27.04.2021, 10:50
Оқылды: 122

Қар жастанып, мұз құрсанған

Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Авдеев 1924 жылы Ақжайық ауданының Коловертный ауылында дүниеге келді. Бай-құлақтарды тап ретінде жою науқаны кезінде олардың отбасы екі жыл мерзімге қалаға келіп тұрады да, содан туған ауылына қайтадан оралады. Соғыс басталған жылы Петр 17 жасқа толып, жетінші сыныпты бітіреді. Оны сыныптастарымен бірге мектепті аяқтаған бойда қолдарына «мектеп бітірді» деген анықтама беріп, шөп шауып жатқан бригадаларға бөледі. Сол жерде шөп шабу, жинау жұмыстарымен айналысатынын айтады.

авдеев копия1

– Бұл маусым айы болатын. Біз дұрыстап жұмыс істеп үлгермедік, екінші күні, яғни 23 маусымда 20 жастан 40 жасқа дейінгі ер адамдарға аудандық әскери комиссариаттан шақырту қағазы келіп, бәрімізді алып кетті. Соғыстың басталғанын сол жерде бір-ақ білдік. Германия әскері біздің шекарамызға жүз шақырым тиіп тұр екен деген де хабарды естідік. Шекараға жақын жерде әскери қызмет атқарып жатқан ауылдастарымыз ұрысқа алғашқылардың бірі болып ілікті. Менің бір танысым әскердегі қызметінің бірінші күні қаза тапты. Фашистер аутоматтан бас-көзге қарамай, оқ жаудырып, тынымсыз төпеді дейді көргендер. 1942 жылғы мамырда он сегіз жасқа толған бізді әскерге шақырды, - деп еске алады ардагер өз сөзінде.

Сол кезде Петрдің жасы 18-ге толуына әлі үш айдай бар еді. Сондықтан оған шақырту қағазын қыркүйек айына қалдырды. Қыркүйекте онымен бірге құрдас алты жігітті жанар-жағармай таситын машинамен Чапаевқа алып келді. Оларды әскери комиссариатқа апармай, атпен Орал қаласына жіберді. Жігіттер Оралға дейін екі тәулік жүрді. Содан оларды Владивостокке аттандырып, осы маңдағы Артем қаласына әкеледі. Петр сол жердегі жағалау қорғанысында қызмет етіп, 1943 жылы қыркүйекте Владивостокте құрылған батальонмен бірге оны Сталинград бағытына жібереді. Сол жерде олар алғаш рет неміс техникаларының қоймасын көреді. Бұл айналадағы дала арқылы тік  жүруге болмай, тек еңбектеп өтеді. Бұларды Қара теңіз жағалауындағы Лиски деген қалашыққа әкеліп, Қаратеңіз флоты қолбасшысының қарамағына тапсырады. 1944 жылғы 20 ақпанда Петрді батальон штабына шақырып, әскери флот теңізшісінің формасын киіндіріп, Батуми арқылы Түркияға жібереді. Екі айдан соң Мәскеуге алып келіп, «туысқандарыңа біздің мекенжайымыз жоқ, тапсырманы орындауға кетіп бара жатырмыз», – деп хат жазыңдар деп бұйрық береді. Сөйтіп, олар Архангельскіден бір шығады. Мұнда бұлар өздерін Англияға тапсырма орындау үшін жіберіп жатқандарын біледі. 1944 жылдың 5 мамырында Англияға қар, мұз арқылы транспортпен жүріп өтеді. Петрдің соңын ала келе жатқан жолдастарының біразы суға батып қаза тапса, енді біреулері тапсырманы орындау жолында жанын пида етеді. Сонымен Петр Яковлевич жат жерде, теңіз үстіндегі корабльде 5 жыл қызмет етіп, елге 1949 жылы оралады.

– Көптен  күткен Ұлы Жеңіс туралы хабарды жауынгер жолдастарыммен бірге мамырдың 9-ына қараған түнде естідім. Бәріміз де сол арада қуанғанымыздан көзімізге жас алдық. Шынын айту керек, алғашқыда сене қоймадық, бірақ таңертең мерекелік киімдеріңді киіңдер дегенде барып, Жеңістің  келгенін білдік, - дейді майдангер өз әңгімесінде.

Соғыстан кейін Петр Яковлевич «Зенит» зауытында, Январцев жөндеу-техникалық және  қалалық ауыл шаруашылығы стансаларында электрик, механизатор, аутокөлік жүргізушісі болып ұзақ жыл еңбек етті. 1984 жылы зейнетке шықты. Қазір ол қызымен бірге тұрады, жиен-немерелері мен шөберелері бар. Майдангер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін» және «Адмирал Кузнецов» медальдарымен марапатталған.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады. 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале