5.05.2022, 10:45
Оқылды: 198

Каратэ – тәрбие тәсілі

Каратэ – өмір философиясына негізделген, өзін-өзі қорғауға құрылған жүйе. Қазір әлемде каратэнің негізгі танымал 4 түрі бар. Олар:  Шотокан, Шито-рю, Вадо-рю, Годзе-рю. Әр түрінің өз «аталары» бар. Тарихы тереңде жатқан дәстүрлі шотокан каратэге шеберлер өзінше өзгерістер енгізіп, дамыта жүріп таратқан. Бұлар спорттық каратэге жатады. Яғни спорттық бәсекедегі нәтижені мақсат етеді деген сөз. Ал негізгі дәстүрлі каратэ толыққанды және жан-жақты білім беру мен адами тәрбиені алға қояды. Бұл – нұрлы ақыл мен ғылымды қажет ететін күрделі еңбек. 

6

Елімізде тәуелсіздікке дейінгі жылдары жағдайы нашарлаған халық арасында жаппай бұзақылық пен көше төбелестері белең ала бастағаны белгілі. Бір соққының бір адамның өмірін қиятындай қауқары болғандықтан, каратэ қауіпті деп есептеліп, шұғылдануға заңмен тыйым салынған. Сол аумалы-төкпелі шақта бір топ бозбала Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылында каратэмен өз бетінше жасырын айналыса бастайды. (Рұқсат етілмегенге құмарту – адам бойындағы заңды құбылыс). Өзге қалалардан әдістемелік кітаптар алдыртып, Күншығыс елінің жекпе-жек өнеріне машықтанып жүреді. Спортқа ынталы қарадомалақтар арасында Тарас Қуанғалиев те (суретте) болды.

5

Ол – бүгінде төртінші дан деңгейіндегі қара белбеулі білікті бапкер. Спорт шебері атағы да бар. Талай чемпионды даярлаған ұстаздың шаңырағына барып, каратэнің мән-маңызы хақында, өзінің еңбек жолы жайлы, дарынды шәкірттері туралы сөйлестік. Жолдаған сауалдарымызға нағыз спортшыға тән ізеттілікпен сауатты жауап беріп, жүйелі әңгіме өрбітті.

– Каратэмен он жеті жасымда шұғылдана бастағам. Сол кезде қазақтың даңқты ұлы, таэквондодан алтыншы дан иегері Мұстафа Өзтүрік Германиядан Отанына келді. Ол туралы телехабарлар мен баспасөздер жарыса хабарлады. Оғлан ұлдың оралуы біздің спортқа деген құлшынысымызды арттырды. Еліктедік, қызықтық. Газеттерге жарияланған фотосуреттерін қиып алып, фотоколлекция жинап жүретін едік. Ұлт, өнер жайлы, шетте жүрген қандастарымыз туралы экрандардан айтқан әңгімелері бізге рухани күш дарытты. Мұстафа ағамыздың қанатты сөздерін жан дүниемізден өткізіп, каратэ, таэквондо сынды жауынгерлік өнерлердің тәрбие құралы екенін түсіндім,  – деп бозбала шағында ұғынған азаматтық шындығын жеткізді спортшы.

Дарынды жігіт мектепті тәмамдаған соң Орал шаһарына оқуға келеді. Қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ-дың педагогика факультетіне дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Сол шақта Марат Қожахметов деген білікті ұстазға жолығып, каратэмен шындап шұғылданады (оған дейін таэквондоға қызыққан). Алғашқы бапкері сол кезде ҚР-ның чемпиондарын жаттықтырып жүрген еді. Кейін шеберлігін шыңдау ниетімен Мәскеу қаласындағы Ресей шотокан каратэ академиясында өткен курсқа қатысады. Сол жақта жүрген кезде атақты итальяндық каратэ шебері, сегізінші дан дәрежесіндегі Рензо Скалматиден сабақ алып, шәкірті атанған. Ал Скалматиге әйгілі Хирокадзу Канадзава ұстаздық еткен екен.

– Тағдыр маған сол кісіні жолықтырғанына ризамын. Күншығыс елінің жекпе-жек өнері жайлы түсінік-пайымымды еселеп арттырды. Философиялық мәнінің тереңдігіне тәнті болдым. Өз ісіме деген махаббатым күшейе түсті. Қолымнан келмей жүрген кейбір әдістер мен техникаларды тез меңгертті. Әлі де сол ұстазыммен хат-хабар алысып, мүмкіндік болғанда жолығып та тұрамын. Менің Ресейге сапарым бапкерлікке жол салып берді десем де болады, – дейді Тарас Ғайсаұлы.

Сонымен, каратэде біржола қалып, талай додада топ жарып, бапкерлік іске бабы келіскенін түсінген шақта қызығушылығы бар балаларға өз білгенін үйрете бастайды. Күні бүгінге дейін көптеген жас жеткіншекті ел аралата жүріп, жеңіс тұғырына қондырды.

– Спортта жаттығудан бұрын адами тәрбие жұмыстарын жүргізу маңызды. Мен әуелі өз шәкірттеріме ешкімге ешқандай жарақат салмау, ешкімге күш көрсетпеу жөнінде дәріс оқимын. Содан кейін ғана жаттығулар басталады. Жарыстарға қатысу мен нәтиже көрсету баланың айналысып жүрген ісіне деген, тіпті өмірге деген ынтасын оятады. Сондықтан шетелде өтетін додалардан қапыда қалдырмауға тырысамын. 2019 жылы Түркияның Анталия шәрінде өткен әлем чемпионатында шәкіртім Болат Бекдәулет әлем чемпионы атанса, Өтеулі Абылай мен Шоханов Әлихан жүлдегер болып оралды. 2021 жылдың күзінде Ташкентте өткен Азия чемпионатындағы жекелей сында Өтеулі Абылай чемпион атағын иеленіп, Нұртас Нұрболат, Шұғыла Сағындық жүлде алып қайтты. Ал командалық ката (ката – каратэнің әдіс-тәсілдерін біркелкі орындап, мағынасын түсіндіру)  бойынша қыздар құрамасының (Шұғыла Сағындық, Дана Ибрашева, Нұрай Әзимұратова) бағы жанып, алтыннан алқа тағынса, ұлдар командасы (Абылай Өтеулі, Әлихан Шоханов, Нұртас Нұрболат) қола медаль иеленді. Шәкірттерімді бірінші кезекте чемпион болуға емес, адам болуға тәрбиелеймін, – дейді сэнсэй Тарас Қуанғалиев.

Каратэде жалпыға ортақ «Додзе Кун» деп аталатын ұстаным бар. Оның қазақша баламасы – «Ұлық болсаң, кішік бол». Сол қасиетті қағидаға бағынып, кішіпейілдікті бір сәт естен шығармау – жапон ұлтына да, қазақ халқына да тән мінез.

– Мен каратэмен жеті жасымнан бері айналысамын. Қазір жасым он төртте. Бірінші дан деңгейіндегі қара белбеу иесімін. Көптеген әлемдік, халықаралық жарыстардан жүлделі оралдым. Шетелден достар таптым. Таным көкжиегім кеңейіп келеді. Осы шығыс жекпе-жегімен шұғылданғанымның арқасында өмірге деген көзқарасым да өзгерді. Тарас Ғайсаұлы жаттығу залынан тыс өмірде де көмегін аямайды. Көше төбелестері мен әлсізге күш көрсетуден аулақ болуды үнемі санамызға құйып отырады. Өмірлік ақыл-кеңестерін ешқашан есімнен шығармаймын. Тұлғалық қалыптасу жолымда ұстазымның септігі мол. Сэнсэйіме құрметім шексіз! – деді Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Абылай  Өтеулі.

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале