29.03.2024, 9:30
Оқылды: 232

«Қалың бұқара зиялы қауымға қарап ойын да, бойын да түзейді»

Қазіргі қазақ қоғамында қордаланған мәселелер қандай? Біз өткен тарихымызбен қатар бүгінімізді қалай бүтіндей аламыз? Ертеңіміз бұдан да жарқын болуы үшін не істеуіміз керек? Міне, осындай сауалдар төңірегінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақ­стан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин Kazinform тілшісіне өз ой-толғамдарын былайша тарқатты.

бауыржан

Бауыржан Ғұбайдуллин

ҚР  Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі

– Бауыржан Файзолла­ұлы, Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде халықтың береке-бірлігін сақтауда зиялы қауымның айрықша рөл атқаратынына тоқталған болатын. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

– Қай ұлт-ұлыста да қалың бұқара зиялы қауымға қарап ойын да, бойын да түзеуге тырысады. Мұндай қағида, әрине, қазақы қоғамға да, тұтастай алғанда, қазақстандық қоғамға да тән құбылыс. Қазіргідей халықаралық жағдай қатты ушығып тұрған алмағайып заманда, қысылтаяң кезеңде Қадыр ақын – абыз ақын айтқандай, «Ең алдымен ел қамы, Сонан кейін қалғаны...». Бұрынғылар «Алтау ала болса, ауыздағы кететіндігін, төртеу түгел болса, төбедегі келетіндігін» баяғыда-ақ айтып кеткен. Таяуда ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тілге тиек еткендей, Шыңғыс ханның шыққан тегі кім екендігіне қатысты айтыс-тартыстан немесе Ке­ңес өкіметін орнатуға белсенді атсалысқан қазақ азаматтары мен Алашорда қай­раткерлерін оңды-солды салыстырып-салғастырудан не ұтамыз? «Болар іс болды, бояуы сіңді», енді біз бір-бірімізді ата жаудай көріп, қырықпышақ болып айтысып-тартысқаннан не өніп, не өзгереді? Иә, тарихи оқиғалар мен орын алған тарихи жағдайлардан ой түюге, сабақ алуға тиістіміз, оған әңгіме жоқ. Алайда пікір алмасуды бір-біріміздің ар-намысымызға тимей-ақ, жүйкеміз­ді жұқартып, жүрегімізді ауыртпай-ақ байсалды түрде парасатты жүзеге асыруға болмай ма? Әрине, болады! «Енді не жетпейді онда?» дейсіз ғой... Жетпей қалған, жетпей тұрған нәрсе, біз өз ұлтымыздың, өз халқымыздың тарихи уызына әртүрлі саяси факторлардың салдарынан, «әнебіреулердің» им­периялық пиғылының кесі­рінен әлі күнге дейін жарымай келе жатқан ашқұрсақ жұртпыз. Біздің тарихи санамыз, тарихи жадымыз ұлттық тарихи-рухани дерек-дәйекке аш, тойымсыз. Сондықтан да тарихи тақырыпқа келгенде, еріксіз сезімге, эмоцияға беріліп кетеміз. «Біздің тарих қатпары қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр шайырдың күмілжуі әсте тегін емес... Сөйте тұра досқа таба, дұшпанға күлкі қылар әсіре тарихи сезімталдықтан арылғанымыз абзал. Атырау құрылтайында Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгіндері Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүріп жатқандығын, бұл іргелі іске 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылғанын айтып өтті. Өз басым Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болып отырған мемлекеттік масштабтағы әлгіндей өте ауқымды жұмыс ұлтымыздың ұлы тарихын түбегейлі жүйелейді деген сенімдемін.

Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов қырғыз елінде шетелдіктер шоғын үрлеген алапес революцияның иісі шыға бастаған кезде «Біз қайткен күнде де, қандай заманда да, нендей жағдайда да мемлекеттілікті сақтап қалуға тиістіміз!» деп кесіп айт­қан екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қазақы зиялы қауымның әрбір өкілі қазақ елінің Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің нығаюына, қазақ мемлекеттілігінің баян­­ды бола түсуіне үнемі мүдделілік танытуы тиіс. Ол үшін біздің әрқайсысымыздың өреміз биік, ойлау көкжиегіміз кең және әрбіріміз қиядағыны көретін, қияндағыны шалатын саяси тұрғыдан сұңғыла болуымыз шарт! Бұл – біздің еліміздің келешегі, Отанымыздың болашағы алдындағы тарихи міндет-миссиямыз.

Шынтуайтына келгенде, тәуелсіздік үшін күрес – тәуелсіздік алғанша ғана. Бірақ соның өзі әлденеше ғасырға, талай заманға, тіпті, бірнеше дәуірге созылған жан алыс, жан беріс арпалыстан тұрары хақ. Ал енді қол жеткен тәуелсіздікті нығайту жолындағы іс-әрекет – ол мәңгі күрес, мәңгі майдан! Міне, осы мәңгі майданда зиялы қауым өкілдері үйде де, түзде де, жұмыста да, тұрмыста да қалың бұқараға, қаймана қазаққа үнемі жеке бастың үлгісін һәм мемлекетшілдіктің өнегесін көрсетуге міндетті! Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыстай алыптың өзі ұстаз тұтқан Мұхтар Әуезов бір сөзінде «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады» деген екен. Ендеше, Отанымыздың кемелдігі үшін ең алдымен әрқайсысымыз өз отбасымыздың өнегелі болуына мүдделілік танытайық! Ең берісі бала-шағамыздың адал ең­бекпен адал табыс таба­тын адал азамат болып қалыптасуына ықпал етейік.

– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Өзінің аяулы анасының тілін білмейтін өзіміздің қаракөздерге қоса, мемлекеттік тілді мүлдем меңгермеген қазақстандықтарға мемлекеттік тілді үйрену үшін 30 жылдан астам уақыт берілді. Мұны аз уақыт деп ешкім де айта алмасы анық. Енді, меніңше, «Тіл туралы» заңның талаптарын қатайтқан жөн. Мәселен, мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде  меңгермеген кісіні ұлты кім  болса да, мемлекеттік қызметке үзілді-кесілді қабылдамау керек. Бұған қоса, аталмыш заңға елді мекендердің, көшелердің және мекеме-кәсіпорындардың атауларын, сондай-ақ әртүрлі көрнекілік-ақпараттық-жарнамалық сипаттағы мәліметтерді мемлекеттік тілде мүлдем жазбағаны немесе сауатсыз жазғаны үшін қомақты айыппұл салатындай арнайы бап енгізу шарт. Ең бастысы, әр қазақ ата-әже, әр қазақ әке-шеше өз перзенттерінің үйде де, түзде де ана тілімізде сөйлеуін қатаң талап етуі шарт. Бұл – үлкен-кішінің, кәрі мен жастың Отанымыздың мемлекеттілігін нығайтуға қосқан нағыз нақты үлесі болмақ.

– Биылғы құрылтай қарсаңында сіздің аудан-ауылдарды аралап, ел-жұртпен жиі жүздескеніңізден хабардармыз. Сол кездесулер барысында жергілікті жұрт қандай мәселелерді жиі көтерді?

– Иә, Атырау құрылтайының қарсаңында облыс орталығы Орал қаласына қоса, Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау аудандарына қа­расты бірнеше ауылдық округте болып, тұрғындардың өтініш-тілектері мен өкпереніштеріне құлақ түріп қайттым.

Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңсесінде өткен кездесуде Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, зейнеткер Қайролла Сабыров:

– ХХ ғасыр бел ортасынан ауа қасиетті Нарын құмын жайлаған жұрттың басына қара бұлт үйірілді. Құтты қоныстарының біраз бөлігі әскери сынақ полигондарына берілгендіктен, оның үстіне «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Орда ауданы таратылып, 1952 жылы бірнеше мың бөкейордалық жылы орнын суытып, қоныс аударуға мәжбүр болды. Олардың төрт мыңдайы тіпті сонау Оңтүстік Қазақстан облысына мәжбүрлеп көшірілді. Осы «көшке» іліккендерді мал таситын вагондарға тиеп жөнелткен екен. Еріксіз көшуге амалсыз көнген байғұстар жолда барлық станса-разъезге бірнеше сағаттап тоқтап, 17 тәулік жүріп, Шымкент өңіріне «өлдім-талдым» деп әрең жеткен деседі. Табиғаты, ауа райы мен жер бедері мүлдем бөлек, оған қоса ауыз судың сапасы жер мен көктей болғандықтан, ол жақты жерсіне алмай, көптеген бөкейордалық күнінен бұрын марқұм болды. Көзкөргендердің айтуынша, әсіресе, сәбилердің арасында шетінеу сұмдық көп болған көрінеді. Осындай жан азабын шегіп, өлім аузынан зорға тірі қалғандардың арасында бертін келе белгілі ақынға айналған Қайрат Жұмағалиев пен оның анасы Жаңылғаным апа да болды. Сол кездері 13 жастағы бала Қайрат араға жылдар салып ақын ретінде:

Күйіп тұрған тамызға жұрт шыдамай,

Ауа райы, ауыз суы ұнамай,

Әр күн сайын төрт-бес адам өледі,

Ордалықтар қырылды ғой қынадай... – деп күңіренді.

Міне, Нарын жұртының басынан осындай зауал өткенінен бүгінгі ұрпақ не­гізінен бейхабар. Есесіне, кәріс депортациясы, неміс депортациясы, қарайған кавказдықтардың депортациясы туралы еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін біледі, – дей келе Нарын құмынан үдере көшуге мәжбүр болған қазақ депортациясын тарих оқулықтарына енгізуді ұсынды. Ал ҚР Ішкі істер министрлігінің ардагері, доғарыстағы подполковник Меңдіқұл Құрманғалиев қазақ жастары арасында жат діни ағымдарға арбалу әлі сап тыйылмай тұрғандығына алаңдаушылық білдірсе, Жахатов Каспи ақсақал ортағасырлық Жайық қалашығының жұртын аспан асты музей кешеніне айналдыруды және отандық жеңіл өнеркәсіп саласына ел үкіметі жедел назар аудару қажеттігін алға тарты.

Ақжайық ауданында өлкетанушы, еңбек ардагері Бақтығали Қоспаев ел ішінде экологиялық мәдениет құлдырап, Ақ Жайық атырабының флорасы мен фаунасы күрт кедейленіп кеткендігін қынжыла тілге тиек етті. Ақжайық ау-дандық жастар ресурсы орталығының қызметкері Ақбота Сапарова болса, өзі қызмет істейтін тақылеттес мекеме-лерге келген теолог, психолог секілді мамандардың «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктерден тыс қалып отырғандығын сөзіне өзек етіп, осы жайтты бізден ҚР Ұлттық экономика министріне жеткізуді өтінді.

Бөрлі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, медицина саласының ардагері Әли Бектұрғанов шекараға таяу орналасқан ауылдардың әлі күнге дейін отандық радиохабарлар мен телебағдарламалардан мақұрым қа­лып отырғандығын, сондайақ шекараға таяу аудан-ауылдардың мектеп бітіруші түлектерін Ресей Федерациясындағы жоғары оқу орындары бюджеттік бағдарламамен тегін оқуға еліктіріп, сол себепті жастардың жыл сайын көрші мемлекетке көптеп кетіп жатқандығы жөнінде  орынды алаңдаушылық біл­дірді.

Ақсай қаласындағы «Ақбұлақ» балабақша-мектеп кешенінің қызметкері Гүлнұр Төребекова ұлттық демогра­фиялық дүмпу үшін Қазақ­стан үкіметі Ресейдегі «Аналық капитал» сықылды көптің көңілінен шығатын мемлекеттік бастама-бағдарламаларды жүйелі жолға қойып, мүдделілік танытса де­ген ойын ортаға салды. Шыңғырлаулық ардагер журналист Адақ Шотпанов шекараға ең жақын ауылдардан ел көшпеуі үшін әлгіндей елді мекендерде еңбек етіп, қызмет істейтін мамандардың айлық жалақысына шекаралық-қаржылық коэфицент қосылса деген пікір білдірді. Сонымен қатар ол:

– Тұрғындарының саны елуден кем ауыл-дарды ресми түрде елді мекен санатынан шығару қағидасы шекара шебіндегі ауылдарға қолданылмауы тиіс. Шека-ра маңындағы ауылдардың мектептеріне қатысты да әлгіндей ерекше көзқарас керек. Алда-жалда «Тұрғындары елуден кем екен деп, оқушылар саны стандартқа жетпейді» деп елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ауылдарды санат-тан шығарып, білім ошақтарын жаба берсек, шекараның тө­ңірегінде ел қала ма?..» деп көптің көкейіндегі көкейкесті мәселені көлденең тартты. Жайық жұртын толғандырған әлгіндей қадау-қадау проблемаларды мен Аты-раудағы алқалы жиынның алдында Ұлттық құрылтайдың хатшылығына жазбаша жолдадым және құрылтайдың секциялық жиналысында сөйлеген сөзімде де айттым. Әрі «Орал өңірі» газеті арқылы облыс басшылығының және республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы мемлекет басшылығы мен ел зиялыларының назарына ұсындым.

– Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін қайтадан жандандыру қажеттігіне Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр Түркістанда өткен құрылтайда да айрықша тоқталған болатын. Мемлекет басшысы үшбу тақырыпқа биылғы құрылтайда да арнайы «ат басын» бұрды.

Біздің бәріміз жібі түзу, түтіні түзу ұшқан, гуманистік идеяларды мұрат тұтқан парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Парасатты қоғамды парасатты халық қана қалыптастырады. Бұл – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат-аксиома. Ал кітапсыз, яғни, көркем әдебиетсіз парасатты халықты да, парасатты қоғамды да қалыптастыру мүмкін емес! Әйтпесе, біздің дәуіріміздің әулиесі ретінде танылған жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қоғамы ретінде қалыптастырған – кітапхана» деп айтпас еді ғой. Әрине, мен Ұлттық кітап күнін белгілеуді құптаймын. Сөйте тұра, біз мынаны мықтап ескеруіміз керек, біздің халқымыз қайтадан кітап оқитын жұртқа айналуы үшін әр ата мен әже һәм әр әке мен шеше өз отбасы, ошақ қасында көркем шығармаларды, яғни, әдеби кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруы шарт. Сонда ғана біздің перзенттеріміз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

– Алтын ордадан бері қарайғы тарихымызды түгендеу бағытында қандай шараларды қолға алу керек?

– Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл. Президентіміз атап өткендей, дүниежүзіне Алтын орда деген атаумен танылған Жошы ұлысы кең байтақ Орталық Еуразия кеңістігіне ең қуатты мемлекеттік құрылым ретінде мойындалған держава. Ал біздің Қазақстанымыз – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жоғарыда сөз болған Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихының тұ­тас бір томы Жошы ұлысына арналмақ. Мұны Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынында Мемлекет басшысының өзі айтты. Айтпақшы, ретті жерінде Президенттің бастамасымен Жошы ұлысын зерттейтін институт құрылғанын да айта кеткен жөн.

Жалпы, ортағасырлық дә­уірде қазіргі заманғы Қазақ­станның аумағында гүлденген, өркениет қанат жайған, ілім-білімнің шамын жаққан шаһарлар аз болмаған. Мысалы, тым әріден алғанда Алматы, Тараз, берірек келер болсақ, Отырар, Сығанақ, Сауран, Ақмешіт, Сарайшық... Біздің Жайық қалашығын да осы тізім-тізбекке қосуға әбден болады. Өкінішке орай, аталмыш қалалардың біразы шапқыншылықтың құрбанына айналған. Әйтпесе, әйгілі Олжас Сүлейменовтың өзі бармағын шайнап отырып,

«О, мы не забудем,

Свои тысячелетние обиды

Великие сжигали города,

Неведая что летописец видит...», – деп жыр жазар ма еді?..

Осыдан он шақты жыл бұрын Сарайшықтың жұртын барып көргенім бар. Біз барғанда археологтар мен тарихшылардың экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Ені мен тереңдігі бір метрдей, ұзындығы әлденеше метр болатын ордың қос қапталы бірдей қат-қабат адамның сүйектері... Соны көріп төбе құйқам шы-мырлап, аза бойым қаза болды. Аузы түкті кәпірдің есауыл-жасауылдары сары алтындай Сарайшықтың үлкен-кішісін, кәрі-жасын, емшектегі сәбиден еңкейген кәрісіне дейін түгел аяусыз қырып тастаған...

Меніңше, біз даламыздағы көне қалалардың жұртының бәрін аспан асты музейлік кешенге айналдыруымыз керек. Солай істеген жағдайда біріншіден, күн шұғыла­лы Қазақстанымыздың өлке-өңірлерінің туристік тартымдылығы күрт артады.

Екіншіден, жаңағыдай тарихи-туристік нысандар біздің сан ғасырлық мемлекеттілік тарихымызды паш етеді де, қазіргі кезде «Қазақстанның ана жері біздікі, мына жері біздікі» деп көкіп жүргендердің аузына біржо­­ла құм құйылады.

– Бауыржан Файзоллаұлы, жаһандану дәуірінде түрлі жат діни ағымдардың елімізге дендеп еніп, жас ұрпақтың санасын улап жатқаны белгілі. Осыған тосқауыл қою керектігін өзіңіз де айтып келесіз. Қазір қандай ой қосар едіңіз?

- Қазақтың ұлт ретінде діни ала-құлалыққа ұрынуы мемлекеттілік үшін өте қауіпті жағдай! Мұны Атырау құрыл-тайында Президенттің өзі де айтып өтті.

Менің ойымша, жасөспірім-көкөрім жеткіншек, жас адам жат діни ағымға арбалмауы үшін оның ата-бабамыз қабылдаған исламның суннит­тік бағыттағы ханафи мәзһабы жөніндегі бастапқы таным-түсінігі отбасында қалыптасуы шарт. Демек, бұл – қазіргі заманғы ата-анаға бастапқы діни сауаттылық ауадай қажет деген сөз. Қазақы орта осы жайтқа әлі күнге дейін жеткілікті мән бермей, тыңғылықты кө­ңіл бөлмей келеді. Ал оның зардаптарын алыстан іздеудің еш қажеті жоқ...

– Елтаңбаны өзгерту жөніндегі мәселеге пікіріңіз қандай?

– Өз басым «Қазіргі елтаңбамыз маған ұнамайды» деп айта алмаймын. Өзіме елі­міздің қолданыстағы гербісінің мазмұны бай, әрі әр бөлшегі орнында тұрғандай көрінеді. Алайда «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дегенге сайсақ, Президент үшбу тақырыпты жайдан-жай қозғамағаны кәміл. Сірә, күні ке­шегі құрылтайда Мемлекет басшысының еліміздің гербі туралы пікірін көзбе-көз отырып тыңдағандықтан болар, тіпті, маған ол кісі елтаңбаның бірді-екілі мойны озық үлгісін өз көзімен көргендей әсер қалдырды. «Сабыр түбі – сары алтын» деген бар ғой, әліптің артын баққанымыз жөн секілді...

Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіден Орал қаласының тұрғыны Өтегенов Дәрібек ағамыздың «Елтаңбамызда ертегіден алынған  мифтік сипаттағы нышан­дардан гөрі, мемлекеттілігі­міздің тамыры тым тереңде  екендігін айшықтайтын тарихи таңба-белгілер (элементтер) басым болғаны жөн» деген мазмұндағы пікірін оқыдым. Меніңше, бұл ден қоюға, назар аударуға әбден лайық пікір.

Елтаңбаны өзгертуге қатысты басын ашып айтар бір жайт, Президент гербті бүгін-ертең шұғыл өзгертеміз деген жоқ. Ол осы мәселеге қатысты қоғамдық пікірлерге құлақ түре келіп, қажет болса, ашық конкурс жариялаймыз деді.

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өңірлерде және өзіңіз басшылық ететін «Орал өңірі» газетінде қандай жобаларды жүзеге асыруға болады?

– Жеңістің кезекті мерейтойын отандастарымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселей түсетін маңызды шара деп қараған жөн шығар. Оған қоса, фашистік Германиямен соғыста жеңіске жеткеніміздің 80 жылдығы Қазақстанның, қазақ халқының тылдағы жанкешті еңбегі мен май-дандағы жанқиярлық ерлігін өз жадымызда жаңғыртып, әрі айдай әлемге паш етудің және бір мүмкіндігі. Беларусь жазушысы Светлана Алексиевичтің «Соғысты үнемі еске алуға болмайды, сондай-ақ оны мүлдем ұмытуға да болмайды. Соғысты жиі еске алу ыза-кекті өршітіп, жүйкені жұқартып, жүректі ауыртады. Ал соғысты біржола ұмытса, ол қайталанады» деген көзқарасы бар. Негізі, осы жаны бар сөз...

«Орал өңірі» газетінде әдеттегідей «Жеңімпаздар», «Майдан мен тыл», «Сарғайған хаттар» айдарлары аясында мақала-материалдар мен фотосуреттер берілетін болады. Сонымен қатар «Соғыс қасіреті» айдарымен күні бүгінге дейін беймәлім болып келген жайттар мен мәліметтер, «Жеңіс пен жо­рық жырлары» айдары бойынша майдангер ақындардың өлең-жырлары ел-жұрттың назарына ұсынылмақ. Егер елді елең еткізіп, жұртты жалт қарататын тың мәлімет-мағлұматтар қолымызға тиіп жатса, ондай дүниелерді де, әрине, оқырман қауымның назарына жедел ұсынатын боламыз. Осы орайда жергілікті тарихшы ғалымдар мен өзіміздің өлкетанушылардан белсенділік күтетініміз бесенеден белгілі жайт. Ал өңіріміздің үлкенді-кішілі елді мекендерінде Жеңістің 80 жылдық мерейтойына даярлықты қазірден бастай берген артық бола қоймас.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Ғайсағали Сейтақ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале