28.07.2026, 17:00
Оқылды: 10

Қаланың коммуналдық жүйесі қаншалықты жаңғырады?

2025 жылы «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде инженерлік инфрақұрылымды жөндеу басталды.  Өңірлік коммуникация ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин жоба есебін баяндады. 

2

Үкімет қаулысымен бекітілген жол картасына сәйкес өңірде 2026 және 2029 жылдар аралығында 3 664 шақырым инженерлік желіні жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Оның ішінде: Жылу құбырлары – 25 шақырым;

Су және су бұру жүйесі – 153 шақырым;

Электрмен жабдықтау бойынша – 3 486 шақырым.

Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу деңгейі жылумен жабдықтау саласында 49%, сумен жабдықтау жүйесінде 60,4%, кәріз жүйесінде 61,2%, ал электр желілерінде 75,4% құрайды.

Жол картасында көзделген іс-шаралар толық көлемде іске асырылған жағдайда жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау желілерінің тозуы 43%, су бұру желілерінің тозуы 48%, ал электр желілерінің тозуы 11%-ға дейін төмендейді.

2025-2026 жылдары ұлттық жоба аясында мына жобалар жүзеге асуда:

Сумен жабдықтау саласы

«Батыс су арнасы» ЖШС жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыруда.

Атап айтқанда, Исатай-Махамбет көшесі бойындағы №20 көтергіш сорғы стансасы мен №1 кәріз сорғы стансасын, Зашаған шағынауданындағы Саратов тас жолы бойында орналасқан №29 кәріз сорғы стансасын қайта жаңғырту, сондай-ақ Дариян ауылы маңында бес су ұңғымасын бұрғылау жобалары 2025 жылдың соңында басталған еді.

Бүгінгі бұл нысандардың құрылыс монтаждау жұмысы 65% аяқталып, жылыту маусымына дейін бітеді. Жобалар пайдалануға берілгеннен кейін Орал қаласының тәуліктік су өндіру қуаты шамамен 18 мың текше метрге жетеді. Сонымен қатар қайта жаңғыртылған №1 және №29 кәріз сорғы стансаларының қуаты тәулігіне 51 мың текше метрге дейін жетіп, кәріз жүйесінің сапасы артады.

Жылу жүйесі

«Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын үш нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуде.

Атап айтқанда, ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын №7 жылу магистралін М. Жүнісов, Т. Масин және Некрасов көшелерін қамтиды. №6 жылу магистралі ЖЭО аумағынан Орда және Попович көшелерінің қиылысына дейінгі аумақта орналасқан, оған қоса «Құрылысшы» шағынауданындағы 8,8 шақырым орамішілік жылу желілері қайта  жаңғыртылуда.

Бүгінгі күні аталған нысандардағы жұмыстардың орындалу деңгейі 60%-ды құрайды. №6 және №7 жылу магистральдарын қайта жаңғырту биылғы жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.

«Құрылысшы» шағынауданындағы 8,8 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасы 2027 жылы жалғасады. Биыл оның алғашқы кезеңі аясында 4,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.

Электрмен  жабдықтау  саласы

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС былтырдан бастап жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын үш жобаны жүзеге асыруда. Жобалар бойынша жұмыстар Орал қаласы мен облыстың алты ауданындағы (Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жәнібек, Тасқала, Жаңақала) 40 елді мекенді қамтитын, жалпы ұзындығы 501 шақырым электр желісін реконструкциялау  басталды.

Қазіргі уақытта электр бағаналарын орнату, кешенді трансформаторлық қосалқы стансаларды құру және әуе электр желілерін тарту жұмысы жүргізілуде. Межелі жоба-жоспар жылыту маусымына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 75,43%-дан 72,8%-ға  дейін  төмендейді.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале