26.10.2020, 11:55
Оқылды: 308

Қаладағы «құдалық» тыйылмай тұр

Орал қаласында сенбі күні алты мониторинг тобы мейрамханалар мен кафелердегі санитарлық талаптың сақталуын тексерді. Облыстың бас санитарының тыйым салғанына қарамастан, кәсіпкерлердің той, құдалық және көпшілік жиналуымен тағы басқа шаралар өткізуге жол бергені анықталды.

0A3785EB-6787-4876-B62B-142D3F16029C

«Сенбі күні Зашаған кентіндегі 42 нысанды араладық. Топ құрамында учаскелік инспектор, волонтер және БАҚ өкілі болды. Қозы Көрпеш көшесіндегі «Жерұйық» тойханасында сексенге тарта адам жиналғаны белгілі болды. Соған байланысты той иесінен және мейрамхана басшысынан түсініктеме алынып, санитарлық талапты сақтаудың маңызын түсіндірдік», – деді мониторинг тобының жетекшісі Аслан Мендиканов.

Мониторинг жүргізетін топтар жексенбіде қоғамдық орындарды қадағалау жұмысын жалғастырды.

Қала әкімі аппараты бөлімінің басшысы Аслан Жармұхановтың мәліметіне сүйенсек, 24-25 қазан күндері бас-аяғы 14 нысанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптың бұзылғаны анықталды. Сенбіде «Арыстан» кешені, «Айбат» мейрамханасы, «Жерұйық» тойханасы, «Qazaq Eli», «Юбилейный», «Chaihana Gold» мейрамханалары, «Встреча» кафесі, жексенбіде «Каспий», «Байтерек», «Айзат», «Жерұйық» мейрамханалары қонақ қабылдап, көпшіліктің жиналуына мұрындық болған. Қазан айы басталғаннан бері мониторинг топтары карантиндік шектеуге қатысты 68 бұзушылықты анықтады. Оның 21-і белгіленген уақыт кестесінің сақталмауына, 45-і жұмыс режимінің бұзылуына, екеуі тұрғындардың салғырттығына байланысты. Барлық іс материалын учаскелік инспекторлар тіркеп, Орал қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдаған.

 Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале