28.12.2023, 10:00
Оқылды: 82

Қаратөбе «Сүт белдеуіне» қамдануда

Қаратөбе ауданының тұрғындары ежелгі ата кәсібі – мал шаруашылығын дамытуда. Бүгіндері тұрғындар мен шаруашылықтар өсірген ірі қара саны – 49 273-ке, қой мен ешкі – 102 132-ге, жылқы – 16 523-ке, түйе 19, үй құстары 12 128-ге жеткен. Ауданда 16 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Кооперативтер ауылдарда мал бағымын ұйымдастырумен, мал тұқымын асылдандыру ісімен шұғылданады.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Мұхановтың (суретте) айтуынша, қаратөбеліктер «Сүт белдеуі» жобасына қатысуға қам жасауда.

09607e0d-0e9a-4756-aa0a-3c51f20a9cfd

Бұл ретте ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығының аясында іске асырылатын негізгі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» көмекке келеді. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша Қаратөбе ауданынан 54 тұрғын 358,8 миллион теңге несие алуды жоспарлады.

к с (1)

 

«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасына құжат тапсырған 54 тұрғынның 50-і несие алды. Оларға берілген қаражат мөлшері – 324,18 млн теңге (5-еуі – АШӨК, 41-і – ЖК), (Қоскөл ауылдық округі – 30 адам, Жусандой а/о – 12 адам, Сулыкөл а/о – 3 адам, Қаратөбе а/о – 1 адам, Саралжын а/о – 1 адам).

Несие алушылардың нәтижесі адам саны млн теңге МІҚ ҰМҚ
Несиесін алғаны 50 324,133 318 1381
Несиеден бас тартты 4 34,6
Барлығы 54 358,73 318 1381

Несие алған 43 адам 275,96 млн теңгеге 266 бас асыл тұқымды, 70 бас тауарлы мүйізді ірі қара, 660 бас асыл тұқымды, 566 бас тауарлы қой-ешкі және құрал-жабдық сатып алды. Қалған 6 жеке кәсіпкер және 1 АШӨК 48,2 млн теңге несие қаражатына 17 бас ірі қара, 198 бас жандық сатып алып, бір жоба аясында биогумус өндіру мақсатында жұмыстануда. Бұл бағытта асыл тұқымды шаруашылықтармен келіссөздер жүргізіп, келісімшарттар жасауда.
Соның ішінде Қоскөл ауылында несие қаражатын алған «Әдемі Мөлдір» АШӨК жетекшісі Мерхат Жұмашев 18,8 млн теңгеге полуфабрикат нан өнімдерін шығару үшін құрал-жабдықтарын Қытай мен Ресей елдерінен тапсырыс беру арқылы алдыртты. 28 қазан күні Қоскөл ауылынан наубайхана (тандыр нан, кондитерлік тағамдар) және шикі ет өнімдерін (тұшпара, котлет, тефтели) жасау цехын іске қосты. Қазіргі кезде өнімдері Орал қаласы және аудан көлеміндегі Қоскөл, Егіндікөл, Жусандой ауылдық округтерінде сатылуда.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасының аясында 2000 бас шамасында сүтті бағыттағы мал алып келу жоспарлануда. «Сүт белдеуіне» Теректі, Бәйтерек, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандары енді. Қаратөбе қалаға жақын жерде болмаса да, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытқалы отырмыз. Сол себепті Самара-Шымкент күре жолына таяу жердегі Қоскөл ауылын таңдадық. Бұл ауыл Орал мен Ақтөбе қалаларын жалғайтын жолдың дәл орта тұсында орналасқан. Осындағы шаруашылық үшін сүт өнімдерін тасымалдауға қолайлы болары анық, – деді бөлім басшысы.

7e6fd409-610d-4630-8068-0829af24acdc
Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағалиевтың (суретте) айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы округтің тыныс-тіршілігіне серпін сыйлауда. Округте екі елді мекен – Қоскөл және Шалғын ауылдары бар. Тұрғындар саны – 844. Ауылдық округте 227 үй есепке алынған. Қоскөлдіктердің дені мал шаруашылығымен шұғылданады. Округ бойынша 35 шаруа қожалығы тіркелген. Әкім облыс бойынша осында мал азығы арзанға сатылып жатқанын айтты. Бір рулон шөптің бағасы 3-3,5 мың теңге шамасында. Қожалықтардың көбі асыл тұқымды ақбас сиырын өсіреді.

к с (2)
– Биыл «Ауыл аманаты» жобасына Қоскөл ауылы енді. Жоба көмегімен 34 адам 2,5 пайыздық несие қаражатын алып, сүтті бағыттағы сиыр және асыл тұқымды қой сатып алды. «Ауыл аманаты» бойынша үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылды. Орал қаласынан келген Мирхат Жұмашев «Әдемі Мөлдір» кооперативі арқылы нан және шикі ет өнімдерін дайындайтын цех ашып, кәсібін кеңейтіп жатыр.
Ақтөбе қаласынан арнайы көшіп келген Серік Исатаев «Жеңіс Ерхан» өндірістік кооперативін іске қосты. Ол 20,7 миллион теңгеге сүтті бағыттағы 55 семинтал сиыр мен 2 бұқа сатып алды. Тағы бір кооперативті Шалғын ауылының тұрғыны Дидар Ғалым ашқалы отыр. Ол 28 миллион теңге несие қаражатына сүтті бағыттағы 36 бас асыл тұқымды сиыр алып келді.
Сүт тасымалдау үшін «Каверин» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасастық. 3 тонна сүт жинаған жағдайда «Каверин» өз техникасымен сүтті тасымалдайды. Серік Исатаевтың шаруашылығы орналасқан қорада 2 тонналық танкер орналасқан. Осы танкерге кооператив басшысы ауыл тұрғындарынан сатып алған сүтті жинайды. Орта есеппен әр адам 20 литр сүт тапсырса, оның литрі 200 теңгеден десек, бір күнде 4 мың теңгеден пайда табады.
Алдағы уақытта кооперативтердің басын қосып, мал бағымын ұйымдастырғымыз келеді. Екі бақташы 15 күндік ауысыммен ауыл малын бағып, айына 250 мың теңгеден жалақы алады. «Жеңіс Ерхан» кооперативіне кем дегенде бес сауыншы қажет болады. Әр сауыншыға айына 150 мың теңге жалақы тағайындалады. Одан бөлек шар-уашылықты дамыту үшін қосымша жұмыс күші – бухгалтер, трактор жүргізушісі, мал азығын дайындайтын адамдар керек. Сонда ауылда жаңа жұмыс орындары көбейеді.
Қазіргі уақытта ауыл бойынша тұрғындар санын көбейтуге көңіл бөлудеміз. Оған «Ауыл аманаты» жобасының септігі тиюде. Мәселен, Ақтөбе қаласынан Серік Исатаев бес баласымен көшіп келді. Былтыр су апатына ұшыраған Шалғын ауылына «Қазақстан халқына» қоры арқылы 23 жаңа үй салынғанын білесіздер. Осыдан бірнеше жыл бұрын көшіп кеткен Данат Сейітов те бес баласымен Шалғынға оралды. Ол жоба арқасында 8 600 000 теңге несие қаражатын рәсімдеп, ауылға 150 асыл тұқымды қой алып келді. Зайыбы фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналасты.
Қалада пәтер жалдап тұрып жатқан ауылдастар бар. Соларды ауылға көшуге үгіттеп жатырмыз. Былтырдан бері Шалғынның өзіне бас-аяғы бес отбасыны көшіріп алдық. Ауылға бағытталған көш тоқтамайды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Шынтуайтында, «Ауыл аманаты» – өте сәтті жоба. Кепілдікке қойылған үйлер ағаштан салынсын, саман тастан болсын, тұрғындарға несие беру үшін 5-6 миллион теңгеге бағаланып жатыр. Негізі ол үйлердің нарықтағы құны мүлдем төмен. Бұл бағдарлама халық үшін тиімді.
Жоба ауқымында округ тұрғындарын асыл тұқымды малды көбейтіңдер деп үгіттеудеміз. Сиыр алып, сүтін сатса – қосымша кіріс көзі. Тұрақты жұмысы болса, оны да атқара береді. «Ауыл аманаты» бойынша бір асыл тұқымды ірі қара үшін Үкімет 200 000 теңге субсидия төлейді. Есептеп келгенде, бір тұрғын 20 бас малға 2 миллион теңге қайтарымсыз демеуқаржы алады. Осының арқасында бірқатар тұрғын қора-қопсысын жаңартып, кәсібін дөңгелетіп алып кетуде, – деді ауылдық округ әкімі Әділет Қайратұлы.

Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале