20.07.2026, 14:30
Оқылды: 65

Қасиетті де қасіретті Бөкей ордасы

Жақында «Фолиант» баспасынан тарих  ғылымдарының  докторы, профессор,  ҚР  ҰҒА-ның  құрметті академигі  Тұяқбай  Рысбековтің «Қасиетті  де  қасіретті Бөкей ордасы»  атты  көлемді  зерттеу  еңбегі  жарық  көрді. 

касиетти де касиретти бокей ордасы

Тарихтың бірінші  заңы  –  қандай  да  болмасын,  өтіріктен  қорқу  және  қандай  да  болмасын,  шындықтан  қорықпау»  деген  ежелгі  концепцияны  ұстанған  ғалым  1801  жылы  құрылған  Бөкей  ордасының  бүгінге  дейінгі  тарихының  әр  кезеңіне  зерделі  зерттеу  жүргізген.  Бөкей  ордасының  тарих  сахнасына  шығуы,  саяси-экономикалық  және  әлеуметтік  жағдайлары,  өлкедегі  реформалар  мен  өзгерістер,  ұлтазаттық  қозғалыстар,  Ресей  құрамындағы  бодандығы,  Азамат  және  Екінші  дүниежүзілік  соғыс  жылдарындағы  ел  өмірі,  сынақ  полигонының  қасіреттері,  сондай-ақ  тәуелсіздік  кезіндегі  жағдайы  терең  талданған.

Еліміздегі соңғы жылдардағы әділетті Қазақстан құру жолындағы тарихи-әлеуметтік өзгерістер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық тарихқа әділ әрі саяси бейтарап баға беруді, ескі догмалардан арылуды талап етіп отыр. Ұлттық тарихты «жеңімпаздар жазады» деген қағидадан ада болып, өткенді әсірелемей, нақты ғылыми дәлелдерге сүйеніп, зерделі тұжырымдарға келу – бүгінгі тарихшы-ғалымдардың басты  міндеті.

Биыл Бөкей хандығының құрылғанына – 225 жыл, Хан ордасы ауылына – 220 жыл және Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 185 жыл толып отыр. Профессор Т. Рысбеков «Бұл мерейтойлар қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдерді қайта зерделеп, ұлттық сананы жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бөкей ордасы – қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ерекше құбылыс. Оның құрылуы, дамуы, саяси және әлеуметтік  өзгерістері  қазақ қоғамының XIX ғасырдағы тағдырымен тығыз байланысты», – деп бұл саланың әлі де тереңнен қарастыратын, қайта зерделеп, тұжырымдайтын тұстары бар екеніне баса көңіл бөлген. Заңғар Әбіш Кекілбаевтың сөзіне сүйенсек, «Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие халық болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне  медет бола алады. Қорлана бермей, арлана білейік». Елді ояту үшін, тарихты  ояту  керек.

Бөкей ордасы тарихына алғаш қалам тартқан XIX ғасырдағы орыс географиялық қоғамының мүшесі Я. Ханыковтан бастап, бүгінгі уақыт-та қорғалып жатқан диссертациялық зерттеулерге дейін нақты тұжырымдалмай жатқан тұстар баршылық. Зерттеуші осы мәселелердің біразын атап өтеді. Олар бірінші кезекте ғылыми концепциялардың тиянақталмауы; Бөкей ханның тарихи орны мен тұлғалық портретінің толықтай ашылмауы; 4-5 жылға созылған Исатай мен Махамбет көтерілісін тек екіүш жылмен (1836-1838) шектеліп қалуы; Бөкей ордасындағы тарихи тұлғаларды кей жағдайда асыра дәріптеп, керісінше, біреулеріне теріс баға беру; 50-жылдардағы Бөкей ордасы халқын күштеп көшіру мәселелері, полигон зардаптары т. б. Ұлттық тарихты зерттеушінің басты ұстанымы «Өткеніміз бен бүгінімізді, болашағымызды көрсетуде  және анықтауда әрбір тарихи жағдай шындықпен сәйкес болу керек. Кәсіпқой тарихшы тарих ғылымының деңгейін тек шындықпен ғана көтеріп, ал жалғандықпен жұртты таңғалдыратын, дүрліктіретін материал ұсынумен қаралауға, болмаса бұрмалауға болатынын есінен шығармаған жөн», – дейді ғалым. Соңғы жылдары Жәңгір ханның, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының тарихтағы алатын орны мен рөлін саралауда қарама-қайшы тұжырымдар орын алғаны анық. Сондықтан профессордың мына пікіріне толық қосылуға болады: «Тарихи тұлға туралы баға бергенде оның не жасай алмағанына қарай емес, не жасағанына қарай баға бергеніміз абзал. Сонда кейбір «көлеңкелі» жағы немесе «кемшілігі» деген тұстар түсінікті болады».

Зерттеу еңбек төрт тараудан тұрады. 1 тарау «Қасиетті де қасіретті Бөкей ордасы» деп аталып, Бөкей ордасының құрылуы, Бөкей ханның ел басқару саясаты және жайлы қоныс мәселесін шешудегі тарихи қызметі жан-жақты сарапталған. Бөкей ордасының құрылуының тарихи алғышарттары нақты зерделенген. Басты мәселелер, XVIII ғасырдың соңында Кіші жүз қазақтарының негізгі мәселелерінің бірі – жайылымдық жердің тарылуы. Жайықтың шығыс бетінде мал жайылымдарының жетіспеуі халықтың әлеуметтік жағдайын күрделендірді. Осындай жағдайда Бөкей сұлтан қазақ руларына Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына қоныс аудару арқылы жер мәселесін шешудің тиімді жолын ұсынды. 1801 жылы І Павелдің жарлығымен қазақтардың Еділ мен Жайық аралығына қоныстануына ресми рұқсат берілді. Осы шешімнің нәтижесінде Бөкей бастаған қазақ рулары жаңа қонысқа көшіп, кейін бұл өңір Бөкей немесе Ішкі орда деп аталды. Бұл оқиға қазақ халқының жер тұтастығын белгілі дәрежеде қалпына келтіріп, көшпелі мал шаруашылығының дамуына қолайлы жағдай туғызды.

Бөкей хан ел басқаруда көреген әрі прагматикалық саясат ұстанды. Ол дәстүрлі хандық билікті сақтай отырып, Ресей империясымен тиімді саяси байланыс орнатуға күш салды. Мұндай саясат хандықтың ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қазақ қоғамының экономикалық дамуына мүмкіндік берді. 1812 жылы Бөкей ресми түрде хан болып жарияланғаннан кейін басқару жүйесін нығайтып, беделді сұлтандар мен рубасыларын мемлекеттік істерге тартты. Басқаруда халықтың мүддесін ескеріп, ру аралық татулықты сақтауға ерекше көңіл бөлді. Соның нәтижесінде хандықтың алғашқы он бес жылында саяси тұрақтылық сақталып, әлеуметтік қайшылықтар айтарлықтай байқалмады. Бөкей ханның мемлекеттік қызметі – қазақ тарихындағы аса маңызды реформаторлық кезең. Ғалым «Бөкей хандығының құрылуы – қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтірген, көшпелі шаруашылық дамуын жалғастыруға мүмкіндік туғызған маңызды оқиға. Кіші жүз қазақтарының ұзаққа созылған қайшылықты және бұқаралық сипаттағы ұмтылысының, жер үшін күресінің нәтижесі» деп қорытады.

Зерттеу еңбекте Жәңгір ханның саяси-әлеуметтік және адами тұлғасы жан-жақты ашылған. Орысша оқып, еуропаша тәрбиеленген, жанжақты білім-ғылымды игерген Жәңгір патша әкімшілігінің тәжірибе құралына айналғаны ащы болса да шындық. Бөкей хандығында басқарудың үш сатысы болғаны нақты көрсетілген: бірінші «жалпы қадағалау».

Бұл істі Сыртқы істер министрлігі (СІМ) және оның азияттық департаменті, ал 1838 жылдан бастап Мемлекеттік мүлік министрлігі жүзеге асырды; екінші, «таяу қадағалауды» Орынбор әскери губернаторлығы және Орынбор шекаралық комиссиясы бақылады; ал үшінші «басты жергілікті басқару» ханның өзіне жүктелді. 30-жылдары Жәңгір хан үлкен сенімге ие болды. Қазақстан тарихында алғаш рет хан өкіметі қазақ қоғамының ішкі өмірінің дәстүрлі мәселелерін шешумен қатар оның шаруашылық, әлеуметтік, мәдени және саяси өмірімен де айналысты.

Аутор сол тұстағы қоғамдық мәселелерді талдай келіп, «Жәңгір хан еуропалық өнер мен білімді қандай шапшаңдықпен енгізсе, отаршылықты – жаңа шыңға көтерер саяси реформаларды да асығыстықпен, күшпен, зорлықпен  жүргізді. Жәңгір ханның прогресшіл кейбір реформаларын оның күш пен зорлық-зомбылыққа сүйенген басқару, алым-салық саясаты сол сәтте жоққа шығарды», – деп тұжырымдайды. Жәңгір хан жүргізген саясат халықтың наразылығын туғызғаны шындық. Жәңгір хан – өте күрделі тұлға. Зерттеу еңбекте  ханның ағартушылық қызметі мен ел басқарудағы қоғамдық қызметіне әділ баға берілген: «Жәңгір білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай, халық мүддесін тиімді түрде қорғау алдағы уақытта мүмкін емес екенін қазақ хандарының ішінде бірінші болып түсінді».

XIX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамының дәстүрлі әлеуметтік-экономикалық құрылымы елеулі өзгерістерге ұшырады. Әсіресе Бөкей ордасында жердің тарылуы, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі және патша әкімшілігінің отарлық саясаты халықтың наразылығын өршітті. Осындай тарихи жағдай Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісті туғызды. Бұл қозғалыс тек жер мәселесін шешуге бағытталған әлеуметтік наразылық қана емес, сонымен бірге ұлттық тәуелсіздік пен әділеттілік үшін жүргізілген азаттық күрес болды. Осы ұлт-азаттық көтерілістің мерзімі тарихи оқулықтарда 1836-1838 жылдармен шектеледі. Ғалымның архив құжаттарына, естеліктерге, Махамбет ақын жырларына сүйене отырып, көтеріліс мерзімі 1833-1838 жылдар деп нақтылап, оны үш кезеңге жіктеп, өз пайымдауын ұсынады. Көтерілістің бірінші кезеңі 1833-1836 жылдарды қамтиды және қарулы күреске дайындық кезеңі ретінде сипатталады. Екінші кезең көтерілісшілердің 1837 жылдың басында ханға қарсы күресінен басталып, 1837 жылдың желтоқсанының ортасына дейін созылады. Бұл кезең шаруалардың азаттық күресінің шарықтау шегі ретінде сипатталады. Үшінші кезең – Исатай мен Махамбет топтарының Жайықтың сол жағалауына өтуі (1837 жылғы желтоқсанның ортасы) мен көтерілісшілердің Кіші жүз руларының жерінде күрестің жаңа кезеңін бастау үшін күш жинап, Ақбұлақ өзенінің түбіндегі шайқаста жеңіліс табуымен аяқталуы  (1838  жылғы  шілде).

Зерттеу еңбекте 1845-1916 жылдардағы Бөкей ордасының әлеуметтік және саяси жағдайы (1845-1916 ж.ж.) кеңінен талданып, ғылыми сараптама берілген. 1845 жылы Жәңгір ханның қайтыс болуы Бөкей ордасы тарихындағы жаңа саяси кезеңнің басталуына негіз болды. Осы уақыттан бастап хандық билік біртіндеп жойылып, оның орнына Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесі толық енгізілді. Бұл өзгерістер қазақ қоғамының саяси құрылымына ғана емес, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына да елеулі ықпал етті. Хандықтың дербестігі әлсіреп, Бөкей ордасы Ресейдің отарлық басқару жүйесінің  ажырамас бөлігіне айналды. 1876 жылы оның Астрахан губерниясына бағындырылуы отарлық басқарудың толық орныққанын көрсетті. Сонымен қатар бұрынғы ру басшыларының қызметін бөлім басқарушылары атқарып, старшындар үш жылға сайланатын болды. XX ғасырдың басында олар «болыс» атауына ауыстырылып, дәстүрлі басқару жүйесі  толық  өзгертілді.

Хандық биліктің жойылуынан кейінгі кезең қазақ қоғамының жаңа тарихи жағдайға бейімделу дәуірі болды. Бір жағынан, Ресей империясының әкімшілік жүйесі толық орнығып, қазақ қоғамының саяси дербестігі әлсіреді. Екінші жағынан, білім беру жүйесі, мәдениет, медицина және қоғамдық институттар дамып, қазақ зиялыларының қалыптасуына жағдай жасалды. Бұл кезеңнің ерекшелігі – отарлық басқару жағдайында ұлттық ағартушылықтың қатар дамуы болды. Кейінгі Алаш  қозғалысының қалыптасуына негіз болған қазақ интеллигенциясының алғашқы буыны дәл осы Бөкей ордасында тәрбиеленді. Сондықтан XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Бөкей ордасының әлеуметтік және саяси дамуы Қазақстанның жаңа заман тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі  болып  саналады.

Зерттеу еңбекте Қазан төңкерісі және Азамат соғысы жылдарындағы (1917-1920 ж. ж.) Бөкей даласының саяси-әлеуметтік жағдайы кеңінен зерделенген. Кеңес өкіметінің орнауы, жаңа мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуы, Азамат соғысы жағдайындағы саяси күрес, қазақ ұлттық әскери бөлімдерінің құрылуы және халықтың әлеуметтік жағдайы ғылыми тұрғыдан сараланған. 1918 жылдың жазынан бастап Бөкей даласы Азамат соғысының негізгі майдандарының біріне айналғаны еңбекте толық ашылған. Осы жағдайда Кеңес басшылығы халықты қорғау мақсатында ұлттық әскери бөлімдер құруға кіріскен. 1918 жылы Мұхамедияр Тұнғашин басқарған Қазақ өлкелік әскери комиссариаты құрылып, қазақтың тұңғыш тұрақты атты әскер полктерін ұйымдастыру жұмыстары басталғаны, бұл істе Сейітқали Меңдешев, Сақыпкерей Жанболатов, Батырқайыр Ниязов, Мәжит Шомбалов, Ысқақ Берғалиев және басқа қазақ зиялылары белсенді қатысқаны жан-жақты талданған. Азамат соғысы жылдары халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауы, азық-түлік тапшылығы, аштық қаупі және оны шешу жолындағы әрекеттер де толықтай көрсетілген. Сол кезеңде қазақ зиялыларының мемлекеттік басқару, әскери, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы, ұлттық кадрлардың қалыптасуы да тыңғылықты баяндалады. 1917-1920 жылдар Бөкей даласының кеңестік қоғамдық-саяси жүйеге өтуіндегі шешуші тарихи кезең  ретінде  бағаланған.

Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Бөкей ордасының қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайы, майданға жұмылдыру, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі, Сталинград шайқасы кезіндегі Бөкей даласының стратегиялық маңызы, жау авиациясының шабуылдары және жергілікті халықтың Жеңіске қосқан үлесі ғылыми тұрғыдан талданған. 1941 жылдың 23 маусымында өткен митингілерде тұрғындар майданға өз еркімен аттануға дайын екендерін білдірді. Зерттеу еңбектегі мәліметтерге сүйенсек: «Соғыстың алғашқы алты айының өзінде Орда ауданынан 1413 адам Қызыл әскер қатарына шақырылды.

Кейін соғыс жылдарында аудандық әскери комиссариат арқылы барлығы 4613 адам майданға аттанған екен».

Тылдағы колхозшылар бәрі де майдан үшін деп ерен еңбек етті. «Сталинград майданы жауынгерлерінің ерен ерліктеріне риза болған аудан колхозшылары оларға сыйлыққа 280 пұт ет, 22 пұт май,  220 пұт астық, 245 дана құс жіберді».

ІІ тарауда Нарын өңірінде жүргізілген ядролық және зымыран сынақтарының ұзақ мерзімді әлеуметтік, экологиялық және демографиялық зардаптары қарастырылған. Архивтік құжаттар, ресми комиссиялардың қорытындылары және полигон қасіретін өз көзімен көрген куәгерлердің хаттары негізінде әскери сынақтардың адам денсаулығына, табиғатқа, шаруашылыққа және халықтың тарихи санасына тигізген әсері ғылыми тұрғыдан сараланған.

ІІІ тарауда ядролық қарудың шығу тарихы мен зардаптары зерделенген. Кеңес одағының ядролық бағдарламасын, ядролық сынақтардың әлемдік ауқымы тереңнен қарастырылған. Қазақстан Кеңес одағы кезеңінде ядролық сынақтардың негізгі орталықтарының біріне айналды. Ел аумағында Семей ядролық полигонымен қатар Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған және басқа да әскери полигондар жұмыс істеді. Жалпы Кеңес одағында жүргізілген 715 ядролық жарылыстың 498-і Қазақстан аумағында өткізілді. Оның ішінде Семей полигонында ғана 450-ге жуық ядролық сынақ  жүзеге  асырылды.

1980 жылдардың соңында әлемде ядролық сынақтарға қарсы қоғамдық қозғалыстар күшейді. Дегенмен ядролық қару әлемдегі әскери қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі болып отыр. Сондықтан ядролық қарусыздану мәселесі халықаралық саясаттың негізгі бағыттарының  бірі  болып  саналады.

ІV тарауда ядролық қаруды сынауды тоқтату жолындағы күрескерлер туралы жан-жақты мәліметтер беріліп, олардың қайраткерлік жолдары жақсы көрсетілген. Кешірімхан Бозтаевтың өмір жолы, оның Семей ядролық сынақ полигонын жабу жолындағы тарихи қызметі және ядролық сынақтардан зардап шеккен халықтың құқығын қорғаудағы күресі ғылыми тұрғыдан қарастырылып, еліміздегі антиядролық қозғалысқа қосқан үлесі  сараланған.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан аумағында жүргізілген ядролық сынақтар миллиондаған адамның денсаулығына, табиғи ортаға және елдің әлеуметтік дамуына орны толмас зиян келтірді. Бұл жағдай қоғамда ядролық қаруға қарсы азаматтық қозғалыстың қалыптасуына негіз болды. Сол қозғалыстың көшбасшыларының бірі әрі халықаралық деңгейге көтерген тұлға – ақын, қоғам қайраткері және дипломат Олжас Сүлейменов еді. Оның бастамасымен құрылған «Невада – Семей» қозғалысы Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең ірі антиядролық қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. Еңбекте қайраткер ақынның қоғамдық-саяси қызметіне ғылыми  баға  берілген.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» дегендей, еңбекте өз өлкемізден шыққан қоғам қайраткерлері де назардан тыс қалмаған. Жерлесіміз, табиғат жанашыры және әскери полигондарға қарсы күрескер Энгельс Ғаббасовтың қоғамдық саяси портреті жан-жақты ашылған. Ол еліміздегі әскери полигондардың ұзақ жыл бойы қоршаған ортаға келтірген зиянын ашық айтып, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтерді. 2010 жылы 1 қыркүйекте ел Президенті Н. Назарбаевқа Батыс Қазақстан жерінде орналасқан Капустин Яр полигонын жабу жөнінде хат жолдады. Оның  пікірінше, әскери полигондар халықтың денсаулығына ғана емес, табиғи экожүйеге, ауыл шаруашылығына және елдің болашағына да қауіп төндірді. Ол: «Мен туған жерімнің табиғатын және туған халқымның денсаулығын қорғаудамын. Бұл – менің мақтаныш сезімім» деген ұстанымды өмір бойы сақтады.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты, «Нарын» қоғамдық бірлестінің басшысы Кәкен Көбейсіновтің күрескерлік өмір жолы да жақсы ашылған. 1992 жылы Батыс Қазақстан облысының басшылығы әскери полигондардың табиғат пен халық денсаулығына тигізген әсерін жан-жақты зерттеу қажеттігін көтерді. Осы бастаманың нәтижесінде 1992 жылғы 28 қыркүйекте «Нарын» қоғамдық қозғалысы құрылып, оның төрағасы болып Кәкен Көбейсінов сайланды. Қозғалыстың негізгі мақсаты Капустин Яр, Азғыр және Тайсойған полигондарының зардаптарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу, халықтың әлеуметтік құқықтарын қорғау, өңірді экологиялық апат аймағы ретінде тану және мемлекет тарапынан өтемақы, медициналық көмек көрсету мәселелерін шешу болды. Еңбекте «Нарын» қоғамдық қозғалысының Қазақстандағы экологиялық азаматтық  қоғамның қалыптасуына елеулі үлес қосқаны дәлелденген. Әскери полигондар мәселесін жергілікті деңгейден республикалық деңгейге көтеріп, ғылыми зерттеулердің жүргізілуіне, мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануына және әлеуметтік қорғау жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен «Нарын» қозғалысының тарихтағы  орны  зор.

Бөкей ордасының тарихы – қазақ халқының мемлекеттілігі, ағартушылығы, ұлтазаттық  күресі және ұлттық  жаңғыру тарихының ажырамас бөлігі. Сонымен бірге бұл өңір кеңестік әскери саясаттың ең ауыр зардаптарын бастан өткерген тарихи аймақтардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Бөкей ордасының тарихи тәжірибесінен қандай сабақ аламыз? деген сұраққа осы іргелі зерттеуден жауап табамыз. Біріншіден, ұлттық мемлекеттілікті нығайтуда тарихи мұраны сақтау мен ғылыми тұрғыдан бағалау ерекше маңызды. Екіншіден, табиғат пен адам денсаулығына қауіп төндіретін әскери сынақтардың зардаптарын толық жою мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті болып қала береді. Үшіншіден, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру зардап шеккен халықтың әлеуметтік қорғалуымен, ғылыми зерттеулердің жалғасуымен және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Сондықтан Бөкей ордасының тарихын зерттеу өткенді танудың ғана емес, Қазақстанның саяси-экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды ғылыми бағыттарының бірі болып табылады.

Өз еліңнің тарихын білмесең, өзіңді де толық таныдым деп айта алмайсың. Сондықтан профессор Т. Рысбековтің «Қасиетті де қасіретті Бөкей ордасы» атты көлемді зерттеу еңбегі – өлке тарихы ғана емес, тұтас Қазақ тарихының өзекті мәселесін зерделеген іргелі және өміршең еңбек.

Мұрат Сабыр,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале