9.08.2022, 10:15
Оқылды: 61

Қамкөңіл жандарға қамқорлық күшейе ме?

Орал қаласында әбден тозған үйлерді сүріп, жаңа баспана салу үшін 2015 жылдан бастап реновация бағдарламасы жүзеге асып келеді. Аталған бағдарлама бойынша 28 апатты үй бұзылып, олардың орнына көпқабатты 9 үй салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі кезде қала бойынша жаңа 12 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жөнінде қала басшысы Миржан Сатқанов облыс әкімі аппаратының кеңесінде хабарлады. Шаһар басшысы бағдарламаны іске асыруда қолбайлау болатын бірқатар кедергіні атап өтті. Мәселен, бағдарлама талабына сай келетін әлеуетті құрылыс компанияларының аз болуы, апатты үй тұрғындарының пәтер құнын тым жоғары бағалауы, кейбір үйдің құрылысы бас жоспарға сәйкес келмеуі және жылма-жыл тозығы жеткен үйлердің артуы салдарынан жобаларды жеделдете жүзеге асыру қиынға соғуда. Бөрлі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжановтың мәліметі бойынша ауданда апатты деп танылған көппәтерлі үйлер жоқ. Есепке алынған көппәтерлі 160 үйдің 88-інің  (55%-ы) шатыры мен қасбетін және инженерлік желілерін, 56-сының (49%-ы) жеделсатысын ауыстыру қажет. Аудан бойынша осы бағытта 2022 жылы 34 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде көппәтерлі 6 үйдің шатырын күрделі жөндеу қазан айында аяқталмақ. Тұрғын үйлердегі 28 лифт жыл аяғына дейін ауыстырылады.

9

– Қазіргі кезде облыс бойынша көппәтерлі 2003 тұрғын үй бар. Оның 63,9%-ына немесе 1280 үйге  күрделі жөндеуді талап етеді. 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 349, соның ішінде Орал қаласында – 143, облыс аудандарында 206 үй жөнделді. Үйлерді жөндеу пәтер иелерінің келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асады. Тұрғындар таңдауы бойынша негізінен қасбеттер, шатырлар, лифтілер мен жертөлелер жөнделеді. Биыл Орал қаласы бойынша 279,7 млн теңгеге көппәтерлі 9 тұрғын үйдің шатырын күрделі жөндеу үшін облыс әкімдігі мен министрлік тарапынан кредиттік шартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз. 2022 күрделі жөндеуді талап ететін үйлер саны 1280-нен 1271-ге немесе 63,9%-дан 63,5%-ға төмендейді, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев. Облыс әкімі Ғали Есқалиев қос қаланың басшыларына апатты үйлерді жөндеуді мерзімінде аяқтауды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы инвесторларды тартуды, аталған басқармамен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмысы бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жеделдете жүргізуді тапсырды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Тоғызбаева мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қолдау тетіктері туралы баяндады. Қазіргі кезде облыс бойынша мүгедектігі бар адамдар саны – 24213. Оның 59,2%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 29,3%-ы – зейнет жасындағылар, 11,5 %-ы – балалар. Ересектер қан айналымы жүйесінің дертінен, қатерлі ісіктен, көз ауруынан мүгедектікке душар болады немесе оқыс жарақаттан зардап шегеді. Ал туабітті кемістік, жүйке жүйесінің ауруы және психикалық ауытқу балалардың мүгедектік санатын ерте алуына себеп болады. Мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне араластыру үшін кезең-кезеңімен жүйелі шаралар қабылдануда. Облыс бойынша 5758 адамға мемлекеттік кепілдендірілген арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. 4926 адам техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар 5412 азаматқа әлеуметтік көмек қарастырылды. Биыл осы мақсатта әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін бюджеттен 27,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қоғамнан қолдау күтетін адамдарды жұмысқа орналастыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша жұмыс орындарын квоталау және арнайы жұмыс орындарын құру арқылы жүзеге асады. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыспен қамту орталықтарына мүгедектігі бар 416 адам жолықты. Соның ішінде  мүгедектігі бар 269 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға емханаларда, стационарларда, үй жағдайында бірінші кезекте қызмет көрсетіледі. Жоспарлы диспансерлік бақылау жүргізіліп, аумақтық қызмет арқылы дәрі-дәрмектер үйге жеткізіледі. Алғашқы жартыжылдықта  мүмкіндігі шектеулі 6380 тұрғын ауруынан айықты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артып отыр. Облысымызда оңалту емін көрсететін 20 реабилитолог жұмыс істейді. Биыл оңалту кереуеттерінің саны 397-ден 448-ге дейін, яки 13%-ға көбейтілді. Облыста «Балауса» оңалту орталығында - 535, облыстық көпбейінді аурухананың базасында ашылған «Қамқорлық» орталығында 406 бала ем қабылдады. Жаңақала ауданындағы оңалту орталығында - 170, облыстың медициналық ұйымдарында 4919 мүгедек ем алды. Соңғы 5 жылда 134 401 224 теңге қаржыға оңалтуға арналған 281 құрылғы сатып алынды. 2021 жылы Даун синдромы, аутизм және сал ауруымен ауыратын мүгедек балалардың тісін наркоз арқылы емдеу облыстық көп бейінді аурухананың бет-жақсүйек бөліміне дентальді рентген аппаратын сатып алғаннан кейін стоматологиялық бөлме ұйымдастыру арқылы шешімін тапты. 2021 жылы 1 қарашадан бастап мүгедектерді бастапқы куәландыру 12 нозология бойынша сырттай электронды түрде жүргізіледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Абдрахманова. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Ардақ Мұқанова мүгедектік тағайындау үшін жүргізілетін медициналық-әлеуметтік сараптама туралы айтты.

11

– Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен ішкі саясат басқармасы еңбекке жарамды жастағы мүгедектердің кәсіппен айналысып, табысқа жете алатынын кеңінен насихаттасын. Қала және аудан әкімдіктері, салалық  басқармалар қаражат көздерін қарастырып, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны 100% қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол картасын орындау мақсатында 1 желтоқсанға дейін жоспардағы нысандардың толық іске қосылуын қамтамасыз етсін, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы «Интерактивті қолжетімділік картасы» ақпараттық порталында деректердің толық қолжетімді болуын да қамтамасыз етуді тапсырды. Облыс әкімі аппаратының мәжілісінде ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев, жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Құлжанов «Өңірдегі азаматтық қоғамды дамытудағы мемлекеттік әлеуметтік жобалардың тиімділігі туралы» баяндама жасады.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале