Қашықтан жұмыс істеудің басты қаупі - денсаулыққа, әсіресе тірек-қимыл жүйесіне салмақ түсуі. Бұл туралы Мемлекеттік ағарту университеті медицина факультетінің хирургия кафедрасының аға оқытушысы Александр Умнов lenta.ru-ға берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Дәрігердің сөзінше, ең бірінші мәселе - қимыл-қозғалыстың азаюы. Қашықтан жұмыс істейтіндер әдетте кеңсеге бармайды, баспалдақпен көтерілмейді, тіпті азық-түлікті де үйге тапсырыспен алдыра алады. Соның салдарынан күнделікті қозғалыс күрт азаяды.
Сондай-ақ, ноутбукпен жұмыс істегенде адам басын төмен еңкейтіп, мойынға артық салмақ түсіреді. Бұл мойын омыртқасындағы дискілерге қысым жасап, мойын, желке, иық ауыруына, кейде бас айналуға себеп болуы ықтимал. Ал қолдың дұрыс орналаспауы білектің ұюы мен ауырсынуына әкелуі мүмкін. Жарықтың нашар болуы және экранның ыңғайсыз орналасуы көз көруін де нашарлатады.
Умнов үйден жұмыс істегенде экран көз деңгейінде немесе сәл төмен, қол созым жерде тұруы керек екенін айтты. Орындық белді тіреп тұруы, аяқ толық еденге немесе арнайы тіреуішке қойылуы қажет. Тізе мен шынтақ шамамен 90 градус бұрышта болғаны дұрыс.
Дәрігер әр сағат сайын орныңыздан тұрып, 5 минуттық үзіліс жасап, жеңіл жаттығу жасауға кеңес береді. Оның айтуынша, жұмыс күнінен кейін мойын жиі ауырса немесе қол ұйыса, мұны қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды Бұл - жұмыс орнын қайта ұйымдастыру қажет деген белгі.