23.04.2020, 10:47
Оқылды: 119

Карантин кезінде ауызашар берудің басқа да жолдары бар - «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Биыл Ораза айы 24 сәуір, жұма күні басталады. Қазіргі уақытта барша мұсылман қауымы осы маңызды датаға ерекше дайындалып жатыр. Дегенмен, коронавирус инфекциясына байланысты елде төтенше жағдай жарияланып, биыл осы мейрамды атап өтудің дәстүрлі тәртібіне біршама шектеулер енгізілді. Осы орайда «ҚазАқпарат» агенттігіне сұқбат берген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов тиісті шектеулерге қатысты түсінік берді.

513E2BFC-8471-48A8-A793-3EB7D6D04737

- Ерболат Нұрылдаұлы, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайтыны айтылды. Бұл тұрғыда әркім тарауық намазын өз шаңырағында оқиды ғой?

- Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат болсын! Мешітке келуден тыйылуға қандай себеп болады десек, бұл ретте ауа райының қолайсыздығы, үй мен мешітке баратын екі аралықта адамның жанына қауіп төнсе, мешітке келмеуге рұқсат. Хадисте «момын адамның ниеті істеген ісінен жақсырақ» делінген. Адамның ниеті мешітте оқу еді, бірақ белгілі себеп арқылы келе алмаса, демек ол мешітте оқығанның сауабын алады. Ислам ғылымын зерттейтін әлемде белгілі ғұламалар кеңестері бар. Олардың ешқайсысы онлайн намаз оқудың дінде бар екенін атап өтпеді, яғни ешқайсысы құптаған жоқ. Шариғатта жамағатпен намаз оқыған кезде сіздің алдыңызда имам тұруы керек. Ал онлайн түрінде құлшылық жасалынбайды. Әрбір адам жеке тұлға ретінде өзінің үйінде, өзінің отбасымен намаз оқи алады. Ал онлайн имамға ұюға шариғат рұқсат бермейді.

- Қазір қоғамда коронавирус індеті кезінде ораза ұстаса, иммунитет әлсірейді деген пікірлер айтылуда? Осы орайда қандай кеңес берер едіңіз?

- Үйде карантинде отырған адамға ораза тұту жеңілге түсуі мүмкін. Ал ауруханаға жатып қалса, бұл мәселенің жөні бөлек. Рамазан айындағы ораза - жылына бір келетін құлшылық. Ораза кімге парыз? Ораза имандыға, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен адамға парыз. Ораза ұстамау керек деген қауесеттер кездеседі. Сенімді дәрігер, жалпы ислам қағидаларынан білімі бар, талаптарды түсінетін маман белгілі бір адамға «күні бойы ораза ұстаған уақытта денсаулығыңызға қауіп төніп тұр» деп айтса, сол дәрігердің нұсқаулығымен ашуға болады. Сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.

- Төтенше жағдай кезінде көпшілікті жинап, ауызашар беруге тыйым салынды. Сондықтан карантин уақытында ауызашар берудің жолдарын айтып берсеңіз?

- Қазіргі жағдайды ескере отырып, мешітте дастархан жаю қиын. Бірақ кейбір асханаларда, дәмханаларда тағам жеткізуге мүмкіндігі болса, солар арқылы ауызашар беруге болады. Осы орайда жақындарыңызға ауызашар бергіңіз келсе, асханаға тапсырыс беріп, кез келген пәтерге тағамды жеткізудің мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, сауап істегісі келетін тұрғындар көпбалалы әрі мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесе алады немесе азық-түлікке қаржылай беруге де болады.

- Пітір садақа құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Бірақ азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен де берсе болады ғой?

- Пітірді құрманың бағасымен беруге болады. Ал құрманың бағасымен берсе, шамамен әрбір адам үшін 9 мың теңге болып кетеді. Мейіз құнымен беремін дейтіндер табылса, онда әрбір адамның басына 4 мың теңгеге дейін жетеді. Сондықтан әр уақытта орта жолды ұстану – ол жақсылық. Бұл тұрғыда бидайды, ұнды, мейізді, құрманы салыстырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) шешімімен пітір садақаны ұнның бағасымен 370 теңге сомасында белгіленуінің себебі осы. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен берсе де болады. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл пітір садақаны онлайн режимде берудің мүмкіндіктері ескерілді. Бұл ретте төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақа мен зекетті мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Сонымен қатар, кейбір адамдар тарапынан «садақаға берілген қаржы қайда кетіп жатыр, кімге беріледі» деген күмәндар айтылады. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері ҚМДБ жанындағы арнайы қайырымдылық бөлімі қызмет етуде. Оның жұмысы негізінде көптеген отбасыларға азық-түлік, медициналық маскалар тегін таратылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» атты арнайы жобасы бар. Ол жерде 200-ден астам адам баспаналы болды. Бұл мешітке түскен қаражат есебінен іске асырылуда. Ешқандай имам ол түскен қаражатты өз қалтасына сала алмайды.

- Ерболат Нұрылдаұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале