28.01.2022, 9:20
Оқылды: 116

Қалаішілік жолаушы тасымалына өкпе-реніш көп

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков «Aqjaiyq» телеарнасы ұйымдастырған тікелей эфир арқылы тұрғындар сұрағына жауап берді. Алдымен қала тұрғыны Асылбек Ищановтың қойылған сұрағы –Зашаған кентіндегі Балауса шағынауданы аумағында салынатын мектеп құрылысына қатысты болды.

25 

–  Жылдан-жылға шаһар жұртшылығы көбейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары қала аумағында 18  шағынаудан  пайда  болды. Соның  бірі – Балауса  шағынауданында 2 мыңнан  астам адам тұрады. Балаусадағы 800-ге жуық оқушы  қалалық №20 және №30 мектептерге барады. Қазіргі  кезде №30 мектепте орын тапшылығы анық сезілуде. Балаусада салынатын 900 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, құрылыс  аумағы белгіленді. Облыстық  білім басқармасы  мен «Ақжайық» ӘКК  бірлесіп, мектеп салуға инвестор тарту мақсатында жұмыстануда.  Биыл  инвестор  көмегімен  мектеп  құрылысын  бастау  көзделуде, – деді қала әкімі.

Бұдан бөлек шаһар басшысына тұрғындар азық-түліктің қымбаттауы, аутожолдар сапасы, қоғамдық көліктердің жетіспеуі, электр жарығының жиі сөнетіні туралы мәселелерді жиі көтерді. Абат Шыныбеков биылғы  инфрақұрылымдық жобаларға сай Ескі әуежай және Жұлдыз шағынаудандарында электр желілері жаңартылып, трансформаторлық қосалқы стансалар салынатынын, бейнебақылау камералары орнатылатынын хабарлады. Қала әкімі «Ирменов» ЖК мен «Кублей» кәсіпорнының арасындағы атышулы сот ісіне алаңдап жүрген үй салымшысының өтінішіне жауап қатты. «Мен – «Ирменов» ЖК үлескерімін. Екі жылдан бері Циолковский көшесінде салынып жатқан үйден пәтер берілуін күтіп жүрмін. Үй құрылысы «Кублей» ЖШС-ның санитарлық-қорғау аймағында жүргізілгендіктен, қос тарап әлі күнге дауласуда. Сол себепті мемлекеттік құрылымдардан да, мердігерден де жауап жоқ. «Ирменов» басқа жерден баспана беретініне кепілдік бермей отыр. Осы мәселенің шешімін табуға көмектесіңіз» – деді үлескер Алмагүл Дүйсәлиева.

– «Кублей» зауытының маңындағы үй құрылысына байланысты дау-дамайды реттеу мәселесін қадағалап отырмыз. Күрмеулі түйткілдің шешімін табу мақсатында бірнеше ұсыныс жасадық. Алдымен, апелляциялық соттың шешімімен, Жоғарғы соттың қолдауымен құрылыстың мақсатына өзгеріс енгізе отырып, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының жаңа нұсқасы әзірленуде. Бұған дейін үй салымшыларымен және құрылыс компаниясының өкілдерімен бірнеше мәрте кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. ҚР Индустриялық және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен  қоғам белсенділері, сарапшылар «Адалдық алаңында» бас қосып, аталған мәселені талқылап келеді. Үлескерлер мен мердігер  арасында келісімшарт бұзылды. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер үлескерлердің жарналарын қайтаруда. Тұрғын үй кешеніне бас-аяғы 34 үлескер тапсырыс берген. Күні бүгінге дейін олардың алтауы Зашаған кенті мен Желаев ауылынан баспана алды, – деді Абат Шыныбеков.

Шаһар басшысына Зашаған мен Деркөл кенттерінің тұрғындары №7 маршрут бойынша аутобустардың уақытынан кешігіп келетіні, қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушылар тасымалына жауапкершілікпен қарамайтыны туралы жиі шағымданды.

«№7 маршрут бағытындағы автобустардың жүруі сын көтермейді, аралық уақыт кестесі ұзақ. «Старый конечный» аялдамасына қала жақтан келе жатқан аутобустар тоқтамайды. Аялдама Қошқарбаев, Бабатайұлы, Қалменов, Жанқадамов, Қашаубаев көшелерінің тұрғындары үшін өте алыс»  деп жазды фейсбук желісінде пікір білдірген Ардақ Қанатова. Абат Шыныбеков бұл мәселемен жіті таныс екенін айта келе, көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, қаңтар айының аяғына дейін «Ақжолавто» ЖШС-на қоғамдық көліктердің жүру интервалын бұлжытпай сақтау, көлік ақауларын жою, тұрғындар талабын ескеру керектігі жөнінде нақты тапсырмалар бергенін хабарлады. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта №7 маршрут бойынша 22 қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Көліктердің арақашықтығы 7-8 минут­қа есептелінген. Тасымалдаушы кәсіпорын қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстануда. 2021 жылдың желтоқсан айында орта сыныпты 9 автобус сатып алынды. Қазіргі уақытта көліктер қалаға жеткізіліп, құжаттары рәсімделуде. Ақпан айының қарсаңында отандық «Вектор Некст» ныспылы 2 аутобус қосымша жеткізіледі.

«Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» тақырыбында өткен тікелей эфир кезінде шаһар басшысы Абат Абайұлы тұрғындар сауалына екі сағат бойы жауап берді. «Aqjaiyq» телеарнасының фейсбук парақшасы арқылы оралдықтар біраз сауал қойып үлгерді. Желі қолданушыларымен қала­лық бөлім басшылары және сала мамандары байланысқа шығып, олардың толғандырған сауалдары мен сын-ескертпелеріне бірден жауап жазып отырды. Қала әкімінің жауабымен қатар әлеуметтік желіде жарияланған бірқатар сұрақ-жауапты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

В. Дүйсенғалиев, Зашаған кенті Бірлік шағынауданындағы №33 үй тұрғыны:

– Біздің үй 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап қолданысқа берілді. Жаңадан салынған үйдің сапасы нашар. Былтырғы көктем айында жертөлеге су толды. Тұрғындар ортақ қаражат жинап, жертөледегі суды сорғызып, тазалаттырып алды. Үйдің есік-терезесі сапасыз, су құбыры жиі істен шығады. Жоғары қабаттағы тұрғындарға ыстық жәнесалқын су жетпей жатады. Кәріз жүйесінде ақау болғандықтан, жертөлеге қалдық су ағып, жағымсыз иіс шығады. Қыс кезінде жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Зашаған кентінің әкімдігіне тұрғын үй кооперативі арқылы талап-арыз жазылды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Құрылыс сапасына екі жылға кепілдік берген мердігер мекеменің өкілі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен төбе көрсетіп кеткенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр.

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі:

– Кейінгі жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында қала бойынша үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Орал – Саратов трассасы бойындағы Бірлік көшесінде көпқабатты үйлер тұрғызылды. Бірліктегі №25 және 33 үйлердің тұрғындарынан арыз-шағым жиі түседі. Үйлерді салуға тапсырыс беруші мекеме – Орал қаласының құрылыс бөлімі. Менің білуімше, мердігер – жергілікті мекемелердің бірі. Алдағы уақытта мекеме өкілімен және жауапты бөлім басшыларымен бірге №33 үйдің тұрғындарымен кездесіп, мән-жайды анықтаймыз. 2021 жылы тәулік бойы нөсер жауған күндер болды. Сол кезде аталған күрежол бойындағы бірқатар үйдің жертөлесіне су құйылды. Осы аумақтағы ПИК жұмысшылары мен «Батыс су арнасы» ЖШС қызметкерлері су сору жұмысын жүргізді. Тұрғындардың өздері де жеке ассенизаторларды жалдады. Яғни бұл мәселеден құлағдармыз. Мердігердің үй сапасына берген екі жылдық кепілдемесі бар. Егер соған сәйкес тұрғындар талабына жауап бермесе, тиісті шара қолданамыз.

Айбек Исалиев, қала тұрғыны:

– Қала бойынша «сақалды құрылыс» нысандары өте көп. Мысалы, қала әкімдігінің жанындағы 9 қабатты ғимарат, облыстық полиция департаментінің маңындағы нысан және «Омега» зауыты маңайындағы үйлердің құрылысы аяқталмаған күйі тұр. Осы қаңтарылып тұрған құрылыс нысандары бойынша неге тексеру жүргізілмейді?

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі:

– «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес қаладағы құрылыс нысандарының сапалы әрі сәулетті болып жүргізілуіне мүдделіміз. Осыдан біраз жыл бұрын іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, сосын тұралап қалған мұндай нысандарға алғашқы кезде ешкім назар аудармады. «Сақалды құрылыстар» қала сәнін бұзып қана қоймай, тұрғындардың өмірі мен  денсаулығына  қауіп төндіруі де мүмкін. Мәселен, иесіз нысандар қылмыс ошағына айналып кету қаупі бар. Соңғы екі жылда бұл бағыт бойынша құрылыс жұмысын жандандыру нәтижесінде Шолохов көшесіндегі бизнес-нысандар қайтадан бой көтерді. Зашаған кентіндегі сауда орталығын қалпына келтіру жұмысы аяқталу қарсаңында. Солтүстік-шығыс аудандағы құрылыс нысандарының иелерімен келіссөз жүргізудеміз. Сауал көтерген тұрғын атап өткендей, қала әкімдігінің жанындағы ғимараттың қаңтарылып тұрғанына он жылдан асты. Меншік иесімен ұзақ уақыт жүргізілген келіссөз нәтижесінде мердігер табылып, ол осы нысанның құрылысын аяқтауға келісті. Мердігер жыл аяғына дейін ғимаратты салып бітірмек. Ал Пугачев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы нысан басқа кәсіпкер иелігіне көшті. Ол құрылыс жұмысын көктемде бастап, осы нысанды тұрғын үй кешені ретінде түлетеді.

Дәулет Кәрімов:

– Ақжайық шағынауданын қала орталығымен байланыстыратын көпір қашан салынады? Соңғы кездері таңғы және кешкі уақытта көшелерде көлік кептелісі жиілей  түсті.

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі:

– Жаңа Ақжайық шағынауданының егжейлі-тегжейлі жоспарлау жобасы таныстырылғаны белгілі. Былтыр осы аумақта инвесторлар бірнеше құрылыс жобасын бастады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпқабатты үй салынуда. «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобасы аясында Ақжайық шағынауданынан қала орталығына тіке қатынайтын көпір салынады. Көпір аутокөліктердің Шаған өзенін кесіп өтіп, Сыдықов көшесіне шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тапсырыс беруші мекеме конкурс рәсімін өткізуге дайындалуда. Жаңа көпірді салу мерзімі 25 айға есептелінген.

Шынар, қала  тұрғыны:

– Былтыр желтоқсан айында қала аумағынан жер телімі беріле бастайды деген ақпарат тарап еді. Жолдасым 2004 жылдан бері жер кезегінде тұр. Жер кезегінің қозғалысы туралы нақты мәліметті қайдан білуге болады?

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі:

– Қазіргі кезде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандар саны – 71 925 адам. Жер кезегі туралы ақпаратты қала әкімдігінің сайтынан қарауға немесе жер қатынастары бөлімінен сұрап білуге болады. Круглоозерный кентінде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін арнайы есепке тұрған азаматтарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталып бекітілген. Осы  жер телімдеріне газ, электр, су желілерін тарту бойынша құрылыс жұмысы аяқталды. Биыл наурыз айында барлық жер учаскесі азаматтарға кезек тәртібімен беріледі. Сонымен қатар Жұлдыз шағынауданында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 140 учаске дайындалады.

Өркен Ғұмаров, қала  тұрғыны:

– Деркөл кентінің  ПДП-1 шағын ауданында жарық жиі өшеді. Соның себебі неде? «109» желісіне телефон шалсақ, «Апаттық өшу» деп жауап береді. Осы мәселенің шешу жолын қарастырсаңыздар.

Жұбан Жұмағалиев, Деркөл кентінің әкімі:

– Қала аумағындағы электр желілерінің тозуына әрі ауа райының қолайсыз болуына байланысты бірнеше мәрте апатты жағдай орын алды. Деркөл кенті «Омега» қосалқы стансасы арқылы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта апаттық өшулерді болдырмау мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталды. Соған сәйкес жұмыстанатын боламыз.

Жеміс Шәкірова, қала тұрғыны:

– «№33 маршрут бойынша аутобустың жүруі таңғы сағат 06:36-дан кешкі 21:20-ға дейін және жүру арақашықтығы – 6 минут» деген тақтайша аялдамаларға ілінген. Шындығында, №33 аутобус қатынас жиілігін сақтамайды, көрсетілген мерзім бойынша уақтылы жүрмейді. Қоғамдық көлік кешкі сағат сегізден кейін тоқтайды. Таңертеңгі уақытта, әсіресе, жұмысқа шығар кезде, соңғы аялдамадан асықпай шығып, жарты сағат кешігіп келеді. Одан жүргізушілер рульде отырып, «Мен кесте (график) бойынша келемін!» деп дауласады. Осы машрутты мүлдем жаңарту керек немесе қоғамдық  көліктердің бекітілген  кестеге  сай  жүрісін қатаң қадағалау қажет!

Алмаз Ахошев, Орал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– №33 қалалық маршруты бойынша «БатысДилижанс» ЖШС тасымалдаушы кәсіпорны қызмет көрсетеді. 2022 жылдың ақпан айында отандық орта дәрежелі «Вектор Некст» ныспылы 12 аутобус сатып алмақ. Аталған бағыт бойынша аутобус санын арттыру арқылы маршруттың қозғалыс аралығы қысқартылады. Сонымен қатар қоғамдық көлікке қатысты сауалдар туындаса, Орал қаласының ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің 50-04-02 телефон нөміріне  хабарласыңыздар.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале