31.12.2021, 11:01
Оқылды: 247

Қарттарым, аман-сау жүрші!

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық  филармонияның мәжіліс залында  облыстық ардагерлер ұйымының  жылжабар жиыны өтті. Оған  халқымыздың қиядағыны шалатын  қырағы жанары, қоғамыздың қадірлі  қазынасы саналатын қарияларымыз  қатысып, аталмыш ұйымның  төрағасы Мақсот Берген он екі айда  атқарылған жұмыстар мен алдағы  мақсат-міндеттер хақында баяндама жасады.

InShot_20211231_084042544

-Атам қазақта «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз – халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы қанатты қағидалар қағаберісте, жәй айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады. Осы отырған бәріңіз де әке көрген, аға сыйлаған ұрпақтың өкілісіз. Көбіміз, негізінен, халықтық тәрбиенің мектебінен өттік. Оқ жондық, тон піштік ...дегендей. Қалай болғанда да аға ұрпақтың маңдай тері мен еселі еңбегін жоққа шығаратын топтан емеспіз. Егер біз қарияларымызды қадірлеуді иығына шапан жауып, қолына алғысхат беріп, зейнеткерлікке шығарып салу деп түсінсек, мұнымыз қате болар еді, – деп  сабақтады өз сөзін төраға.

Иә, жұртымыздың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде ақсақалдық өнеге -  қоғамдық өзін-өзі басқарудың бүтіндей бір институтын құраған. Әділ қазылар алқасының қызметін қадірменді ақсақалдарымыз атқарған. Қазір заманмен бірге адам да өзгерді. Бұл – табиғи заңдылық, адамзаттық дамудың қағидаты.

Десек те, бәрін заманға жаба беруге болмайды. Адамдық болмысты сақтап қалудың тарихи мектебін біз әз бабаларымыздың ғұмырынан, олар қалдырған өнегелі өсиеттерден, өрісті ойлардан ала білуіміз керек. Қай кезеңде де қазыналы қарттар елді берекелі бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Сондықтан ондай адамдардың абыройы асқақтап, ел ішінде беделі де биік болған. Ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміз бен саф алтындай салт-дәстүріміздің де сардар сақшылары да өздеріңсіздер. Ендеше, сол қарияларымыздың жағдайына қарасу да, осынау қымбат қазынамызды қапысыз пайдалану да кезек күттірмейтін маңызды міндет деп түсінгеніміз жөн. Бүгінгі таңда Ақжайық өңірінің 85 мыңнан астам ардагер-қариясын өзінің қанатының астына алған облыстық ардагерлер ұйымы да оларға қолдау-көмегін барынша көрсетіп келеді. Бұл қатарда қазір қатарлары селдіреп қалған майдангерлеріміз де  (35 адам) бар. Отан үшін отқа түскен ардақтыларымыздың алды бүгінде 104 жасқа таяса, жасы кішілерінің  өзі  95-ке  аяқ артты.

Мақсот Қабышұлының мәлімдеуінше, аға буынның тұрмыстық жағдайларына қарайласып, мерейтойларын да ұмыт қалдырмау – ұйымның негізгі міндеттерінің бірі екен. Қаладағы және жекелеген аудандардағы қарттар үйлерінің жәй-күйін де алқа мүшелері назардан тыс қалдырмай, биыл жазда түгелдей аралап шығыпты. Ал күш-қайраты бойында, айтар уәждері ойында жүрген үлкендердің бос уақыттарын көңілді өткізу бағытында түрлі мәдени-көпшілік шаралар жоспарлы ұйымдастырылып тұрса, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойы аясында шахматтан, үстел теннисінен, волейболдан, тоғызқұмалақтан, дойбыдан және бильярдтан жарыстар оздырылған. Сондай-ақ ардагерлер ұйымы 17 жыл облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған ардақты азамат Бақтығали Ахметовтың күні кеше облыстың құрметті азаматы атануын өздерінің ортақ қуанышы әрі жетістігі санайды. Биыл бес бірдей жерлесіміздің Қазақстан Республикасы Ар­дагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің арнайы төсбелгісімен марапатталуы да тынымсыз һәм тындырымды істің көрінісі деп ұғынған абзал. Соңғы кезде ардагерлер өзекті де өткір мәселелерге жиі үн қосып, өзге қоғамдық ұйымдармен байланысты да ширата түскен. Кейбір белсенді қариялар облыстық деңгейдегі түрлі ықпалды комиссияларға мүше  болса, күні кеше аталмыш ұйым қаланың нақ ортасына жаңа қонысқа көшкендерін де айта кетелік. Төраға Мақсот Қабышұлы сөз түйінінде  алда да қарияларымыздың қас-қабағына қарап, олардың өмірлері жайлы болуы жолында ата-бабаларымыз қалыптастырған қағидаттар негізінде қызмет атқара беретіндіктерін  жеткізді.

Жиын соңы түрлі марапаттауларға ұласып, «Құрмет» орденінің иегері, Сырым ауданы мен Орал қаласының құрметті азаматы, ұйым жетекшісі Мақсот Берген республикалық орталық кеңестің атынан екі адамға Құрмет төсбелгісін, екі жерлесімізге Құрмет грамотасын және төрт ардагерге алғысхат табыстады. Сонымен бірге Жә­нібек аудандық ардагерлер кеңесі, Қошанкөл (Казталовка ауданы) ауылдық ардагерлер ұйымы және қаратөбелық ардагерлердің қалалық қауымдастығы арнайы дипломдарға ие болды. Ал өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі В. Культюшнев көршілес Самара облыстық ардагерлер ұйымының сый-сияпаттарын тарту  етті.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале