тамамдадым. Менің, бір есімде қалғаны Қали Жантілеуов өте төзімді, үйретуден жалықпайтын ұстаз еді. Қасиеті сондай, бір тартымынан жаңылмайды. Оқушысынан да соны талап ететін. Күй үйреткенде де бөліп-бөліп үйретіп, әр буынды жеке қадағалап отыратын. Ол кісінің орындауында асығушылық деген болмайтын. Күй бойға сіңгенше екі есе жәй екпінде ойнататын. Тағы бір есте қалған нәрсе әр композитордың күйін, сол композиторға тән мәнерде орындауды біздерден әр уақыт талап етіп отыратын. Құрманғазы күйлерін орындағанда оның оң қолының алымы (амплитудасы) кең болатын. Соған байланысты домбырадан дыбыс шығаруы ерекше еді. Сонымен бірге дыбыстың әдемілігіне, тербелісіне, күйдің мәніне тарихына өте қатты көңіл бөлетін. Халық күйлерін кейінгі ұрпаққа дәлме-дәл, құрылысын, мазмұнын өзгертпей жеткізген бірден-бір орындаушы.

Кейбіреулер ұстаз деген сөзді тікелей түсінеді. Кімде оқысаң сол ұстаз, басқалары ұстазға жатпайды дегендей меніңше жалғыз тікелей оқытқан адамды ғана ұстазым деп санау дұрыс емес. Өзіңнің құмартып, тыңдап, еліктеп осындай болсам екенидеген адамды да ұстазым деп білу керек», - деп еске алады профессор Мұхитов Құбыш Әшімұлы.

 Халқымыздың домбыра – күй өнерінде айтарлықтай із қалдырған әйгілі домбырашы – ұстаз елдің есінде мәңгі сақталады.

Құрметпен,

Жантілеуовтер отбасы

2022 жылғы 29 маусым

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале