20.09.2022, 9:46
Оқылды: 159

Қаратөбе ауданының Геродоты

Өткен жұма күні Қаратөбе ауылында өлкетанушы, шежіреші, журналист, ақын, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына орай айтулы іс-шара өтті.  Жиынға өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен қоса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, айтыс өнерін ұйымдастырушы Жүрсін Ерман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай қатысты. Қонақтар алдымен Алаш және Қ.Хасановтың тарихи-өлкетану музейіне барып, тарихи деректермен, жәдігерлермен танысты.  

9b40ee2d-1539-463c-8b4b-fd22bca0c645

2020 жылы пайдалануға берілген аталмыш музейдің өзі тарихи орында бой көтерген. Олай деуімізге себеп, 1918 жылы ағайынды Жаһанша  мен  Халел Досмұхамедовтер басқарған, әуелі «Ойыл уәлаяты», кейін «Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесі» атанған ұлттық сипаттағы партияның бір сиезі дәл осы жерде, бұрынғы Шәріп татардың мешітінде өткен. Жиынға елге танымал, беделді тұлғалар, дінбасылар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан. Осы сиез жайлы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұқанбетұлы. Сиез мешітте. Мешіт лық толған. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады» деп жазған. Сол сиезге Қайыржан Төлегенұлының атасы, қазақтың тұңғыш мұғалімдерінің бірі Төлеген Иманғазиев қатысып, 1937 жылы сол жиынға қатысқаны үшін ату жазасына кесілген. Сондықтан Алашорда тақырыбы – өлкетанушы Қайыржан Төлегенұлының өмір бойы ізденген, тірнектеп жинаған қазынасы. «Қаратөбе ауданының Геродоты» атанған Қайыржан ағамыз 150-ге жуық кітап басып шығарған. Оның басым бөлігі Қаратөбе өңірінен шыққан танымал тұлғалар, Алаш қайраткерлері туралы  дүниелер.

500 шаршы метр көлеміндегі аталмыш музейді өлкетанушының ұлдары Ержан мен Нұржан Хасановтар салған. Онда үлкен көрме залы,   Алаш және Қайыржан Хасанов  залы, сондай-ақ Төлеген Иманғазиев атындағы мәжіліс залы бар. Музейдің кіреберісіндегі тақтада «Тарихы бар ел ғана тарих жасай алады» деген ақын Жұбан Молдағалиевтің қанатты сөзі жазылған. Оған қоса мен музейдің негізін қалаушы Ержан мен Нұржан Хасановтардың «Мәңгілік тәуелсіз елді мұрат тұтқан Алаш арыстарының сиезі өткен киелі жерде іргетасы қаланған бұл музей Алаш мұрасын насихаттайтын, Қаратөбе өңірінің тарихын түгендеп, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырған Қайыржан Хасановтың еңбектерін жинақтаған тарихи орын болады деген сеніммен туған елге, Алаш ұрпағына арнаған сыйымыз» деген сөзі қоса берілген. Музейге келген топқа заманауи үрдісте жасалған цифрландырылған, интерактивті ақпараттық терминал – әмбебап трансфомер таныстырылды. Бұл құрылғы бейнетүсірілім мен суреттерді өз ыңғайыңызға келтіріп қарауға арналған. Ішінде Алаш арыстары мен Қаратөбеде өткен сиез туралы мәліметтер мен  Қайыржан Хасановтың мұрасы электронды сипатта жинақталған. Музей қонақтары «Алаш» залында   Күнбатыс Алашорда туралы деректермен танысып, ортада тұрған ескі «Мерседес» аутомобиль макетін тамашалады. Ержан Қайыржанұлының айтуынша, кезінде Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (КОМУЧ) Алашорда үкіметімен саяси және әскери одақ құрып, Алаш әскеріне көмек көрсеткен. Содан олар Батыс Алашордаға арнайы екі «Мерседес» аутокөлігін берген. Ел ішінде сол екі машинаның біреуіне Батыс Алашорда құжаттарын тиеп, үлкен киіздерге жылқы майын жағып, машинаны соған орап көмген деген аңыз бар. Бұл сол кездегі Батыс Алашорда өкілдері мінген «Мерседес» автокөлігінің макеті көрінеді.

Нақтырақ айтсақ, мұны тарихи ақтаңдақтардың  әлі ашылмаған беттері барын еске салатын макет деуге болады.

Музей экспозициясындағы екінші ерекше макет – сонау жылдары Қаратөбе сиезі өткен мешіт еді. Бұл макеттің ерекшелігі сол, мешіт макетінің терезесіне үңілсең, сол кезде өткен Қаратөбе сиезінен көрініс көріп, 3D көзілдірігімен дәл сол кезде, сол жерде тұрғандай сезінуге болады.

Қайыржан Хасанов залында жазушының журналистік, өлкетанушылық зерттеу ізімен жасалған Қаратөбенің киелі жерлерінің интерактивті AR-картасы тұр. Бұл инновациялық картаға арнайы бағдарламасы бар планшет пен ұялы телефонды жақындатсаңыз, киелі орындар туралы мәлімет пен Қайыржан Хасановтың еңбектеріне сілтеме алуға болады. Нақтырақ айтсақ, картада Мұхит  Мерәліұлы зираты, Дәуқара батыр қорымы, Қаратау би және Ұзақ күйші кесенесі және тағы басқа  мәліметтер бар. Ортадағы көрме залында Қаратөбенің табиғаты, белгілі тұлғалары, Қайыржан Хасанов жанұясының суреттері ілінген.

Музейде Қайыржан Төлегенұлын еске алуға арналған іс-шара салтанатты түрде ашылып, «Өлкетанушы, журналист, ақын, жазушы Қайыржан Хасановтың әдеби мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

a5a1c47b-433d-4595-b0fa-8d2095e713ac

Аталмыш кітаптың авторлары – М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің  қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева мен шәкірті  Зафура Мамут.

–  Осыдан екі жыл бұрын Алаш және Қ.Хасановтың тарихи-өлкетану музейі бой көтерген болатын. Қайыржан Төлегенұлы әдебиеттің деректі прозасында, әсіресе, көркем әңгіме, хикаят секілді шағын және орта көлемді эпикалық жанрларда жан-жақты қалам тербеді. Әңгімелерінде Қаратөбеде туған тұлғалар өмірі, ауыл тіршілігі, ұлттық тәрбиедегі құндылықтар тереңінен суреттеледі. Оның әдеби мұрасын зерттеп, зерделеу – біздің, жас ғалымдардың, міндеті. Соған орай шәкіртім Зафура Мамут екеуміз ғылыми еңбек жаздық. Ұлт үшін, туған жер үшін қызмет еткен тұлғаның өмірін, еңбектерін болашақ ұрпаққа аманаттау, насихаттау – парызымыз, –деді қос аутордың бірі Рита Бекжанқызы.

Музейдегі жиын Төлеген Иманғазиев атындағы мәжіліс залында түйінделді. Бұл залда Хасановтар әулеті мен Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аталмыш музейді аудан әкімдігінің меншігіне (балансына) беру туралы меморандумға қол қойды.

–  Аудан әкімдігі мен ауыл тұрғындары атынан Хасановтар әулетіне алғыс айтамыз. 100 миллион теңгеге салынған музей кешенін  елге қызмет етсін, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген ниетпен аудан әкімдігінің меншігіне беріп отыр. Болашақта осы музейде игі ісшаралар ұйымдастырылатын болады. Әке жолын жалғастырып, тәлімі мол басқосуларға ұйытқы болады деген тілекпен музейдің алғашқы директорлығына Сәбит Қайыржанұлы Хасановты тағайындадық. Туып-өскен ауылына қамқор болып жүретін осындай елжанды тұлғалар көбейе берсін,–деді Қадыржан Орынбасарұлы.

Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған  басқосу Қаратөбе ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда «Қажырлы қадам, қадірлі қалам – тау  тұлға» атты еске алу кеші өтті. Өлкетанушы туралы естеліктер айтылып, еңбек жолынан сыр шертілді.

– Қадірлі халқыма, меймандарға және бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған аудан әкімдігі мен жиынның басы-қасында жүрген азаматтарға аналық алғысымды айтамын. Біздің отағасы биыл 80 жасқа толар еді, әттең... Оның жүрегі Қаратөбе деп соқты. 2018 жылы 2 желтоқсанда 63 жасқа толғаннан кейін «Бұл жасқа жеткендер де, жетпегендер де бар» деп қызметті тоқтататынын айтты. Содан маған «Енді шығармашылықпен айналысамын. Ақсақалдардан жазып алғандарымды кітап етіп шығаруым қажет. Шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін жағдай жаса. Туған жердің тарихын әр қаратөбелік білуі керек» деді. Зейнетке шыққаннан кейін мұрағаттарға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы 150-ге жуық еңбек жазды, – деді Қайыржан ағаның зайыбы  Рысты Кәкімқызы. Сондай-ақ ұлы Нұржан да өз естелігімен бөлісіп, әкенің тәлім-тәрбиеcіне тоқталды.

– Бірде әкем Қаратөбеде туған әулие-әмбиелер жайлы кітап жазып отыр еді. Аяқ астынан компьютер істен шығып қалды. Қосуға қанша тырыссақ та компьютер қосылмады. Содан түн болды. Ұйықтап жатқанда әкеме аян берілген. «Мынандай пернелерді бассаң, құрылғы іске қосылады» депті. Әкем таңертең тұрып,  сол пернелерді басып еді, компьютер қосылды. Сол кезде ол «Арқалы аталарымыздың желеп-жебегені ғой» деді. Әр сенбі-жексенбіде әкеміздің қасында жүреміз. Бір сенбіде Мұхит бабаның  қорымына барсақ, одан кейін Дәуқара батырдың басына түнейтінбіз. Ауыл ақсақалдарының ұлағатты сөздері мен тәлімді әңгімелерін тыңдаушы едік. Тұрғындар игілігін көрсін деп аудан әкімдігінің меншігіне берген музей – әкеміздің аманаты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Нұржан Қайыржанұлы.

Жиында Қайыржан Төлегенұлы туралы ғибратты естеліктер айтылып, ән шырқалып, күй тартылды.

–  Қайырлы күн, құрметті қаратөбелік ағайын! Тойларыңыз тойға ұлассын. Өздеріңіз білесіздер, жиырмасыншы ғасырдың басы кескекті кезең еді. Сол кезде қазақтың оқыған, тоқыған ұлдары ұлттық бұлқыныс тудырды. Мемлекет құрудың қамын жасады. Қаратөбе өңірі – мемлекетіміздің іргетасы қаланған, нағыз тарихи жер. Бұлай деуімізге себеп, бірінші, екінші жалпықазақ сиезі Орынборда өтті. Орынбор – бүгінде Қазақстанның шекарасынан тысқары қалған қала. Ал үшінші жалпықазақ сиезі осы Қаратөбеде, музей кешені бой көтерген аумақта, Шәріп татардың мешітінде ұйымдастырылды. Сиезге қатысушылардың арасында Қайыржан ағамыздың атасы, Батыс Алашорданың саяси тұлғасы, білімді Төлеген Иманғазыұлы да болатын. Оны «Батыс өңірінің Байтұрсыновы»  деп атауға болады.

Өйткені ол – осы өлкеде мектеп ашып, бала оқытқан азамат. Алтынның сынығындай ұрпақтың бүгінгі тартуын көріп, көңіліміз марқайып отыр.

Қазіргідей қиын шақта жеке қаражатымен ауылда музей салып, оны заманауи технологиялармен жабдықтау екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Алаш тақырыбын зерттеп жүргеннен кейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлерде болдық. Кей облыстың орталығында мұндай музей жоқ. Алаш музейлеріне кірсең, еңсең құлазып, төбе құйқаң шымырлап шығады. Ал бұл музейге кірсең, шығармашылық шабытың ашылады. Ауыл-аймақтың абыройын асыратын осындай Атымтай жомарт азаматтарымыз көп болсын, – деді «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай. Ал ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрмет ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова Қайыржан Төлегенұлының ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымдарына тоқталды.

–  Қайыржан – мамандық пен жар таңдауда шатаспаған, өнегелі отбасының отағасы. Тектілік қанмен беріледі десек,  Қайрақаң  – Алаш арысының ұрпағы, ата ұстанымын қылау түсірмей жалғастырушы. Ұлағатты ұстаз Рысты Кәкімқызымен бірге Сәбит, Ғабит, Сәтжан, Ержан және Нұржан есімді бес ұл тәрбиеледі. Перзенттерінің елге жасаған жақсылығы, адамгершілігі  көпке үлгі, – деді ол.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов Алаш және Қ. Хасановтың тарихи-өлкетану музейінің атауын өзгерту туралы ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, «Алаш» деген ұғым халық деген мағынаны білдіреді. Музейде Батыс Алашорда туралы мәліметтер қамтылғаннан кейін, Батыс Алашорда және Қ. Хасанов тарихи-өлкетану музейі деп аталғаны абзал.

– Қайыржан Төлегенұлының әдеби мұрасымен танысқанда өзіме Қаратөбе деген арал ашқандай болдым. Музейге барғанда Алаш арыстарының тынысын сезіндім. Кез келген әке Құдайдан бала тілегенде, ең болмаса, соңымнан дұға оқып отырсын деп сұрайды ғой. Бүгін әкесінің мұрасын түгендеп, есімін ардақтап, оны алты алаш ардақтыларының қатарына қосып отырған бес перзентті көргенде жаным тебіренді. Бәріміз де әкеміз, осы перзенттерге әкелік ақ батамды беремін, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман.

47869e97-7f13-4aa8-b5a7-61d0b4766a93

– Қайыржан Төлегенұлы еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, Қаратөбе аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Аудандық «Еңбек туы» газетін ұзақ жыл басқарып, Қаратөбе ауданының тарихын түгендеді. Өңірдегі тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы мәліметтер жинап, кейінгіге құнды қазына қалдырды. Әкімшілікте қызмет етіп жүрген кезде ақыл-кеңесін тыңдадық. Бірге  жүрген сәттеріміз де аз болмады. Іссапарға шыққанда бір қолына диктофон, екінші қолына блокнот пен қалам алып, ауылдың шетіндегі үйден түсіп қалады да, «Мені қайтарда осы үйден алып кетерсіңдер» дейтін. Содан біз жиналыстардан шығып, сол үйге барсақ, көнекөз қарияларды шақырып алып, диктофонын қосып қойып, емен-жарқын әңгімелесіп отыратын. Ол кезде жас болғасын мән бермедік. Қайыржан ағаның өмір жолы да, шығармашылығы да біз үшін  өнеге, – деді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жиынды қорытындылап.

P.S: Геродот – шамамен б. з. б. 484 - 425 жылдары өмір сүрген ежелгі дәуірдегі грек тарихшысы. «Тарихтың атасы» атанған ол көрген, естіген оқиғалары мен оқыған деректерін жинақтап, «Тарих» атты еңбек жазып қалдырған. Бұл еңбекте сол кездегі халықтың тарихы, этнографиясы, діні, әдебиеті, мемлекеттердің  ішкі-сыртқы  саясаты, экономикасы баяндалады.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале