Шілденің ортасында қарбыз жеуге бола ма әлде тамызды, тіпті күзді күткен дұрыс па? Үкіметте өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов осы сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Шенеунікке "Сарапшы ретінде пікіріңіз қандай? Қазір қарбыз жеуге бола ма әлде тамыз немесе күз мезгілін күтуге кеңес бересіз бе?" деген сұрақ қойылған.
Ол Қазақстанға сырттан әкелінетін жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері түрлі зиянкес пен ауру бар-жоқтығына фитосанитария бақылауынан өтетінін айтты.
"Сондықтан өнімдер қауіпсіз деп санаймыз. Бірақ химиялық заттардың қалдықтары азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін, бұл ретте санитария-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", - деді Азат Сұлтанов.
Бұған дейін де дәрігерлер азаматтарды ерте піскен қарбыз бен қауынды сатып алуға асықпауға шақырған болатын.