21.11.2023, 9:45
Оқылды: 51

Қаржы саласының қайраткеріне ескерткіш тақта орнатылды

Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқан, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері болған, марқұм Борис Ізбасаровтың құрметіне қазынашылық департаменті ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұханбетов банк жүйесінің ардагерлерін, қызметкерлерін, барша қауымды ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығымен құттықтап, қаржыгердің ел дамуына қосқан үлесі туралы әңгімеледі.

избасар

– Борис Ізбасарұлы 1975 жылы банк жүйесі саласындағы жұмысын бастап, зейнетке шыққанша бір мекемеде қызмет етті. Артына өнегелі із қалдырды, еліміздің, өңірдің экономикасын, қаржы саласын дамытуға еңбек сіңірді. Еңбегі еш кетпеді, түрлі марапатқа ие болды. Енді мемориалдық тақта ашылғалы отыр. Соған қуанамын, соңында еске алатын жоқтаушы азаматтар барда, қайраткердің есімі өшпейді. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Б. Ізбасаров 1951 жылы 16 ақпанда Казталов ауданындағы Березин ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеді. Алматы есеп-кредит техникумында банк-қаржы саласының мамандығын, кейін Алматы халық шаруашылығы институтында экономист мамандығы бойынша оқыды. Банк саласындағы жұмысын мемлекеттік банктің Казталов бөлімшесінде инспектор болып бастап, бөлімше басшысының орынбасары қызметіне дейінгі лауазым баспалдақтарынан өтті. 1980 жылдан 1986 жылға дейін банктің Жаңақала аудандық бөлімшесін басқарды. 1986 жылы – мемлекеттік банктің Орал қалалық кеңсе меңгерушісінің орынба­сары, 1988 жылы Тұрғын үй әлеуметтік банкі облыстық басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Кеңестер одағында банк жүйесін реформалау жұмыстары аясында мамандандырылған банктер құрыла бастады. Мемлекеттік банк жаңадан құрылған «Агропромбанк», «Промстройбанк», «Кредсоцбанк» сынды банктердің қызметтерін реттеп отырды. Борис Ізбасарұлы 1989 жылы әлеуметтік, жеңіл өнеркәсіп, сауда салаларын несиелейтін «Кредсоцбанктің» 1990 жылы өнеркәсіп, құрылыс салаларын, кен игерушілерді несиелеумен айналысатын «Промстройбанктің» облыстық басқарма бастығы қызметін абыроймен атқарды. 1992 жылы банк жүйесінде ысылған, ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Б.Ізбасаров мемлекеттік банктің облыстық басқармасының бастығы, 1998 жылы Ұлттық банктің Батыс Қазақстан филиалының директоры болып тағайындалды. Ол өткен ғасырдағы тоқырау жылдарында еліміздің экономикасын дамытуға, тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қаржы саласының еңсесін тіктеуіне, ұлттық валютамызды айналымға енгізуге сіңірген еңбегі зор. Экономикалық байланыстар үзіліп, өңір тұрғындары жалақы, зейнетақы ала алмай, қаржыдан тарыққан кезде облыс басшылығына білім-білігімен көмектесіп, талай қиын жағдайлардан шығуға сүйеніш, тіреу болғаны да көпшілікке аян.

IMG_8050

Борис Ізбасарұлы ҚР Ұлттық банкі қызметінің өркендеуіне және оның табысты жұмыс істеуіне қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, банк жүйесіндегі ұзақ әрі мінсіз қызметі үшін «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері», Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10, 20 жыл, «Теңгеге 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.  Ол банк жүйесі саласында 40 жыл қызмет етіп, соның ішінде Ұлттық банктің облыстағы филиалына 20 жылдан астам уақыт басшылық етті. 2014 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан еді. 2021 жылы шілдеде дүниеден өтті.

Қаржы саласы қайраткерінің құрметіне қойылған ескерткіш тақтаның пердесін достары Әзербай Үмбетәлиев, Жеңіс Дүйсекешов ашты.

Жиында қаржыгердің шәкірттері Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Қуанышбек Хамзин мен банк жүйесінің ардагері, «ASARORAL» жеке қорының басшысы Ғалия Сатыбалдина, Борис Ізбасарұлының сынып жетекшісі Күләш Гимадиевалар сабырлы, салиқалы басшы, ұстамды шәкірт болған қаржы саласының білікті саңлағының өмір кезеңдерінен тағылымды естеліктер айтты. Ел деп еміріне еңбек еткен азаматтың есімі ұлықталғанына ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара соңында Борис Ізбасаровтың ұлы Сырымбет Борисұлы облыс әкімдігі және  «ASAR-ORAL» жеке қоры басшылығына, Ұлттық банк БҚ филиалының ұжымына, жиналғандарға алғысын айтты.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале