29.11.2018, 12:39
Оқылды: 53

Қасиетті жұманы қара жұмаға айналдырмайық!

Осы күні фейсбук, инстаграмм, вконтакте сынды әлеуметтік желілерде жарнамадан «аяқ алып жүру» мүмкін болмай кетті. Дос-жаранның жағдайын сұрамақ ниетпен немесе жұмыс бабымен әлеуметтік желіге енсеңіз болды, алдыңыздан жарнаманың түр-түрі алақайлап атып шығады. Арықтауға арналған дәрі-дәрмек пен пайдалы тағамның сан алуаны, шаш пен бет, қас пен тырнақ күтімі, киім-кешек пен тұрмыстық бұйымның мол таңдауы көз сүріндіреді. Алғашында бұл жағдайға жатырқай әрі жақтырмай қарағанмен, «заманың түлкі болса, тазы боп шалдың» кебін киген ғаламтор алыпсатарларына да біртіндеп етіміз үйрене бастады.

46366858_1017135375113714_6642491676752844910_n

«Көргенім бір тоғыз, көрмегенім тоқсан тоғыз» дегендей, соңғы уақытта сауда орындарында «қара жұма» деген атаумен жеңілдік апталығын өткізу сәнге айналды. Бұрын жарнама мәтініндегі орфографиялық қателіктерге жанымыз ауырып, жүрегіміз сыздаушы еді. Ағылшын тіліндегі «Black Friday» терминін еліміздегі тілмашсымақтардың «қара жұма» деп сөзбе-сөз аударып, сақау аударманы өзгелердің іліп әкетіп, қолдана бастағаны тіпті жағамызды ұстатты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, жақында дүкеннің кіреберісінде ілініп тұрған «бізде қаралы жұма» деген жазуды көргенде, төбе шашым тік тұрды. Өкінішке орай, бұл сөздің құлаққа түрпідей тиетін, тіпті естіген жанның зәре-құтын қашыратын астарына үңіліп, оның сөздік қорымызға еніп кетпеуі үшін шырылдап жүрген тіл мамандары мен теолог мамандар жоқтың қасы.

Біле білсек, күллі мұсылман үшін жұма – күндердің ең ұлығы. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды. Адамзат тарихындағы ұлық әрі маңызды оқиғалар жұма күндері болған. Бұл туралы хадисте «Күн шыққан күндердің ең жақсысы жұма болып табылады, өйткені осы күні Адам жаратылған, осы күні ол Жұмаққа кіргізіліп әрі осы күні Жұмақтан шығарылған» деп жазылған.

Уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметіне сүйенсек, Америкада рождество мейрамы алдында дүкен сөрелеріндегі тауарды жаппай жеңілдікпен сату дәстүрі сонау ХІХ ғасырда пайда болған. Қазіргі кезде кең тарап кеткен жеңілдікпен сату немесе жаппай сатылым әдісін ең алғашқы болып ойлап тапқан саудагердің есімі Фрэнк Вулворт екен. Пенсильвания штатының Ланкастер қалашығындағы шағын дүкенге сатушы болып орналасқан Вулворт саудасы жүрмей, әбден тығырыққа тіреледі. Күндердің күнінде дүкен қожайынының сапарға кеткен сәтін пайдаланып, сөредегі барлық тауарды 5 центке бағалап, аз уақыттың ішінде түгелдей сатып жібереді. Кейін осы коммерциялық тәсілдің арқасында мол пайдаға кенеліп, заманауи супермаркеттер мен дискаунтерлердің «арғы атасы» болып табылатын «Woolworth» бөлшек сауда желісін құрады.

Ал «Black Friday» термині ең алғаш 1966 жылы АҚШ-та пайда болып, кейін бүкіл әлемге тараған. Америкада қараша айының төртінші бейсенбісін алғыс айту күні ретінде атап өту дәстүрі қалыптасқан. Алғыс айту күнінің ертеңіне, яғни жұмада елдегі ең танымал дүкендер таңғы сағат бестен бастап қызметіне кірісіп, тауарларды 50, 70, тіпті 90 пайыз жеңілдікпен ұсынады. Аталмыш жеңілдік науқанын жыл бойы тағатсыздана күтетін американдықтар ұзын-сонар кезекке тұрып, арзан бағамен сауда жасауға асығады.

Әзірге бізде қараша айының соңындағы жеңілдіктер апталығы шет мемлекеттердегідей жаппай сипат ала қойған жоқ. Есесіне жарнамасы «жайнап» тұр. «Қара жұмада» жеңілдік ұсынушы бірнеше сатушымен тілдескенімде, «Black Friday» – «Черная пятница» терминінің қазақ тіліндегі баламасын білмейтінін, есесіне «қара жұма» сөз тіркесінің соңғы бірнеше жылдан бері ірілі-ұсақты сауда орындарының жарнамасында кең қолданылып жүргенін алға тартты. Саудагердің түпкі мақсаты сауатты жазу емес, тауарын қайткенде де тұтынушыға өткізу екенін де бүгіп қалмады.

Таңсыққа тосырқай қараудан аулақпыз. Озық елдің оңды дәстүрін кәдемізге жарата алсақ, ұтылмасымыз анық. Дегенмен ағылшынның «Black Friday» терминін «қара жұма» деп сөзбе сөз аударып, жамандық шақырғаннан гөрі, қазақшалап, жұмадағы жеңілдік немесе жеңілдік апталығы деп қолдансақ, қасиетті жұманың қадір-қасиетін айшықтап қана қоймай, жұма күні жақсылық жасауға үндер едік. Бұған сіздің не алып-қосарыңыз бар, оқырман?!

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале